Кеше, 13:41
Әкімшілік айыппұл: тексеру, төлеу және шағымдану жолдарыҚазақстанда некесіз дүниеге келген балалардың құқықтары заңды некеде туған балалармен бірдей қорғалады. Ата-анасының некені ресми тіркеген-тіркемегеніне қарамастан, әр баланың материалдық көмек алуға, өз тегін иеленуге және ата-анасының қамқорлығында болуға құқығы бар. Ал баланы жалғыз тәрбиелеп отырған аналар мемлекеттен қандай көмек ала алады? Әкелікті анықтау, алимент өндіру және баланың құжаттарын рәсімдеу тәртібі қандай? Осы және өзге де маңызды мәселелерді түсіндіреміз.
Некесіз туған баланың құқығы өзгеше ме?
Қазақстан заңнамасы балаларды ата-анасының отбасылық жағдайына қарай бөлмейді. Яғни ерлі-зайыптылардың ресми некеде болмауы баланың құқықтарын шектеуге негіз бола алмайды.
«Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» кодекске сәйкес, әр бала отбасында өмір сүруге, тәрбиеленуге, ата-анасын білуге және олардың қамқорлығын алуға құқылы.
Сондай-ақ баланың ата-анасынан материалдық көмек алуға және заңда көзделген жағдайда олардың мүлкіне мұрагер болуға құқығы бар.
Алайда баланың әкесімен құқықтық байланысын ресми бекіту үшін әкелікті анықтау қажет болуы мүмкін. Бұл әсіресе алимент өндіру және мұрагерлік құқықты рәсімдеу кезінде маңызды.
Қазақстанда «жалғызбасты ана» мәртебесі бар ма?
Күнделікті өмірде баласын жалғыз тәрбиелеп отырған әйелдерді жалғызбасты ана деп атайды. Алайда Қазақстан заңнамасында мұндай жеке құқықтық мәртебе қарастырылмаған.
Оның орнына әлеуметтік қолдау мен тұрғын үй мәселелерінде «толық емес отбасы» ұғымы қолданылады. Бұл санатқа баласын ата-анасының біреуі ғана тәрбиелеп отырған отбасылар жатады.
Жалғызбасты аналарға арнайы мемлекеттік жәрдемақы тағайындалмайды. Дегенмен олар өзге ата-аналармен бірдей бала тууына, бала күтіміне байланысты төлемдерді және белгілі бір талаптарға сәйкес келсе, әлеуметтік көмектің басқа түрлерін ала алады.
Баланың туу туралы куәлігі қалай рәсімделеді?
Нәрестенің дүниеге келуін тіркеу үшін оның ата-анасының міндетті түрде заңды некеде болуы талап етілмейді.
Егер ата-анасы некеге тұрмағанымен, әкесі баланы өз еркімен мойындаса, екеуі тіркеуші органға әкелікті анықтау туралы бірлескен өтініш бере алады. Осы негізде баланың туу туралы жазбасына әкесі туралы мәлімет енгізіледі.
Ал ер адам әкелігін мойындамаса, анасы баланың тууын өз бетінше тіркете алады. Мұндай жағдайда әкесі туралы мәлімет заңда белгіленген тәртіппен рәсімделеді.
Туу туралы куәлікті рәсімдеу үшін eGov.kz электрондық үкімет порталы немесе ХҚКО қызметтерін пайдалануға болады.
Балаға әкесінің тегін беруге бола ма?
Әр бала туғаннан бастап өз есімін, тегін және әкесінің атын иеленуге құқылы. Ата-анасы некеде тұрмаса да, әкелігі ресми анықталған жағдайда балаға әкесінің тегін беруге болады.
Әдетте баланың тегі ата-анасының келісімімен әкесінің немесе анасының тегі бойынша белгіленеді. Ал әкелігі анықталмаған жағдайда баланың тегі анасының тегі бойынша жазылады.
Сондай-ақ заңда ұлттық дәстүрге сәйкес баланың тегін әкесінің немесе атасының атымен рәсімдеуге мүмкіндік қарастырылған. Егер ата-анасы баланың тегіне қатысты ортақ шешімге келе алмаса, мәселе заңда белгіленген тәртіппен шешіледі.
