Өзге ғаламшар ма дерсің: Қазақстандағы ерекше мекендер

Өзге ғаламшар ма дерсің: Қазақстандағы ерекше мекендер

Мадина Асылбекова
Фото: AI көмегімен өңделді

Қазақстанның табиғаты алуан түрлі. Бір өңірінде көк тіреген асқар таулар мен мөп-мөлдір көлдер көз тартса, енді бірінде ұшы-қиырына көз жетпейтін дала, қызыл жартастар мен құмды шөлдер созылып жатыр. Тіпті өзге ғаламшардың көрінісіндей әсер қалдыратын тылсым мекендер де бар.

Табиғаты таңғалдыратын елдерді сөз еткенде, көбіне Исландия, Жаңа Зеландия немесе Швейцария аталады. Алайда мұндай көркем көріністерді Қазақстаннан да табуға болады. Орталық Азиядағы аумағы ең үлкен мемлекетте туристер әлі көп біле бермейтін талай ғажайып мекен бар. Олардың әрқайсысы өзіндік табиғатымен, тарихымен және аңызымен ерекшеленеді.

 

 Қайыңды көлі – су астында қалған орман

Алматы облысындағы Қайыңды көлі – Қазақстандағы ең танымал табиғи көрікті жерлердің бірі. Көл 1911 жылғы күшті жер сілкінісінен кейін пайда болған. Таудағы шатқалды су басып, қылқан жапырақты орманның бір бөлігі көл астында қалған. Содан бері судың бетінен қылқиып шыққан шыршалардың қураған діңдері бұл жерге ерекше сипат беріп келеді.

El.kz архиві

Мөлдір көгілдір судың ортасынан бой көтерген ағаш діңдері алыстан қарағанда көл үстінде қалқып тұрған орманды елестетеді. Осындай өзгеше көрінісі үшін Қайыңдыны әлемдегі ең ерекше көлдердің бірі деп атайды.

Көлге таңертең ерте барған жөн. Бұл уақытта су беті тынышталып, айналадағы тау сілемдері көлге айнадай түседі.

Көлсай көлдері – Тянь-Шаньның інжу-маржаны

Қайыңдыдан алыс емес жерде Көлсай көлдері орналасқан. Қылқан жапырақты орманмен көмкерілген, көгілдір суы мен асқар таулары үйлескен бұл мекен табиғат аясында тынығуды қалайтын жандарға таптырмас орын.

qazaqgeography.kz

Көл жағасында серуендеуге, тау соқпақтарымен жүруге, атпен қыдыруға немесе жай ғана табиғаттың тыныштығын тамашалауға болады. Мұндағы көріністер кейде Швейцарияның әйгілі тау пейзаждарын еске түсіреді. Бірақ Көлсайдың өзіне ғана тән табиғи келбеті бар.

Шарын шатқалы – табиғаттың тасқа қашалған туындысы

Шарын шатқалы – миллиондаған жыл бойы жел мен судың әсерінен қалыптасқан табиғи ғажайып. Қызыл құмтас жыныстарынан түзілген алып жартастардың пішіні сан алуан. Бірі мұнараға, енді бірі қамалға ұқсайды.

El.kz архиві

Шатқалдың ең танымал бөлігі – «Қамалдар аңғары». Мұндағы алып тас мүсіндер алыстан қарағанда ежелгі бекіністерді елестетеді. Күн батар шақта қызыл жартастардың түсі қоюланып, айнала ерекше реңкке бөленеді. Сондықтан бұл уақыт табиғат көрінісін тамашалап, суретке түсіруге өте қолайлы.

Үлкен Алматы көлі – таудағы көгілдір айна

Алматы қаласынан шамамен жарты сағаттық жерде орналасқан Үлкен Алматы көлі биік тау шыңдарының ортасында жатыр. Көл суының түсі жыл мезгіліне қарай өзгеріп отырады: бірде ашық көгілдір, бірде зүбәржат түстес жасыл, енді бірде қанық көк реңкке енеді.

