Өңір басшылары экономикалық өсім көрсеткіштері үшін жеке жауап береді – Бектенов

Өңір басшылары экономикалық өсім көрсеткіштері үшін жеке жауап береді – Бектенов

Аян Қайырбаев
Фото: Үкімет

Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында еліміздің 2026 жылғы қаңтар-маусым айындағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындысы мен республикалық бюджеттің атқарылу барысы қаралды. 

Жиында Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин, Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов, қаржы вице-министрі Ержан Біржанов, салалық министрліктердің басшылары мен өңір әкімдері баяндама жасады.

Биылғы қаңтар-маусым айларының қорытындысы бойынша ЖІӨ өсімі 4,1%-ды құрады. Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин нақты сектор 5,1%-ға, қызмет көрсету 3,5%-ға өскенін баяндады. Сондай-ақ құрылыста – 15,2%, өңдеу өнеркәсібінде – 9,8% және көлік қызметтерінде – 7,1% оң қарқын байқалды. Сауда көлемі 5,7%-ға, ауыл шаруашылығы 4,4%-ға, байланыс қызметтері 4,3%-ға артты.

Ұлттық банк төрағасының мәлімдеуінше, бірінші жартыжылдық қорытындысы бойынша инфляция 10,3%-ды құрады. Бағаны тұрақтандыру үшін Үкімет пен Ұлттық банк бірлескен шараларды жүзеге асыруды жалғастыруда.

Республикалық бюджеттің атқарылу барысы туралы қаржы вице-министрі Ержан Біржанов баяндама жасады. Трансферттерді есепке алмағанда кірістер 8,5 трлн теңгені құрады. Шығыстар 98,2%-ға орындалды. Зейнетақы мен жәрдемақы төлеуге 3,6 трлн теңге, өңірлерді қолдауға 3 трлн теңге, нақты секторға 1,3 трлн теңге бағытталды.

Премьер-министр Олжас Бектенов Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Үкімет елімізді өркендету бағытындағы жүйелі қадамдарды жалғастыратынын атап өтті. 

Жаңа Конституцияның қабылдануымен еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуында ауқымды өзгерістер жүзеге асырылуда. Мемлекет басшысы қойған міндеттер аясында тұрақты экономикалық өсудің жаңа моделіне көшу үдерісі жүріп жатыр. Экономиканы белсенді әртараптандыру, заманауи инвестициялық экожүйені қалыптастыру, инновациялық кластерлер мен өнімділігі жоғары индустрияларды дамыту бойынша ауқымды жұмыстар басталды. Үкіметтің қадамы экономика салаларында қолда бар әлеуетті барынша тиімді пайдалануға бағытталып отыр, — деп атап өтті Олжас Бектенов.

Сонымен қатар Премьер-министр Олжас Бектенов тұрақты экономикалық өсу бойынша бірқатар тапсырма берді. 

Бірінші. Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі бір ай ішінде металлургия саласын ынталандырудың қосымша тетіктерін әзірлеуі тиіс. Түсті металлургияда министрлік «Тау-Кен Самұрық» компаниясымен бірлесіп, отандық кәсіпорындардың өндірістік қуаттарын толық жүктеуді, оның ішінде импорттық алтынды ел ішінде аффинаждау үшін жеткізуді қамтамасыз етуі қажет.

Қара металлургияда «Qarmet» компаниясына жаңғырту бағдарламасы аясында ішкі және сыртқы нарықтарда барынша сұранысқа ие өнім түрлерінің тізбесін кеңейту тапсырылды. 

Сондай-ақ Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі өңір әкімдіктерімен бірлесіп, бір апта ішінде барлық инвестициялық жобаларды мұқият тексеріп шығып, проблемалық мәселелерді анықтауды және оларды шешудің нақты шараларын айқындауы қажет. Сонымен қатар бір ай ішінде жаңа тетіктерді іске қосу үшін Үкіметке тиісті түзетулер жобасын  енгізу тапсырылды.

Премьер-министр құрылыс жұмыстарының өсу қарқынын сақтап, тұрғын үйді пайдалануға беру мәселесін ерекше бақылауда ұстауды тапсырды. Сондай-ақ Мемлекет басшысы әлеуметтік және инфрақұрылымдық нысандар салуға арналған ауқымды бағдарламаны қолға алуды тапсырды. Бұл бастама жақын арада ел азаматтарының тұрмыс сапасын жақсартуға мүмкіндік береді. Заманауи денсаулық сақтау нысандарын салуға ерекше басымдық беру қажет.

Екінші. Мұнай мен газ өндірудің жоспарланған көрсеткіштеріне қол жеткізу мақсатында Энергетика министрлігіне барлық жер қойнауын пайдаланушылармен келісмөздер жүргізіп, нақты іс-қимыл жоспарын әзірлеу тапсырылды. Көмір химиясының қолда бар әлеуетін ескере отырып, көмірді қайта өңдеу жобаларына жеке инвестицияларды арттыру жұмысын жандандыруды және әлеуетті инвесторларды қолдау шараларын кеңейту қажет.

Премьер-министр экономиканың дамуы елімізді одан әрі индустрияландыру мен цифрландыру, сондай-ақ инфрақұрылымға деген өсіп келе жатқан сұранысты қамтамасыз ету үшін энергетикалық қуаттарды арттыруды талап ететініне назар аударды. Олжас Бектенов Энергетика министрлігі мен «Самұрық-Қазына» қорының басшылары Алматы электр станциялары мен Түркістан облысындағы бу-газ қондырғысының уақтылы іске қосылуына тікелей жауап беретінін тағы да еске салды. 

«Самұрық-Энерго» басшылығына жұмысты күнделікті бақылауға алып, жыл соңына дейін Алматыда ЖЭО-3-ті жаңғырту жұмысын аяқтау тапсырылды. Жұмыс қарқыны өте төмен. Егер жылдың соңына дейін аяқталмаған жағдайда, компания басшыларының жеке жауапкершілігі қатаң қаралады. 

Үшінші. Көлік саласында теміржол арқылы транзиттік тасымал көлемін жылына 55 млн тоннаға дейін ұлғайтуға тікелей ықпал ететін бірқатар жоба іске асырылуда.

Осыған орай, Көлік министрлігіне «Қазақстан темір жолы» компаниясымен бірлесіп, осы жылдың соңына дейін негізгі теміржол желілерінің құрылысын, яғни, «Дарбаза – Мақтаарал» және Мойынты-Қызылжар, сондай-ақ вокзалдарды жаңғырту жұмыстарын аяқтау тапсырылды. 

Автомобиль жолдарын салу және күрделі жөндеу жұмыстары аясында олардың нормативтік талаптарға сәйкес келуін қамтамасыз ету қажет. Мультимодальды транзит көлемін арттыру үшін көлік саласын цифрлық трансформациялау керек.

Көлік министрлігіне Жасанды интеллект министрлігімен бірлесіп, заманауи цифрлық құралдарды енгізуді, содан кейін оларды Smart Data Transport бірыңғай деректер көліне біріктіруді қамтамасыз ету тапсырылды. Бұл саланың ашықтығын арттыруға және жасанды интеллект негізіндегі шешімдерді белсенді түрде енгізуге мүмкіндік береді.

Төртінші. Ауыл шаруашылығында вегетациялық кезеңнің тұрақтылығын қамтамасыз етіп, егін жинау науқанын сапалы өткізу және инвестициялық жобаларды уақтылы іске асыру негізгі міндеттер болып саналады. 

Ауыл шаруашылығы министрлігіне Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігімен бірлесіп, Азық-түлік корпорациясына астық өңдеу өнімдерін тасымалдау кезінде шығындарды өтеу жөніндегі оператордың өкілеттіктерін беру тапсырылды. Сондай-ақ отандық кәсіпорындарды қолдау мақсатында Ауыл шаруашылығы министрлігі «Атамекен» Ұлттық палатасымен бірлесіп, мақта өңдеу кәсіпорындарын жаңғыртуға және қант қызылшасын тасымалдауға инвестициялық субсидиялау тетігін енгізу қажет.

Өңір әкімдіктеріне Ауыл шаруашылығы министрлігімен бірлесіп, нарықты ет өнімдерімен толықтыру және оның экспортын ұлғайту үшін Мал шаруашылығын дамыту бағдарламасы аясында асыл тұқымды мал басын сатып алу жұмысын жеделдету тапсырылды.

Бесінші. Еліміздегі жалпы тауар айналымының 70%-дан астамы бес өңірге тиесілі. Ол Астана, Алматы, Шымкент, Атырау және Қарағанды облыстар. Әр облыс сауданың өсуін қамтамасыз ету үшін өз әлеуетін тиімді пайдалануы қажет.

Бұл бағытта шекара маңындағы өңірлердің, сондай-ақ туристік тартымдылығы жоғары аумақтардың  мүмкіндіктері мол. Арнайы экономикалық және индустриялық аймақтардың әлеуетін пайдаланып, олардың базасында заманауи сауда, қайта өңдеу және кәсіпкерлік орталықтарын дамыту қажет.

Өңір әкімдіктеріне аймақтардың өсіп-өркендеуіне жол ашатын нақты өндіріс орындарын, инвестициялық жобаларды және тауар айналымын ұлғайту жөніндегі нысаналы көрсеткіштерді айқындай отырып, бір ай мерзімде Сауданы дамытудың өңірлік жол карталарын әзірлеу тапсырылды.

Барлық мемлекеттік органдар «Атамекен» Ұлттық палатасымен бірлесіп, өңірлердегі кәсіпкерлермен олардың бизнес-бастамаларын жан-жақты қолдау мақсатында өзара тығыз жұмыс істеуі қажет. 

Әрбір басшы салалар мен өңірлер бойынша экономиканың жоспарланған өсу көрсеткіштеріне қол жеткізу үшін тікелей жауапты. Осы қарқынды бәсеңдетпей, қолда бар ресурстардың бәрін толықтай пайдалану керек, — деп атап өтті Олжас Бектенов.

Оқи отырыңыз

{