Білім

«Оқу дағдысы ген арқылы берілмейді»: Aqsham Talks-та қандай мәселелер көтерілді?

24.06.2026 17:13
Көктем Қарқын
Фото: Elorda Aqparat

Соңғы жылдары кітапқа құмар жастар көбейіп келеді. Олар әлем әдебиетімен қатар, қазақ әдебиетінің тарихы мен бүгінін де түгендеп үлгерді. Өзара түрлі челлендждер өткізіп, кітап клубтарын да ашып жүр. Дәл осындай зияткер жастардың басы бүгін бір ортада тоғысты. Нақтырақ айтсақ, Aqsham Talks зияткерлік алаңында, деп хабарлайды El.kz интернет порталы

Іс-шараға жиналған жастардың қарасы көп болды. Бұл жобаның қоғам үшін өзекті әрі қажетті бастама екенін аңғартты. Залда бос орын қалмай, кейбір қатысушылар спикерлердің сөзін түрегеп тұрып та тыңдады. Соған қарамастан, кездесудің соңына дейін аудиторияның қызығушылығы бәсеңдеген жоқ. Қатысушылар спикерлердің әрбір ойын мұқият тыңдап, талқыға белсенді араласты.

Фото:Elorda Aqparat

Мұның бір себебі – ұйымдастырушылардың спикерлер құрамын ерекше іріктеуі. Aqsham Talks алаңына кітап оқу мәдениетін насихаттап жүрген, өз саласында танылған мамандар шақырылды. Тіпті олардың арасында жоба үшін Алматыдан арнайы келген қонақтар да болды.

Жобаға Президент бастамасы негіз болған

Бұл шара БАҚ өкілдерінің кәсіби мерекесіне орай ұйымдастырылып отыр. Бүгіннен бастап біз Astana aqshamy газетінде жаңа Aqsham Talks атты айдар ашып жатырмыз. Зияткерлік алаң, бір жағынан сол айдардың таныстырылымы. Биыл Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанда кітап оқу мәдениетін дамыту мәселесіне ерекше назар аударды. Мемлекет басшысының бастамасына ақпараттық, мазмұндық тұрғыдан қандай үлес қоса аламыз деп ойланғанда, осы жоба туралы идея келді, – дейді «Elorda Aqparat» ЖШС директоры Олжас Сыдықбек.

Оның айтуынша, іс-шараның басты мақсаты – кітапсүйер қауымның, баспагерлер мен қаламгерлердің басын қосып, кітап оқу мәдениетін дамыту жолдарын талқылау. Осы орайда арнайы шақырылған 5 спикер қоғамдағы өзекті мәселелерге тоқталып, өз тәжірибесі мен пікірін ортаға салды.

Фото: Elorda Aqparat

Зерделі ұлт қалыптастыру жөніндегі талқы ары қарай газет бетінде тұрақты түрде жарияланып тұрады. Сондай-ақ зияткерлік алаңда айтылған әрбір пікір толық түсіріліп, Elordainfo сайтына, әлеуметтік желілерге және YouTube арнамызға жарияланады, – дейді Олжас Сыдықбек.

Aqsham Talks алаңында халықаралық құқық маманы Алмат Игенбаев, жасанды интеллект зерттеушісі Тимур Бектұр, филолог-зерттеуші Арын Құнанбайлы, педагог әрі тренер Ескенбір Бестай және сценарист, креативті продюсер Рамазан Фаилов сөз сөйлді. Спикерлер кітап оқу мәдениетінің қоғам дамуындағы рөлі, білімді тәжірибеге айналдыру жолдары, шығармашылық ойлау мен технология дәуіріндегі оқудың маңызы туралы ой бөлісіп, қатысушылардың сұрақтарына жауап берді.

«ХХІ ғасыр қазақ ұлтының ғасыры болады»

Зияткерлік алаңды сенатор Нұртөре Жүсіп ашып берді. Оның пікірінше, әрбір елді мекенде, әрбір ұжымда кітап оқуды насихаттау керек.

Қазақ тарихына көз жүгіртсек, өткен ғасырдың бәрі сұм соғысқа, ашаршылыққа, репрессияға толы болды. Ал ХХІ ғасыр соғыссыз, дүрбелеңсіз жақсы басталды. Жаңа ғасырдың келбетін қалыптастыратын, мәні мен мағынасын байытатын жастардың толқыны өсіп келе жатыр деп толық айтуға болады. Сондықтан ХХІ ғасыр қазақ ұлтының ғасыры болады деп сенемін, – дейді сенатор.

Фото: Elorda Aqparat

Соңғы жылдары әлемде ақпарат көлемі бұрын-соңды болмаған деңгейге жетті. Жасанды интеллект пен цифрлық технологиялар дамыған сайын адамдардың ақпаратты қабылдау тәсілі де өзгеріп келеді. Алайда қандай технология пайда болса да, кітаптың адам санасын қалыптастырудағы рөлі төмендеген жоқ. Керісінше, сарапшылар күрделі ойлау, талдау жасау және сыни көзқарас қалыптастыру үшін кітап оқудың маңызы артып отырғанын айтады.

«Жылдам оқу емес, терең оқу маңызды»

Осы мәселені талқылаған спикерлер кітап оқу мәдениетінің қоғам дамуындағы орны, жастардың оқу дағдысын қалыптастыру, оқылған ақпаратты тәжірибелік білімге айналдыру және шығармашылық ойлауды дамыту жолдары туралы пікір алмасты.

Aqsham Talks дегенді қазақтың тілімен «Ақшам талқысы» деп түйдім. Білім – терең құдық десек, талқы – соның шелегі. Соңғы кезде қоғамда жылдам оқу туралы курстар көбейіп, трендке айналды. Бірақ дамыған елдерде кітап баяу әрі терең оқылады. Бізде бұл дағды әлі жолға қойылған жоқ. Ары кетсе, филология факультетінде оқитындар ғана баяу оқу мен терең оқудың парқын түсінетін шығар, – дейді филолог-зерттеуші Арын Құнанбайлы.

Фото: Elorda Aqparat

Оның айтуынша, Ұлттық бірыңғай тестілеудегі әдебиет сұрақтарына қарасаңыз, «шығармадағы кейіпкердің аты кім?», «олар қай жерде кездесті?» деген сияқты сауалдармен жалғаса береді. Бірақ әдебиеттің мақсаты ол емес. Әдебиет адамды ойға жетелеуі керек.

Кітап оқитын бала мен оқымайтын баланың дамуы жер мен көктей. Мұны әлемдік зерттеулер де дәлелдеген. Ал кітап оқу дағдысы ген арқылы берілмейді. Зиялы, оқымысты отбасының баласы да кітапсүйер қауымның қатарынан табылмауы мүмкін. Сондықтан бала отыра бастаған кезден-ақ анасы оған кітап оқып беруі керек. Сәбидің ең көп ақпарат қабылдайтын кезеңі – 3 жасқа дейінгі уақыт, – дейді филолог-зерттеуші.

Айта кету керек, «Зерделі ұлт: оқу мәдениеті және ұлт болашағы» тақырыбында Aqsham Talks зияткерлік алаңын «Elorda Aqparat» медиасеріктестігі ұйымдастырды.

Бүгінде көптеген мемлекет кітап оқу мәдениетін ұлттық дамудың маңызды көрсеткіші ретінде қарастырады. Өйткені оқырман қоғам – ойлайтын қоғам. Ал ойлайтын қоғам ғана технологиялық өзгерістерге бейімделіп, бәсекеге қабілетті ұлт қалыптастыра алады.

 

Оқи отырыңыз