Отырар қаласының орнынан табылған мұралар

5 Шілде 2023, 09:30 1494

Астанадағы Ұлттық музейде «Отырар» мемлекеттік археологиялық музей-қорығының «Ұлы Жібек жолы және Отырар алқабының қалалық мәдениеті» тақырыбында көрмесі ашылды. Тарихи маңызы зор көрмені Астана жұртшылығымен бірге шетелдік қонақтар да тамашалады.

Ежелгі Отырар – өркениеттер тарихына өз ізін қалтырған, тамыры тереңнен бастау алатын шаһар. Ұлы Жібек жолының күретамырына айналған қала. Сонымен қатар Үнді, Қытай, Византия секілді мемлекеттермен үнемі ғылыми, мәдени, экономикалық, дипломатиялық байланыстарда болып, қалаларында ғылым мен мәдениет, сауда, өндіріс, далаларында егін, мал шаруашылығы қатар дамыған аймақ.

Отырар қаласының көркейген, гүлденген тұсында аты күллі әлемге машһүр болды. Отырардан шыққан сауда керуендері төркіл дүниеге тарап жатты. Білім-ғылымның, жаңалықтың, мәдениеттің оршағы болған қала дүние өркениетін алға жетеледі. Отырарда ең үлкен кітапхана сақталды. Бірақ Отырардың бағы Жібек жолының кесілуімен тая бастады. Өзге елдер су жолы арқылы қарым-қатынас орнатып, Отырар сияқты ұлы құрлықтағы қалалардың тіршілік тамыры кесілді. Жүре келе бітпес жаукершілік замандар басталды. Осылайша қаншама ғасыр бойы жұлдызы жарқыраған қала бірте-бірте қирандыға айнала бастады.

Ежелгі қаладан сарқыт болып сақталып қалған жәдігерлер кімді болсын қызықтырары анық. Сондықтан да бұл көрменің мақсаты – Ұлы Жібек жолы торабындағы Қазақ өркениетінің алтын діңгегі, Отырар өңірінің ортағасырлық тарихын көпшілікке насихаттау.

Тарихи-тағылымды көрмеде Отырар даласында Ұлы Жібек жолы арқылы сауда қатынастарының дамуы және  Қарахан дәуірінен бастап, Қазақ хандығына дейінгі қалалық мәдениеттің өркендеуі, сонымен қатар жазба мәдениетінің дамуынан хабар беретін  150-ден астам археологиялық жәдігерлер көпшілік назарына ұсынылып отыр.

Отырар қаласының тарихы тереңде жатыр. «Отырар» мемлекеттік археологиялық музей-қорығы 2023 жылы ұйымдастырып отырған көшпелі көрмені өңірлерге апарып көрсетеміз. Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің келісілген жоспарында бар. Маусым айында Семей қаласына апарып, жұртшылыққа таныстырдық. Шілдеде Астана күніне орай Ұлттық музейге алып келіп отырмыз. Біздің қорық-музейде 25 мыңға жуық жәдігер бар. Соның 200-дейін көшпелі көрмемен әкеліп жатырмыз. Отырар қаласында қазір қазба жұмыстарының арқасында көптеген жәдігерлер табылып жатыр. XII-XIII ғасырларға тән моншалар, жұма мешіті болған. 2020-2022 жылдар аралығында Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен ішінарар қалпына келтіру жұмыстары жүргізілді. Соның арқасында 20-ға жуық нысан ашылды. Оның ішінде тұрғын үйлер, шеберхана, орталық базар, Бердібек сарайы, т.б нысандар бар. Бұл көрме ары қарай жалғасын табады. Бір ай тұрғаннан кейін біздің көшпелі көрме Қарағанды қаласына барады. Қыркүйек айында Өзбекстанның Самарқанд қаласында көрсетеміз. Жыл сайын бұл көрме өз жалғасын табады, - деді «Отырар» мемлекеттік археологиялық музей-қорығының директоры Жангелді Меңлібайұлы.  

Отырар ескерткіштерін, соның ішінде, Отырар қалажұртын алғашқы зерттеу 1904 жылы А.Кларенің басшылығымен жүргізілген алғашқы ғылыми негіздегі қазба жұмыстарынан бастау алды. Революциядан кейінгі жаңа кезеңде (1947 жылы) Оңтүстік Қазақстанда орналасқан ескерткіштерді зерттеу басталды. Кең ауқымды зерттеулер 1971 жылы археолог, тарих ғылымдарының докторы Кемел Ақышевтың бастамасымен ҚазКСР Ғылым Академиясының Ш.Уалиханов атындағы Тарих, археология және этнография институтының Оңтүстік Қазақстан кешенді археологиялық экспедициясы жұмыстарымен басталды. Нәтижесінде Отырар Қазақстан мен Орта Азия аумағындағы ең көп зерттелген ортағасырлық қала болып табылды.

Зерттеулер нәтижесінде табылған жәдігерлер колллекциясы, соның ішінде қыш, шыны, керамика, қола, жезден жасалған  ыдыстар мен әшекей бұйымдар, алтын көмбелерден табылған теңгелер қаланың IX-XVIII ғасырлардағы өмірінен нақты мағлұмат береді.

Ғылымнұр Кәдірбай
Бөлісу: