Мұхаммед Әлимен кездескен даңқты боксшы Жандос Көкімов туралы не білеміз?

Мұхаммед Әлимен кездескен даңқты боксшы Жандос Көкімов туралы не білеміз?

Айзат Айдарқызы
Фото: kazpravda.kz

Қазақ боксының тарихында әлемдік деңгейге көтерілген, Кеңес Одағы құрамасында өнер көрсеткен спортшылар аз емес. Солардың арасында Жандос Көкімовтің есімі ерекше аталады. Ол АҚШ пен КСРО боксшылары арасындағы алғашқы тарихи матчқа қатысып, халықаралық рингте ел намысын қорғады. Алайда Олимпиада дейтін биік сол күйі бағынбай қалды.

Боксты кеш бастаған

Жандос Көкімов 1946 жылы 10 қаңтарда Алматы облысының Жамбыл ауданындағы ауылда дүниеге келген. Мектеп жасында гимнастикамен айналысып, аудандық жарыстарда жеңіске жеткен. Тіпті екінші разрядқа дейін көтерілген.

Бірақ спорт гимнастикасындағы ғұмыры қысқа болады. 1965 жылы Алматы зооветеринарлық институтына оқуға түседі. Оқу орнында гимнастика секциясы болмағандықтан, боксқа ауысады. Алғашында бапкер Александр Карпов оны секцияға қабылдағысы келмеген. Өйткені Жандостың салмағы тым аз еді. Ол кезде ең жеңіл салмақ дәрежесі 51 келіден басталатын, ал Көкімовтің салмағы 44 келі шамасында болған.

Соған қарамастан, ол боксты тастамады. Барынша бапкердің көңілінен шығуға тырысады. Өзін Карповтың алдында «қорғап», «әлі-ақ қатарға қосылып кетеді» деп жаны қалмаған досы Есенкелді Ахметовтың сеніміне селкеу түсіргісі келмеді-ақ. Сөйтіп, барынша намысқа тырысып, бокс әлеміне қойып кетеді. 

Алғашқы жарысында-ақ жеңіске жетіп, бапкерінің назарын аударады. Кейін 1968 жылы ең жеңіл салмақ 48 келі болып, Көкімовтің үлкен спорттағы жолы ашылады.

 КСРО құрамасына жол

Көкімов 1969 жылы Ақтөбеде өткен Қазақстан чемпионатында жеңіске жетіп, КСРО чемпионатына жолдама алады. Саратовта өткен одақ біріншілігінде бес жекпе-жек өткізген ол финалға шығады. Ақтық сында бірнеше дүркін КСРО чемпионы Анатолий Семеновпен кездесіп, күміс медаль иеленеді. Семеновты шаршы алаңда «сабаса» да, төрешілер бұра тартады. Әрине, солақай саясат осы жерде Көкімовты аяқтан шалуды бастайды. 

Осы нәтиже оған Кеңес Одағы құрамасына жол ашады. Көкімовтің солақай боксы, қарсыласын қысымға алатын мәнері, соққысының қуаты жанкүйерлерді таңдай қақтыратын. Ол 48 келі салмақта өнер көрсеткенімен, қарсыласын нокаутқа жіберетін «құдыреті» бар-ды. Оның бәрін бапкері Александр Карпов үйретеді. 

Халықаралық жарыстарда да талай мықтыны жолынан ығыстырады. Венгрияда өткен турнирде Еуропа чемпионы Дьердь Гедомен кездесіп, жеңіліп қалғанымен, кейін басқа жарыстарда онымен қайта қолғап түйістіріп, басым түседі. Жеңіліп қалды дейміз-ау, бұл тағы да төрешілердің «тосынсыйы» еді. 1971 жылы КСРО халықтарының спартакиадасында Анатолий Семеновті де жеңген. Алайда Көкімов осыған дейін берген сұхбатында  ішкі жарыстарда төрешілер шешімі мен іріктеу жүйесіне байланысты әділетсіздік жиі кездескенін айтқан. Соның салдарынан кейбір боксшыларға халықаралық турнирлерге баратын жолды жауып тастаған.

