«Оқушы болса болды, тегін жүреді» деген қате: автобуста айыппұл арқалап қалмаудың жолы

«Оқушы болса болды, тегін жүреді» деген қате: автобуста айыппұл арқалап қалмаудың жолы

Амангүл Тілейқызы
Фото: AI көмегімен жасалды

Астанада 7-18 жас аралығындағы оқушылар қоғамдық көлікте тегін жүре алады. Алайда «оқушы болса, автобусқа тегін мінеді» деген түсінік толық дұрыс емес. Жеңілдікті пайдалану үшін жол жүру құқығын растап, әр сапарды міндетті түрде тіркеу қажет.

Кімдер автобуспен тегін жүре алады?

Астанадағы білім беру ұйымдарында оқитын 7-18 жас аралығындағы оқушылар қалалық қоғамдық көлікте тегін жүруге құқылы. Бұл мүмкіндік елорда тасымалдаушылары қызмет көрсететін қала маңындағы бағыттарға да қолданылады.

Бірақ тегін жол жүру үшін оқушы мектеп көлік картасын пайдалануы және автобусқа мінген сайын оны валидаторға басуы қажет. Картаны валидаторға басқанда жолақы алынбайды – жүйеде 0 теңге ретінде тіркеледі. Егер оқушының мектеп картасы болмаса немесе ол тегін жүру құқығын растай алмаса, жол жүру жалпы тәртіппен төленеді.

Мектеп көлік картасын қалай алуға болады?

Картаны онлайн рәсімдеуге болады. Ол үшін Transcard.kz сайтындағы мектеп көлік картасына өтінім беру бөліміне кіріп, оқушы туралы мәліметтерді толтыру қажет.

Алғаш рет карта шығару құны – 1 200 теңге. Картаны жоғалтып немесе бүлдіріп, қайта шығарған жағдайда да 1 200 теңге төленеді. Өтінімге:

Фотода баланың жүзі анық көрініп, бас киім болмауы керек. Өтінімде оқушының аты-жөні, туған күні, білім беру ұйымының атауы, телефон нөмірі мен электрондық пошта да көрсетіледі.

Өтінімді өңдеу мерзімі 5 жұмыс күніне дейін созылуы мүмкін. Картаның дайын болғаны туралы хабарлама өтінімде көрсетілген электрондық поштаға жіберіледі.

Дайын картаны қайдан алады?

Мектеп және жеңілдік көлік карталарын CTS-тің jрталық кассасынан алуға болады.

Мекенжайы: Астана қаласы, Р. Қошқарбаев даңғылы, 50/1.
Жұмыс уақыты: дүйсенбі-сенбі, 09:00-18:00, түскі үзіліссіз.

Дайын мектеп картасы кәмелетке толған адамға жеке куәлігін көрсеткен жағдайда беріледі. Сонымен қатар Transcard сайтында бұрын тапсырыс берілген мектеп және жеңілдік карталарын TASTAMAT терминалдарына жеткізу қызметі көрсетілген. Мұндай жеткізудің құны – 500 теңге.

Физикалық карта міндетті ме?

Жоқ. Оқушылар үшін виртуалды мектеп тарифі де қарастырылған. Оны Avtobys мобильді қосымшасы арқылы рәсімдеуге болады. Виртуалды тарифті рәсімдеу тегін және Орталық кассаға барудың қажеті жоқ.

Оқушы автобусқа мінген кезде сапарын қосымша арқылы тіркейді. Валидация QR-код, Bluetooth немесе көлік нөмірін енгізу арқылы жасалады. Яғни ата-ана физикалық карта үшін 1 200 теңге төлегісі келмесе және оқушы смартфон қолданса, виртуалды нұсқаны қарастыруға болады.

Неге тегін жүрсе де картаны валидаторға басу керек?

Жолақы 0 теңге болғанымен, әр сапар міндетті түрде тіркелуі тиіс. CTS мәліметінше, валидация нақты маршруттағы жолаушылар ағынын анықтауға көмектеседі. Осы деректер арқылы белгілі бір бағытқа қосымша автобус шығару, қозғалыс кестесін өзгерту немесе жаңа маршрут енгізу қажеттілігі бағаланады.

Сонымен бірге қажет болған жағдайда баланың жүрген бағытын бақылауға мүмкіндік береді. Сондықтан оқушының «жол жүруім бәрібір тегін» деп картаны валидаторға баспай өтуі дұрыс емес.

Қазір Астанада қалалық автобуста қолма-қол ақшасыз төлем жасаған ересек жолаушы үшін бір сапардың құны – 110 теңге. Ал мектеп көлік картасымен оқушы үшін – 0 теңге. Мысалы бала мектепке автобуспен барып, автобуспен қайтсын. Күніне екі сапар жасайды. 22 оқу күні × 2 сапар × 110 теңге = 4 840 теңге. Демек, шартты түрде:

Бұл тек мектепке барып-қайтуды есептегендегі сома. Егер бала сабақтан кейін спорт секциясына, музыка немесе өнер мектебіне, қосымша сабақтарға автобуспен қатынаса, үнем көлемі бұдан да артады.

Мысалы күніне төрт рет автобус пайдаланатын оқушы бір айда 88 сапар жасайды. Қазіргі 110 теңгелік тарифпен есептегенде оның жол жүру құны 9 680 теңгеге жетер еді.

Мектеп картасының тағы қандай мүмкіндігі бар?

Мектеп көлік картасы тек автобусқа арналған құрал емес. Тиісті жүйе енгізілген білім беру ұйымдарында оны мектепке кіріп-шығуды тіркеу және асхана мен буфетте төлем жасау үшін де пайдалануға болады.

Бұл ретте жол жүру мен тамақтануға арналған қаражат бөлек есептеледі. Яғни асханадағы төлем оқушының қоғамдық көлікте тегін жүру мүмкіндігіне әсер етпейді.

Ал LRT-да оқушылар қалай жүреді?

LRT үшін оқушыларға жеке атаулы көлік картасы қарастырылған. Оны Астанадағы білім беру ұйымдарында оқитын 7-18 жас аралығындағы оқушылар рәсімдей алады. LRT оқушы картасын шығару құны да – 1 200 теңге.

Өтінім Transcard.kz арқылы онлайн беріледі. Жүйеге оқушының деректері енгізіліп, оқу орнынан анықтама, туу туралы куәлік және фотосурет жүктеледі.

Маңыздысы – LRT картасы автобус картасын алмастырмайды. Ол тек LRT-да жүруге арналған және қалалық немесе қала маңындағы автобус бағыттарында жарамсыз. Онлайн рәсімделген LRT мектеп картасы дайын болғаннан кейін SMS-хабарлама келеді. Оны CTS Орталық кассасынан алуға болады.

18 жасқа толғанда не болады?

Мектеп көлік картасының қолданылу мерзімі – бес жыл және ол алғашқы валидация жасалған күннен бастап есептеледі.

Алайда карта бес жылға берілді екен деп, оқушы 18 жастан кейін де тегін жүре алмайды. 18 жасқа толған соң мектеп картасы бойынша жеңілдік тоқтатылады. Картаның өзін тастау міндетті емес. Балансын толтырып, оны әрі қарай кәдімгі көлік картасы ретінде пайдалануға болады.

Осылайша Астанада оқушылар үшін қоғамдық көлікте тегін жүрудің екі ыңғайлы жолы бар: 1 200 теңгеге физикалық мектеп картасын рәсімдеу немесе смартфон арқылы тегін виртуалды мектеп тарифін пайдалану. Қай нұсқа таңдалса да, басты талап өзгермейді – әр сапар міндетті түрде валидациялануы тиіс.

Оқи отырыңыз

{