Мұғалімдер күні неге 5 қазанға ауыстырылды? 600 мың педагогтің жаңа мүмкіндіктері

Мұғалімдер күні неге 5 қазанға ауыстырылды? 600 мың педагогтің жаңа мүмкіндіктері

Аян Қайырбаев
Фото: El.kz архиві

5 қазан – Қазақстанда Ұстаздар күні аталып өтетін күн. 2023 жылдан бастап кәсіби мереке тұрақты датаға ие болып, әлемнің 100-ден астам елінде атап өтілетін Дүниежүзілік мұғалімдер күнімен үндесті. Соңғы жылдары еліміздегі педагогтердің еңбек жағдайы да айтарлықтай өзгерді: жалақы өсті, әлеуметтік кепілдіктер кеңейді, біліктілікті арттыру мүмкіндіктері көбейді. Сонымен қатар білім беру саласына жасанды интеллект сияқты жаңа технологиялар енгізіле бастады.

Ұстаздар күні неге 5 қазанда аталып өтеді?

Қазақстанда ұзақ жылдар бойы Мұғалімдер күні қазан айының алғашқы жексенбісінде атап өтілетін. 2023 жылы Үкіметтің шешімімен кәсіби мерекенің күні өзгеріп, 5 қазан болып белгіленді. Осылайша Қазақстан Дүниежүзілік мұғалімдер күнімен ортақ датаға көшті.

Бұл күннің таңдалуының өзіндік тарихи негізі бар. 1966 жылғы 5 қазанда Парижде педагогтердің мәртебесіне арналған арнайы үкіметаралық конференция өтті. Сол жиында мұғалімдердің құқықтары мен еңбек жағдайына қатысты маңызды халықаралық құжат қабылданды.

1994 жылы 5 қазан алғаш рет Дүниежүзілік мұғалімдер күні ретінде аталып өтті. Кейін бұл дата көптеген мемлекеттердегі педагогтердің кәсіби мерекесіне айналды. Ал 2023 жылдан бастап Қазақстан да осы қатарға қосылды.

Қазақстанда қанша педагог жұмыс істейді?

Қазіргі таңда Қазақстанның білім беру жүйесінде шамамен 600 мың педагог еңбек етеді. Олардың:

Соңғы жылдары педагогтердің еңбек жағдайын жақсартуға бағытталған бірқатар өзгеріс енгізілді. Соның бірі – 2019 жылы қабылданған «Педагог мәртебесі туралы» заң.

Заң педагогтер үшін бірқатар қосымша кепілдіктерді бекітті. 2026 жылы құжатқа жаңа өзгерістер енгізілді.

Оған сәйкес педагогтер білім алушылар үшін тек жұмыс уақытында жауап береді. Сонымен қатар мұғалімдерді қайталама есептілік жүргізуден және кәсіби қызметіне қатысы жоқ міндеттерді орындаудан босатуға бағытталған нормалар қарастырылды.

Педагогтердің жалақысы екі есе өсті

Педагогтердің еңбек жағдайындағы маңызды өзгерістердің бірі – еңбекақының өсуі.

2020 жылдан бастап мұғалімдердің жалақысы екі есеге артты. Ал 2023 жылдың қыркүйегінен бастап мектепке дейінгі ұйымдар қызметкерлерінің еңбекақысы 30 пайызға көтерілді.

Педагогтің жалақысы базалық лауазымдық жалақымен ғана шектелмейді. Оның мөлшеріне біліктілік санаты да әсер етеді. Тиісті санаты бар педагогтерге мынадай қосымша ақы қарастырылған:

Бүгінде 500 мыңнан астам педагог біліктілік санатына, еңбек өтіліне және ғылыми дәрежесіне байланысты тұрақты қосымша төлемдер алады.

Сонымен бірге мұғалімдердің кәсіби біліктілігін арттыруға да көңіл бөлінуде. Осы бағыттағы курстардан 91 мыңнан астам педагог өтті.

Жастарды педагогикаға тарту

Білім беру саласындағы кадр мәселесін шешудің негізгі бағыттарының бірі — жас мамандарды тарту. Мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша білім алған түлектерге конкурстық іріктеусіз жұмысқа орналасу мүмкіндігі сақталған.

