Кеше, 12:09
Зендеяны стиль иконасына айналдырған адам: Лоу Роуч туралы не білеміз?Оралхан Бөкейдің «Тортай мінер ақ боз ат» әңгімесі – қазақ әдебиетіндегі ең мұңды туындылардың бірі. Көпшілік бұл шығарманы көркем қиял деп қабылдағанымен, әңгіменің түп-төркіні өмірде болған адамға негізделгені белгілі болды.
Журналист, блогер Марфуға Шапиян арнайы сапармен Оралхан Бөкейдің туған ауылы – Шыңғыстайға барып, жазушының кейіпкерлерін іздеп тапқанын желідегі парақшасында айтты.
Оралхан Бөкейдің туған ауылы Шыңғыстайға бұл жолы үлкен миссиямен келдім. Ол – Оралханның кейіпкерлерін іздеу, олармен тілдесу, кейінгі өмірлерінің қалай өрбігенін сұрау. Және таптым да. Басқа емес, кезінде өзім талай жылап оқыған Оралхан Бөкейдің «Тортай мінер ақ боз ат» атты әңгімесіндегі Тортайдың отбасын таптым. Мына фотодағы сол – Тортай, шын Тортай, – деп жазды журналист әлеуметтік желідегі парақшасында.
«Мен үшін де оқы...»
Журналистің жазуынша, Тортайдың жары Қамар әжейдің айтуынша, ол жетім өскен. Алматыға барып оқу оның қолы жетпеген арман болып қалған. Мектептегі білімін де жалғастыра алмай, ерте еңбекке араласып, фермада бұзау бағыпты. Бірақ кітапқа деген сүйіспеншілігін ешқашан жоғалтпаған.
Тортай өзіне ең қымбат кітабын Оралханға сыйлап тұрып:
«Мен үшін де оқы. Бәлкім, мен міне алмаған ақ боз атқа сен мінерсің», – дейді.
Ал өз тағдыры туралы:
Менің маңдайыма көк өгіз жазылған, – деп, орындалмай қалған арманын бір ауыз сөзбен жеткізеді.
Оралхан жазушы болды, Тортай ауылда қалды
Уақыт өте Оралхан Алматыға кетіп, қазақ әдебиетінің көрнекті қаламгеріне айналады. Ал Тортай ауылда қалып, қой бағады. Соған қарамастан досын ешқашан ұмытпайды.
Бірде Оралханның ауылға келгенін естігенде оған барып амандасып, қолтаңба алуды армандайды. Алайда малдың қамы жібермей, тағы да бара алмай қалады.
Кейін Оралхан Бөкей шығармасында Тортайдың үйіне кірмей кеткенін:
Тортайдан ұялдым, батылым бармады, бет-жүзім шыдамады, – деп жазады.
Автордың пікірінше, бұл – жазушының өмір бойы өкініш болып қалған сәттерінің бірі.
Тортайдың шын есімі – Нұртай
Марфуға Шапиянның зерттеуі барысында әңгіменің басты кейіпкері Тортайдың шын есімі Нұртай екені анықталған.
Журналистің байқауынша, Оралхан Бөкей өмірдегі адамдардың есімдерін көп өзгертпеген. Тіпті Тортай есімі Нұртайдың соғысқа кетіп, хабарсыз жоғалған ағасының аты болған.
Нұртай ата Қамар әжемен 1967 жылы шаңырақ көтеріп, бес ұл, екі қыз тәрбиелеген. Өмір бойы қой бағып, қарапайым тіршілік кешкен. Мінезі өте жұмсақ, кітапты ерекше жақсы көретін адам болған.
Қамар әжейдің айтуынша, кейде:
Малға қарамай, неге кітап оқи бересің? – деп әзілдеп ұрысатын.
Нұртай 1991 жылдың қаңтарында трактор апатынан небәрі 52 жасында дүниеден өткен.
«Мен жетпесем де, сен жетші...»
Қамар әжейдің айтуынша, Нұртай ата бала күнінде жазушы болуды армандағанымен, өмірдің ауыр тіршілігі бұл арманын кейін ұмыттырған.
Соған қарамастан ол Оралханның үлкен жазушы болғанына шын жүректен қуанған. Жазушы ауылға келген сайын досына арнайы соғып, сыйлық әкеліп тұрған екен.
Бұл оқиға Оралхан Бөкейдің шығармасындағы ең әсерлі ойды тағы бір мәрте дәлелдейді. Тортай өз арманына жете алмаса да, досының биікке көтерілгенін өз бақыты санаған.
«Мен жетпесем де, сен жетші. Маған болмаса да, саған болсыншы...»
Осы бір сөздер Тортайдың ғана емес, қазақ әдебиетіндегі ең кіршіксіз достықтың, ең таза пейілдің символына айналды.
Материал Марфуға Шапиянның әлеуметтік желідегі жазбасына негізделіп дайындалды.
Кеше, 12:09
Зендеяны стиль иконасына айналдырған адам: Лоу Роуч туралы не білеміз?14 Шілде, 17:41
ӘЧ-2026: қай құрама финалға жолдама алады?7 Шілде, 12:44
Шикі сүт ішеді, етті жақсы көреді: Норвегия қаһарманына айналған Эрлинг Холанн кім?7 Шілде, 10:00
Миллион жазылушы – дайын вице-президент? Қазақстан спортындағы жаңа тренд