Әкесі баланы мойындамаса, не істеу керек?
Әкелікті анықтаудың екі негізгі жолы бар. Біріншісі – ер адамның баланы өз еркімен мойындауы. Екіншісі – сот арқылы әкелікті анықтау. Егер ер адам баланың әкесі екенін жоққа шығарса немесе оны ресми тіркеуден бас тартса, анасы сотқа талап арыз бере алады.
Сот істі қарау барысында тараптардың түсініктемелерін, құжаттарды, өзге де дәлелдемелерді зерттейді. Қажет болған жағдайда генетикалық сараптама тағайындалуы мүмкін.
ДНҚ сараптамасы әкелікті анықтауда маңызды дәлелдердің бірі саналады. Дегенмен сот шешімі тек бір сараптаманың нәтижесіне ғана емес, іс бойынша жиналған дәлелдемелердің жиынтығына негізделеді.
Әкелік сот тәртібімен анықталғаннан кейін бала әкесіне қатысты заңда көзделген құқықтарды пайдалана алады. Оның ішінде алимент алу және мұрагерлік құқықтар бар.
Некесіз туған балаға алимент төлене ме?
Қазақстан заңнамасына сәйкес, некесіз туған баланың алимент алу құқығы ата-анасының ресми некеде болған-болмағанына байланысты емес. Яғни әрбір бала ата-анасынан материалдық көмек алуға құқылы.
«Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» кодекстің 138-бабына сәйкес, ата-аналар кәмелетке толмаған балаларын күтіп-бағуға міндетті. Егер баланың әкелігі ресми анықталған болса, анасы баланы күтіп-бағуға қажетті алиментті талап ете алады. Ата-аналар алимент төлеу туралы өзара келісім жасай алады. Ал келісімге келе алмаған жағдайда мәселе сот арқылы шешіледі.
Заңда сот тәртібімен өндірілетін алименттің жалпы мөлшері мынадай:
Бұл мөлшерді сот тараптардың материалдық және отбасылық жағдайын, сондай-ақ басқа да маңызды мән-жайларды ескере отырып өзгерте алады. Егер алимент төлеуге міндетті адамның тұрақты табысы болмаса немесе табысы өзгеріп отырса, сот ай сайын төленетін нақты ақшалай соманы белгілеуі мүмкін.
Әкесі ата-ана құқығынан айырылса, алимент төлеуден босатыла ма?
Егер әкесі баласын тәрбиелеуден, күтіп-бағудан бас тартса немесе ата-аналық міндеттерін орындамаса, заңда көзделген негіздер бойынша сот оны ата-ана құқығынан айыруы мүмкін.
Ата-ана құқығынан айырылған әке алимент төлеу міндетінен босатылмайды. Сонымен қатар бала әкесінің мүлкіне қатысты заңда көзделген мұрагерлік құқықтарын сақтайды.
Некесіз босанған әйел баланың әкесінен өзіне қаражат талап ете ала ма?
Егер баланың әкелігі ресми анықталса, некесіз босанған әйел жүктілік және босанғаннан кейінгі белгілі бір кезеңде өзін күтіп-бағуға қажетті қаражатты баланың әкесінен сот арқылы талап ете алады.
Заңға сәйкес, қалыпты босанған жағдайда бұл кезең босануға дейінгі 70 күнді және босанғаннан кейінгі 56 күнді қамтиды. Ал босану қиын өткен немесе екі және одан көп бала дүниеге келген жағдайда босанғаннан кейінгі мерзім 70 күнге дейін ұзарады.
Төлем мөлшерін сот тараптардың материалдық және отбасылық жағдайын ескере отырып белгілейді.
Ал ресми некеде тұрған немесе ажырасқан әйел заңда көзделген жағдайларда жүктілік кезінде және ортақ баласы үш жасқа толғанға дейін жұбайынан немесе бұрынғы жұбайынан өзін күтіп-бағуға қаражат талап ете алады.
