Жаңалықтар

Онкоскринингтер кеңейтілді: Қазақстанда кімдер тегін тексеріле алады

10.06.2026 14:15
Ажар Лаубаева
Фото: жасанды интеллектпен жасалды

2025 жылдың шілде айынан бастап сүт безі обыры, жатыр мойны обыры және колоректалды қатерлі ісікке арналған скринингтер мемлекеттік бюджет есебінен қаржыландырылып келеді. Соның арқасында азаматтар міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне қатысу-қатыспауына қарамастан тегін тексеруден өте алады.

Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, 2025 жылдың қорытындысы бойынша сүт безі обырына арналған скринингпен қамту деңгейі 66,4%-ға, жатыр мойны обыры бойынша 71,4%-ға жеткен. Ал колоректалды қатерлі ісікке арналған скринингпен мақсатты топтың 98,5%-ы қамтылған.

326 мыңнан астам адам скринингтен өтті

Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметіне сәйкес, 2026 жылдың қаңтар-наурыз айлары аралығында ТМККК аясында 326 282 сақтандырылмаған азамат онкологиялық тексеруден өткен.

Олардың ішінде:

Сондай-ақ өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда халықты скринингпен қамту көрсеткіші де өскен. Сүт безі обыры бойынша қамту деңгейі 15,2%-дан 20,2%-ға, жатыр мойны обыры бойынша 11,6%-дан 23,9%-ға, ал колоректалды қатерлі ісік бойынша 17,8%-дан 22,8%-ға дейін артқан.

Ауруды ерте анықтау көрсеткіші артып келеді

Мамандардың айтуынша, онкологиялық аурулардың көпшілігі бастапқы кезеңде ешқандай белгі бермейді. Сондықтан скринингтер қатерлі ісікті ерте анықтаудың ең тиімді құралдарының бірі саналады.

Осыған байланысты 2025 жылдан бастап алғашқы медициналық-санитариялық көмек көрсететін дәрігерлерге онкологиялық ауруларды ерте анықтағаны үшін материалдық ынталандыру жүйесі енгізілген.

Қазақстандықтар неге скринингтен өтпейді

Министрлік өкілдері көптеген азамат денсаулығына қатысты шағым болмаған жағдайда профилактикалық тексеруден өтуді кейінге қалдыратынын айтады. Алайда аурудың белгілері байқалған кезде емдеу процесі күрделене түседі.

Сондықтан дәрігерлер мақсатты топқа кіретін азаматтарды тұрақты түрде скринингтен өтіп тұруға шақырады.

Өкпе обырын анықтауға жаңа тәсіл енгізілмек

2026 жылы Денсаулық сақтау министрлігі өкпе обырына арналған пилоттық скрининг бағдарламасын іске қосуды жоспарлап отыр.

Жоба Қарағанды, Шығыс Қазақстан және Ұлытау облыстарында жүзеге асырылады. Скрининг барысында төмен дозалы компьютерлік томография және жасанды интеллект технологиялары пайдаланылады.

Бағдарламаға жасы 50-75 аралығындағы, ұзақ жылдар бойы темекі шеккен немесе темекіні тастағанына 15 жылдан аспаған азаматтар қатыса алады.

Министрлік мәліметінше, 2025 жылы қатерлі ісіктен болған барлық өлімнің 15,5%-ы өкпе обырының үлесіне тиесілі болған.

Науқастарды жедел тексеру тәртібі

Скрининг барысында онкологиялық ауруға күдік анықталған жағдайда пациенттер «жасыл дәліз» жүйесі бойынша қосымша тексеруге жіберіледі.

Қолданыстағы талаптарға сәйкес, аудандық онкологтың кеңесі 10 жұмыс күні ішінде ұйымдастырылуы тиіс. Онкологиялық орталықтағы тереңдетілген тексеру 15 жұмыс күнінен аспауы керек. Ал емдеу тактикасын анықтауға ең көбі 30 жұмыс күні беріледі.

2025 жылы «жасыл дәліз» бағыты бойынша 277 466 пациент жолданған. Тексерудің уақытылы жүргізілу көрсеткіші бірінші деңгей бойынша 95,8%, екінші деңгей бойынша 90,9%, үшінші деңгей бойынша 84,9% болған.

Алғаш рет анықталып, есепке алынған онкологиялық аурулардың 83,7%-ы осы жүйе арқылы тіркелген.

Қатерлі ісікті анықтаудың жаңа мүмкіндіктері

Соңғы жылдары скрининг бағдарламаларының қамту аясы кеңейіп келеді. 2025 жылы маммография мен колоректалды қатерлі ісікке арналған скринингтердің жоғарғы жас шегі 76 жасқа дейін ұлғайтылды. Нәтижесінде қосымша шамамен бір миллион адам қамтылған.

Ал цитологиялық скринингтің жоғары жас шегі 74 жасқа дейін көтеріліп, бағдарламаға тағы 200 мыңнан астам әйел қосылған.

Бұдан бөлек, скринингтер жүйесіне ми қан айналымының бұзылыстарын және В мен С созылмалы вирустық гепатиттерін анықтауға арналған тексерулер енгізілген.

Қазіргі уақытта министрлік BRCA1 және BRCA2 генетикалық тесттерін, жатыр мойны обырын ерте анықтауға арналған бастапқы ВПЧ-тестілеуді және колоректалды қатерлі ісікті анықтауға арналған автоматтандырылған сандық FIT-тестті енгізу мүмкіндігін қарастырып жатыр. Бұл технологиялар ауруды ерте анықтау тиімділігін арттыруға бағытталған.

Оқи отырыңыз