Америкадағы тарихи матчқа қатысқан қазақ

Жандос Көкімовтің есімі АҚШ пен КСРО боксының тарихында да бар. 1969 жылы екі елдің құрама командалары арасындағы алғашқы матчтық кездесуде ол Кеңес Одағы атынан рингке шығады. Бұл бәсекеге сол кездегі саяси жағдайға байланысты ерекше мән берілген. Қос елдің боксшылары көшбасшы саналғандықтан, кездесу спорттық текетірестен де үлкен оқиғаға айналады.

Көкімов 48 келі салмақта КСРО құрамасының негізгі боксшысы ретінде АҚШ капитаны Уильям Хоторнмен кездеседі. Үш раунд бойы қарсыласын қысымға алып, басым жұдырықтасқанымен, төрешілер жеңісті америкалық боксшыға береді. Десе де КСРО құрамасы матчты 6:5 есебімен жеңіп шығады.

фото: kazpravda.kz

Бұл сапар Көкімов үшін өміріндегі ерекше кезеңдердің бірі болады. Ол алғаш рет Америкаға барып, Лас-Вегастың тыныс-тіршілігін көреді. Сапар барысында әйгілі боксшы Мұхаммед Әлимен де кездескен. Әли кеңес құрамасының жаттығуына келіп, мұсылман боксшылары бар-жоғын сұрап, Жандос Көкімов пен Абдрашит Абдрахмановқа «Ассаламу алейкум» деп амандасады.

Кейін Канадада өткен кездесуде Көкімов америкалық Клаудио Ривераны жеңеді. 1970 жылы Минскіде Уильям Хоторнмен қайта кездесіп, реванш алады.

Орындалмай қалған арман

Жандос Көкімовтің спорттық мансабындағы ең ауыр өкініш – 1972 жылғы Мюнхен Олимпиадасына қатыса алмауы. Ол Олимпиада алдында бабында болған. Жданов қаласында өткен аймақтық жарыста бес жекпе-жек өткізіп, үшеуін нокаутпен, екеуін айқын басымдықпен аяқтаған. КСРО чемпионатына да үлкен үмітпен барған. Бірақ жартылай финал қарсаңында Марат Жақсыбаев екеуі тамақтан уланып қалған.

Көкімов бұл оқиғаны кейінгі сұхбаттарында күмәнді жағдай ретінде сипаттап, жарысқа келгендердің бәрі бір асханадан тамақтанғанымен, тек екі қазақ боксшысының сырқаттанғанын айтқан. Осы жағдай оның Олимпиадаға бару мүмкіндігінен айырды. КСРО чемпионатында қола медальмен шектеліп, Мюнхенге жолдама ала алмады.

Оның өкініші мұнымен бітпеді. Олимпиадада өзі бұрын жеңген қарсыластарының жүлде алып жатқанын көреді. Венгриялық Дьердь Гедо чемпион атанса, кореялық Ким Ю Гил күміс медаль иеленеді. Ал Жандос Көкімов Олимпиаданы үйінде теледидардан көреді. «Олимпиаданы көріп отырып өксіп жыладым» деген сөзі сол кездегі жан күйзелісін аңғартады. Спортшы үшін Олимпиадаға қатысу – ең үлкен арман еді. Ал ол арманға бір қадам жетпей қалады.

27 жасында үлкен спорттан кетті

Мюнхен Олимпиадасына қатыса алмауы Жандос Көкімовке ауыр соққы болып тиеді. Үйленеді, жарақат алады, артынша дәрігерлердің кеңесі спорттан кетуіне себеп болады. Ол 27 жасында үлкен спортпен қоштасады. Бірақ бокстан біржола алыстамай, жас спортшыларға тәлім береді. Қазақ Ұлттық аграрлық университетінде ұстаздық қызмет атқарады.

Адалдықты ту еткен азамат

 КСРО-ның даңқты боксшылар туралы кітапта Жандос Көкімовтың адам бойынан адалдық, ашықтық сияқты қасиетті бағалайты жазылған. Ол екіжүзді адамдардан іргесін аулақ салған. Сүйікті кітабы – Қабдеш Жұмаділовтің тарихи романдары. Бос уақытында саяжайда жұмыс істегенді ұнатқан. Отбасы туралы дерекке келсек, жұбайы – биология ғылымдарының кандидаты, Қазақ ұлттық университетінде аға ғылыми қызметкер болып еңбек еткен. Ұлы құқық қорғау органдарында жұмыс істейді. Қызы Қазақ мемлекеттік аграрлық университетінде ғылыми қызметкер болған. 

Оқи отырыңыз

{