Көлді жан-жағынан қоршаған асқар таулар мен мөлдір су ерекше үйлесім тапқан. Мұндағы табиғат көрінісінің әсемдігі соншалық, суретке қосымша өңдеу жасаудың өзі артық сияқты. Қалаға жақын орналасуы да бұл мекенді саяхатшылар жиі баратын орындардың біріне айналдырған.

«Алтын-Емел» ұлттық паркі – табиғат бояулары тоғысқан өлке

«Алтын-Емел» ұлттық паркі – табиғаты сан алуан, аумағы кең қорғалатын мекен. Мұнда ақ, қызыл және қызғылт сары түсті борлы тауларды, шексіз даланы, көкжиекпен астасқан құмды шағылдарды кездестіруге болады.

Парктің кейбір бөліктеріндегі табиғат көрінісі өзге ғаламшарға тап болғандай әсер қалдырады. Түрлі түсті жоталар мен құмды алқаптар, кең жазықтар бұл жерді табиғат фотографтары мен жабайы табиғатты сүйетін саяхатшылар үшін ерекше тартымды етеді.

Әнші құм – желмен үндескен құм

«Алтынемел» ұлттық паркінің тағы бір таңғажайып нысаны – Әнші құм. Оның ерекшелігі – белгілі бір жағдайда құмның дыбыс шығаруы. Жел соққанда немесе адам құм төбенің баурайымен жүргенде, құм түйіршіктері бір-біріне үйкеліп, гуілге ұқсас үн пайда болады. Кейде бұл дыбыс әуенге немесе көне музыкалық аспаптың үніне ұқсап кетеді.

Алайда Әнші құм күн сайын «ән» салмайды. Оның үнін есту үшін табиғи жағдай қолайлы болуы керек. Сондықтан құмның сырлы сазына куә болу – әр саяхатшыға бұйыра бермейтін ерекше әсер.

Хан Тәңірі шыңы – аспан әміршісі

Хан Тәңірі – Тянь-Шаньдағы ең әйгілі шыңдардың бірі әрі Қазақстанның ең биік нүктесі. Оның биіктігі мұз жамылғысымен бірге 7010 метрге жетеді. Қазақстан, Қырғызстан және Қытай шекаралары түйісетін тұста орналасқан бұл тау мәрмәр түстес ұшар басымен ерекшеленеді.

«Хан Тәңірі» атауы көне түркі тілінде «Аспан әміршісі» деген мағынаны білдіреді. Мыңдаған жыл бойы қасиетті саналған шың туралы халық арасында талай аңыз тараған. Бүгінде ол әлемнің түкпір-түкпірінен келетін альпинистердің арманына айналған.

Әрине, Хан Тәңірінің басына шығу кез келген адамның қолынан келе бермейді. Дегенмен тау етегіндегі көркем аңғарларды аралап, айналадағы көлдер мен өзендерді тамашалаудың өзі бір ғанибет.

 Үңгіртас – «Жер кіндігі» атанған мекен

Алматыдан шамамен 100 шақырым жерде орналасқан Үңгіртас жұрт арасында «Жер кіндігі» деген атаумен белгілі. Бұл жердің тылсым күшіне сенетіндер де аз емес. Кейбір шамандар үңгірлерде өзге әлемге апаратын қақпа бар деп есептейді. Ал парапсихологтар мен эзотерикаға қызығатындар мұндағы ерекше сәулелену адамның биокеңістігіне оң әсер етіп, оны тазартады деп санайды.

Осы сенімге байланысты Үңгіртасқа Қазақстаннан ғана емес, шетелден де адамдар келеді. Олар мұнда тән мен жанға шипа іздейді. Дегенмен бұл қасиеттер ғылыми тұрғыдан дәлелденген дерек емес, халық арасындағы наным-сенімге жатады.

Жергілікті аңыздардың бірінде Үңгіртаста соңғы айдаһар өлгені айтылады. Ал тау баурайынан шығып тұрған үлкен тас тақта сол айдаһардың тасқа айналған қанаты-мыс. Оның астына қойылған тіреулер тасты ұстап тұру үшін емес, қауіпсіздік мақсатында орнатылған деседі.