Жалғызбасты аналар қандай жәрдемақы алады?
Қазақстанда баласын жалғыз тәрбиелеп отырған аналарға арналған арнайы жәрдемақы жоқ. Алайда олар өзге ата-аналармен бірдей бала тууына байланысты біржолғы мемлекеттік жәрдемақы ала алады.
2026 жылы бірінші, екінші және үшінші бала дүниеге келгенде әрқайсысына 164 350 теңге, ал төртінші және одан кейінгі балаларға 272 475 теңге біржолғы жәрдемақы төленеді.
Бұдан бөлек, бала 1,5 жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты ай сайынғы төлем қарастырылған.
Жұмыс істемейтін және міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатыспайтын аналарға бала күтіміне байланысты мемлекеттік бюджеттен жәрдемақы төленеді. Ал жұмыс істеп, табысынан әлеуметтік аударымдар жасалған аналарға Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан әлеуметтік төлем беріледі.
Мемлекеттік жәрдемақының мөлшері баланың отбасындағы кезегіне қарай белгіленеді. Ал әлеуметтік сақтандыру қорынан берілетін төлем ананың бұрынғы табысына байланысты есептеледі. Сондықтан барлық анаға бірдей сома төленбейді.
Табысы аз аналарға қандай әлеуметтік көмек көрсетіледі?
Егер баласын жалғыз тәрбиелеп отырған ананың табысы төмен болса, ол атаулы әлеуметтік көмекке (АӘК) өтініш бере алады.
Алайда бұл көмек жалғызбасты ана болғаны үшін автоматты түрде тағайындалмайды. Мемлекет отбасының жан басына шаққандағы орташа табысын есептеп, оның белгіленген кедейлік шегінен төмен екенін анықтайды.
Сонымен қатар атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасылардағы 1 жастан 6 жасқа дейінгі әр балаға ай сайын қосымша 6 488 теңге төленеді. Бұл төлем 2026 жылы 1,5 АЕК мөлшерінде белгіленген.
АӘК алуға өтінішті eGov.kz порталы арқылы, мансап орталығында немесе ауылдық жерде жергілікті әкімдік арқылы беруге болады.
Жалғызбасты аналар тұрғын үй кезегіне қалай тұрады?
Баласын жалғыз тәрбиелеп отырған әйелдер белгілі бір талаптарға сай келген жағдайда «толық емес отбасы» санаты бойынша тұрғын үйге мұқтаж азаматтар есебіне тұра алады.
Негізгі талаптардың бірі – отбасының тұрғын үй жағдайы. Мысалы, соңғы бес жыл ішінде Қазақстан аумағында баспанасының болмауы ескеріледі. Сондай-ақ заңда белгіленген басқа да талаптар қолданылады.
Тұрғын үйге мұқтаж азаматтарды есепке алу Otbasy Bank жүйесі арқылы жүргізіледі. Өтінішті orken.otbasybank.kz порталында беруге болады.
Есепке тұрған азаматтар өздерінің санатына, табысына және бағдарлама талаптарына байланысты мемлекеттік тұрғын үй қолдау шараларына қатыса алады.
Олардың қатарында жалдамалы тұрғын үй, жеңілдетілген ипотекалық бағдарламалар, тұрғын үй сертификаттары және жалдау ақысының бір бөлігін субсидиялау тетіктері бар.
Дегенмен тұрғын үй кезегіне тіркелу баспана бірден беріледі дегенді білдірмейді. Әр қолдау түрінің өзіндік шарттары мен іріктеу тәртібі болады.
Кеше, 13:41
Әкімшілік айыппұл: тексеру, төлеу және шағымдану жолдары6 Қараша, 17:08
Өзге ғаламшар ма дерсің: Қазақстандағы ерекше мекендер5 Қараша, 14:10
Ризабек Айтмұхан: 97 келіде чемпион атанып, гештальтімді жапқым келеді5 Қараша, 12:12
Олимпиадада үздік шығып, кейін медицинада табысқа жеткен чемпиондар