Volvo көліктерінің дизайнын өзгертіп, жаңа 13 модель шығармақ

Volvo көліктерінің дизайнын өзгертіп, жаңа 13 модель шығармақ
Фото: Volvo

Швециялық Volvo Cars компаниясы 2030 жылдың соңына дейін 13 жаңа модель шығаруды көздейтін жаңартылған даму стратегиясын таныстырды. Компания тарихындағы ең ауқымды жоспарлардың бірінде Батыс және Шығыс нарықтарына арналған автомобильдер бөлек бағытта дамытылмақ.

Батыс нарығында физикалық батырмалар қайта пайда болады

Volvo Cars – қытайлық Geely холдингіне тиесілі швед бренді. Жаңа стратегияға сәйкес, жоспарланған 13 модельдің жетеуі Еуропа мен АҚШ сияқты Батыс нарықтарына, ал алтауы Шығыс елдеріне, ең алдымен Қытайға бағытталады.

Компанияның жаңа стратегиясындағы назар аударарлық өзгерістердің бірі – автомобиль салонындағы басқару элементтеріне қатысты.

Volvo Cars-тың бас дизайнері Томас Ингенлаттың айтуынша, компания Батыс нарығына арналған модельдерде сенсорлық басқару элементтеріне тым көп мән берген. Енді жаңа автомобильдерде физикалық батырмалар мен бұрау тетіктері қайта қолданылмақ.

Бұл өзгеріс жүргізушінің көлік функцияларын басқаруын жеңілдетуге бағытталған. Сонымен бірге жаңа модельдердің дизайны Volvo-ның тарихи стилімен тығыз байланысты болады. Яғни компания заманауи технологияларды брендтің бұрынғы сәтті модельдеріне тән дизайн элементтерімен үйлестіруді жоспарлап отыр.

2027 жылы Volvo жаңа бағдарламалық концепт ұсынбақ. Ол Батыс нарығына арналған келешектегі модельдердің бағытын алдын ала көрсетуі тиіс.

Қытайға арналған көліктерде экрандар көбейеді

Батыс нарығына арналған автомобильдерде физикалық басқару элементтері көбейсе, Қытай және Азияның басқа нарықтарына арналған модельдерде керісінше экрандар мен цифрлық функциялардың үлесі арта түспек.

Компания бұл айырмашылықты әр нарықтағы тұтынушылардың талғамымен байланыстырады. Қытайлық сатып алушылар үлкен дисплейлерді, жергілікті бағдарламалық жасақтаманы және жүйелердің жиі жаңартылуын көбірек күтеді.

Шығыс нарығына арналған жаңа Volvo модельдері Geely холдингінің платформаларына негізделеді. Олардың электрондық жүйелерінде де холдингтің технологиялары пайдаланылмақ.

Электромобильдер мен жаңа буын гибридтері

Volvo Батыс нарығына арналған жаңа электромобильдерін өзінің SPA2 және SPA3 платформаларына негіздеуді жоспарлап отыр.

Сонымен қатар компания үшінші буындағы гибридтік модельдерді де шығармақ. Олар үлкен тартқыш батареямен және іштен жанатын қозғалтқышпен жабдықталады. Бұл қозғалтқыш негізінен аккумуляторды қуаттап, автомобильдің жүріс қашықтығын ұзартушы ретінде пайдаланылуы мүмкін.

Мұндай модельдердің АҚШ нарығында сұранысқа ие болуы күтіледі. Гибридтерді Volvo Cars-тың АҚШ-тың Оңтүстік Каролина штатындағы Риджвилл зауытында шығару мүмкіндігі қарастырылып отыр.

Компания презентациясында гибридтердің нақты платформасы әзірге көрсетілмеген. Ал бейресми ақпараттарға сәйкес, олардың негізінде SPA2 платформасының модификацияланған нұсқасы болуы ықтимал.

Volvo өндірісті қысқартпайды

Жаңа стратегияда өндірістік қуаттарды қысқарту жоспарланбаған. Оның орнына Volvo Cars Бельгияның Гент және Қытайдың Чэнду қалаларындағы зауыттарын келісімшарттық өндіріс форматына көшіруді қарастырып отыр.

Бұл кәсіпорындарда Geely холдингіне тиесілі басқа брендтердің автомобильдері, сондай-ақ холдингке қатысы жоқ компаниялардың модельдері де құрастырылуы мүмкін.

Қай модельдердің аталған зауыттарда өндірілетіні әзірге нақтыланбаған.

Компания табысты арттырмақ

Volvo Cars жаңа стратегиясында жаһандық сатылым немесе нақты пайда көлемі бойынша мақсаттарды жариялаған жоқ. Дегенмен компания операциялық маржаны 8 пайыздан жоғары деңгейге жеткізуді көздейді. Қазіргі көрсеткіш шамамен 1,1 пайызды құрайды.

Бұл мақсатқа өндіріс шығындарын азайту, ресурстарды үнемдейтін жаңа платформаларды енгізу, өндірістік процестерді оңтайландыру және Geely холдингімен синергияны күшейту арқылы қол жеткізу жоспарланып отыр. Сонымен қатар компания сату жүйесін жеңілдетуге ниетті.

Volvo Cars үшін бұл өзгерістер маңызды кезеңге тұспа-тұс келіп отыр. Компания 2025 жылды шығынмен аяқтап, автомобиль сатылымы 7 пайызға төмендеген. Бір жыл ішінде 710 042 көлік сатылған.

Жаңа стратегия арқылы Volvo нарықтағы өзгерістерге бейімделіп, бір мезгілде екі түрлі тұтынушылық сұранысқа жауап беруді көздейді: Батыста – қарапайым әрі физикалық басқару элементтері бар автомобильдерге, ал Шығыста – цифрлық технологиялар мен үлкен экрандарға басымдық беру.

Осылайша, Volvo-ның алдағы жылдардағы модельдік саясаты бір бренд аясында екі түрлі нарықтық бағытты қатар дамытуға негізделмек.

Оқи отырыңыз