Ақмешіт және Шақпақ ата жерасты мешіттері – тасқа қашалған тарих

Қазақстанның оңтүстігі мен батысында табиғи ерекшелігімен ғана емес, тарихи және рухани мәнімен де танылған жерасты ғибадат орындары бар. Солардың бірі – Түркістан өңіріндегі Ақмешіт үңгірі.

Ақмешіт / El.kz архиві

Қаратау жотасының оңтүстік-шығыс беткейіндегі әктасты жыныстардан түзілген үңгірдің ұзындығы шамамен 150 метр, ені 65 метр, биіктігі 30 метрге жуық. Ішіне кіргенде кең залдың төбесінен қараған шаңыраққа ұқсас көрініс байқалады. Үңгірдің айналасында бірнеше шақырым бойы ағаш кездеспегенімен, оның іші жасыл желекке толы шағын оазиске ұқсайды.

Ақмешіт үңгірі туралы халық арасында түрлі аңыз бар. Соның бірі мұнда айдаһар мекендеген деген әңгімемен байланысты. Сондықтан бұл мекенге келген адамды табиғи көрінісімен қатар, тылсым тарихы да қызықтырады.

Маңғыстаудағы Шақпақ ата жерасты мешіті де ерекше сәулет ескерткіштерінің бірі. Ақтаудан шамамен 140 шақырым жерде орналасқан бұл ғибадат орны тұтас борлы жартас ішінен қашалып жасалған. Аңыз бойынша, Шақпақ ата атанған Шахмардан Шопан атаның немересі болған. Ол тырнағын тасқа ұрғанда от шығара алатын қасиетке ие екен.

Мешіттің іші аппақ қабырғаларымен, айқыш пішінді залдарымен және қабырғаға қашалған көне суреттерімен ерекшеленеді. Мұнда жылқы бейнелері, адам алақандары мен сопылық өлеңдердің іздері сақталған.

 Маңғыстаудың өзге ғажайыптары: Қарынжарық, Бозжыра және Торыш

Маңғыстау – Қазақстанның табиғаты ең ерекше өңірлерінің бірі. Мұнда ақ борлы жартастар, терең ойпаттар, алып тас мүсіндер мен шөл даланың қайталанбас көріністері қатар кездеседі. Солардың ішіндегі ең танымал мекендердің қатарында Қарынжарық ойпаты, Бозжыра шатқалы және Торыш аңғары бар.

Қарынжарық ойпаты – Үстірттің табиғи жауһары

Қарынжарық ойпаты Маңғыстау облысының оңтүстік-шығысында, «Үстірт» мемлекеттік табиғи қорығының аумағында орналасқан. Батыстан шығысқа қарай шамамен 85 шақырымға созылатын бұл алқаптың табиғаты ерекше. Ойпаттың бір шетінде Мұзбел жоны жатса, екінші жағында кең шөл алқабы созылып жатыр.

Ойпаттың солтүстігінде теңіз деңгейінен 210 метр биіктікке көтерілетін, ұзындығы 17 шақырым Қарамая тауы бар. Геологтар дерегінше, ол шамамен 70 миллион жыл бұрын болған күшті жанартау атқылауының нәтижесінде пайда болған.

Үстірттің оңтүстік-батыс бөлігінде өңірдегі ең ірі сорлардың бірі – Кендірлі орналасқан. Оған Өнере жұрнақ тауларынан бастау алатын Өнере бұлағы құяды. Бұл маңдағы бес жұрнақ таудың ішіндегі қатар тұрған үшеуі ерекше көзге түседі. Жергілікті жұрт оларды «Үш ағайынды» деп атайды.

Қарынжарық – сирек кездесетін жануарлар мен құстар мекені. Мұнда қоқиқаз, құзғын, жыланшы қыран, ителгі, лашын, бүркіт, үкі, дала бүркіті, қарабай және қарабауыр бұлдырық сияқты құстарды кездестіруге болады. Сондай-ақ қарақұлақ, қарақұйрық, шағыл мысығы, сабаншы мен балжегіш те осы өңірді мекендейді. Ал сәті түссе, Үстірттің кең даласында еркін жайылып жүрген арқарларды көруге болады.

