Opel Astra GSE Line нұсқасын таныстырды: дизайны жаңарып, техникасы стандарт болады

Opel Astra GSE Line нұсқасын таныстырды: дизайны жаңарып, техникасы стандарт болады

Аян Қайырбаев
Фото: Opel

Opel компаниясы жаңартылған Astra хэтчбегінің GSE Line деп аталатын жаңа нұсқасын таныстырды. Жаңа модельдің көпшілік алдындағы тұсаукесері келесі айда Парижде өтетін автосалонда ұйымдастырылады. Еуропадағы сатылымы 2027 жылдың көктеміне жоспарланған, ал бағасы кейінірек жарияланады.

Astra-ның жаңа нұсқасы

Opel Astra моделі алғаш рет 1991 жылы шығарылған. Осы уақыт ішінде автомобиль бірнеше буынды ауыстырды. Қазіргі алтыншы буын Astra L индексімен 2021 жылдың жазында таныстырылып, сол жылдың күзінде хэтчбек пен универсал өндірісі басталған.

2026 жылдың қаңтарында бес есікті модель жаңартудан өтті. Енді немістің Stellantis концерніне кіретін бренд қазіргі Astra үшін жаңа модификация дайындады. Astra GSE Line бұған дейінгі жаңаруға дейінгі модельде ұсынылған Astra GSe нұсқасының орнын басады.

Сыртқы дизайнында жаңа элементтер бар

Жаңа Astra GSE Line алдыңғы бөлігіндегі бірқатар ерекшеліктерімен көзге түседі. Атап айтқанда, бүйірлік ауа қабылдағыштардың орнына ірі қара түсті элементтер орнатылған. Оларда модель нұсқасының атауы жазылған. Ал алдыңғы бампердің төменгі бөлігіндегі орталық ауа қабылдағыштың астына шағын сплиттер қойылған.

GSE Line нұсқасына стандартты түрде 17 дюймдік жеңіл қорытпалы дөңгелектер ұсынылады. Қосымша ақыға 18 дюйм дискілерді таңдауға болады.

Салонында сары түсті акценттер бар

Astra GSE Line интерьерінде де бірқатар ерекшелік қарастырылған. Салонда ашық сары түсті сәндік элементтер көп кездеседі. Олар алдыңғы орындықтардың, есік карталарының және орталық қол тіреуішінің дизайнында қолданылған.

Үш спицалы руль дөңгелегіндегі тігістер де сары түспен орындалған. Рульде физикалық батырмалар сақталған, ал оның төменгі бөлігі тегістелген пішінде жасалған.

Сонымен қатар автомобиль алюминий педаль қаптамаларымен жабдықталады. Қосымша опция ретінде бас тірегі орындықтың өзіне кіріктірілген спорттық креслолар ұсынылады.

Техникасы әзірге толық ашылған жоқ

Интерьердің негізгі архитектурасы стандартты Astra-дан өзгермеген. Алдыңғы панельде екі 10 дюймдік экраннан тұратын иілген цифрлық панель орналасқан. Оның бірі аспаптар тақтасының қызметін атқарса, екіншісі мультимедиялық жүйенің сенсорлық дисплейі ретінде қолданылады.

Компания әзірге Astra GSE Line-ның техникалық сипаттамаларын толық жариялаған жоқ. Өндірушінің мәліметінше, жаңа нұсқа кәдімгі Astra үшін ұсынылатын стандартты күштік қондырғылардың барлық түрімен қолжетімді болады.

Бұдан бөлек, кейінірек Astra модельдеріне жаңа флагмандық күштік қондырғы ұсынылады. Оның әзірге белгілі болған басты көрсеткіші — ең жоғары қуаты 280 ат күші. Қалған техникалық сипаттамалары жыл соңына дейін жариялануы тиіс.

Сатылымы 2027 жылы басталады

Opel Astra GSE Line моделінің Еуропадағы сатылымы 2027 жылдың көктемінде басталады. Автокөліктің бағасы әзірге жарияланған жоқ.

Қазір Еуропадағы кәдімгі Opel Astra хэтчбегінің бастапқы бағасы 32 890 еуроны құрайды. Ал модельдің қазіргі ең қымбат нұсқасы 45 690 еуро тұрады.

Біз бұған дейін Volvo көліктерінің дизайнын өзгертіп, жаңа 13 модель шығаруды жоспарлағанын жазған едік.

Оқи отырыңыз

{