Бозжыра – ақ жартастар өлкесі

Бозжыра – Маңғыстаудың ең танымал табиғи көрікті жерлерінің бірі. Ол Үстірттің батыс жиегінен шығысқа қарай орналасқан. Ақтау қаласынан шамамен 100 шақырым жерде жатқан бұл мекенге жету үшін біраз жол жүруге тура келеді.

Бозжыраның басты ерекшелігі – ақ борлы жартастары мен ерекше пішінді тау сілемдері. Алып шатқалдың түбінде созылып жатқан шоқылар мен мұнараға ұқсас жартастар табиғаттың қиялынан туған мүсіндердей әсер қалдырады. Үш жағынан табиғи амфитеатр тәрізді жартастар қоршаған алқаптың көрінісі таңдай қақтырмай қоймайды.

Бозжыраның ең танымал нышаны – «Азулы тістер» аталып кеткен екі ақ борлы шың. Бұдан бөлек, мұнда Үшкір таудың оңтүстіктегі жартастары, Борлы тау, Шоқы тау және Үлкен кеме сияқты табиғи нысандар бар. Ортаңғы үстіртте Бозжыра шатқалы орналасса, жоғары бөлігіндегі Үлкен кеме тауының маңынан кең алқапты тамашалауға болады. Ойнақ алаңқайы да шатқалдың көркем көрінісін тамашалауға қолайлы орындардың бірі.

Бозжыраның аумағы үлкен болғандықтан, оның барлық көрікті жерін аралап шығуға бір күн жеткіліксіз. Мұнда келген саяхатшыны ақ жартастар мен шексіз кеңістікке ұласқан ерекше табиғат көрінісі бірден баурап алады.

Торыш – алып тас шарлар аңғары

Маңғыстаудағы тағы бір таңғажайып мекен – Торыш. Халық арасында «Шарлар алқабы» аталып кеткен бұл жерде диаметрі бір метрден үш метрге дейін жететін мыңдаған тас шар жатыр. Бір қарағанда, оларды әлдебір алыптар ойынға арнап домалатып қойғандай көрінеді.

Торыш / mirtayn.ru

Алайда бұл шарлар адамның қолымен жасалмаған. Ғалымдардың түсіндіруінше, олар – миллиондаған жыл ішінде табиғи жолмен қалыптасқан конкрециялар. Яғни судағы минералды заттар белгілі бір денелердің айналасына біртіндеп жиналып, қатты тасқа айналған. Мұндай денелердің рөлін кезінде акула тістері, ұлулардың бақалшақтары, тастар мен өсімдік қалдықтары атқарған болуы мүмкін.

Уақыт өте келе ежелгі Тетис мұхитының түбі көтеріліп, жұмсақ жыныстар жел мен судың әсерінен мүжілген. Соның нәтижесінде жер астында жатқан алып тас шарлар жер бетіне шыққан. Ғалымдар болжамынша, Торыштағы конкрециялардың жасы 40-60 миллион жыл аралығында.

Мұндай тас шарлар әлемнің басқа жерлерінде де кездеседі. Мәселен, Жаңа Зеландиядағы Моераки тастары, Ресейдің Франц-Иосиф жері архипелагындағы Чамп аралы және АҚШ-тың Калифорния штатындағы «Боулинг шарлары жағажайы» осыған ұқсас табиғи құбылыстарымен белгілі. Дегенмен алып тас шарлардың ең үлкен шоғырларының бірі дәл Маңғыстауда орналасқан.

Қазақстанның табиғаты бір ғана сапармен танып бітіруге келмейтіндей бай. Бір жерде су астында қалған орманды көрсеңіз, енді бір жерде желмен ән салған құмды, миллиондаған жыл бойы қалыптасқан тас шарларды немесе ақ борлы жартастарды тамашалайсыз. Әр өңірдің өзіне тән бояуы, өз тарихы мен аңызы бар. Ендеше, алыс елдердің ғажайыптарын тамашалауға асықпас бұрын, өз еліміздегі осындай ерекше мекендерді аралап көруге де уақыт бөлген жөн.

Оқи отырыңыз

{