Ауылдық жерлерде еңбек етуге дайын жас мамандарға да арнайы қолдау шаралары бар. «Дипломмен – ауылға!» жобасы аясында мамандарға көтерме жәрдемақы және тұрғын үй сатып алуға немесе салуға бюджеттік кредит беріледі.

Бұл шаралар өңірлердегі білім беру ұйымдарын жас кадрлармен қамтамасыз етуге және ауылдық мектептердегі маман тапшылығын азайтуға бағытталған.

Білім саласына жаңа басшылар даярлануда

Білім беру жүйесінде педагогтерді ғана емес, болашақ басқарушыларды да даярлауға басымдық беріліп отыр.

«Білім берудегі өзгерістердің 1000 көшбасшысы» жобасы аясында 2023–2026 жылдары басқарушылық кадрлар резервіне 983 педагог енгізілді.

Жоба білім беру ұйымдарын басқаруға қабілетті мамандарды анықтап, олардың кәсіби және басқарушылық құзыреттерін дамытуға бағытталған.

Жасанды интеллект мұғалім жұмысына енуде

Білім беру саласындағы ең маңызды жаңа бағыттардың бірі – жасанды интеллектіні пайдалану. Қазақстанда педагогтерге жасанды интеллект құралдарымен жұмыс істеуді үйрету басталды. Мемлекеттік тапсырыс аясында мұғалімдердің осы бағыттағы құзыреттерін дамытуға арналған бірнеше білім беру бағдарламасы іске асырылуда. Олардың қатарында:

Биылғы 1 қыркүйектен бастап Павлодар және Қызылорда облыстарындағы шағын жинақты мектептерде жасанды интеллектіні енгізу бойынша пилоттық жоба іске қосылды. Алғашқы кезеңде жоба 500 мектепті қамтиды.

2029 жылға дейін бұл технологияны еліміздегі барлық 2,5 мың шағын жинақты мектепке енгізу жоспарланып отыр.

Жасанды интеллект оқушыларға жеке тапсырмалар әзірлеуге, оқу нәтижелерін талдауға және білімдегі олқылықтарды анықтауға көмектесуі мүмкін. Яғни технология мұғалімді алмастыруды емес, оның жұмысын жеңілдететін қосымша құрал болуды көздейді.

Оқушы жетістігі – ұстаз еңбегінің нәтижесі

Педагог еңбегін бағалаудың тағы бір бағыты – оқушылардың жетістіктері. 2022 жылдан бастап Президент бастамасымен халықаралық олимпиадалардың жеңімпаздары мен олардың тәлімгерлеріне біржолғы ақшалай сыйақы беріледі.

2025 жылы 27 оқушы мен олардың ұстаздары жалпы сомасы 100 млн теңгеден асатын сыйақы алды. Халықаралық олимпиададағы нәтижеге қарай оқушыларға берілетін сыйақы көлемі де белгіленген:

Ал жүлдегерлерді дайындаған педагогтерге де ақшалай сыйақы қарастырылған. Алтын медаль иегерін дайындаған мұғалімге – 26,5 лауазымдық айлықақы, күміс жүлдегер үшін – 17,5, қола жүлдегер үшін 8,5 айлықақы төленеді.

Педагогтердің кәсіби жетістіктері мемлекеттік наградалармен де атап өтіледі. Бүгінде «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» құрметті атағына 103 педагог ие болды.

Ұстаз мамандығы жаңа кезеңге қадам басуда

Бүгінгі мұғалімнің жұмысы тек сабақ өткізумен шектелмейді. Заманауи педагог жаңа цифрлық технологияларды меңгеріп, біліктілігін арттырып, әр оқушының жеке білім алу қажеттілігіне назар аударуы керек.

Соңғы жылдары Қазақстанда педагогтердің жалақысын көтеру, әлеуметтік кепілдіктерін күшейту, кәсіби дамуына жағдай жасау және артық әкімшілік жүктемені азайту бағытында бірқатар өзгеріс енгізілді. Ендігі маңызды бағыттардың бірі – білім беруді цифрландыру және жасанды интеллект мүмкіндіктерін пайдалану.

5 қазан – күнтізбедегі кәсіби мереке ғана емес, қоғамның болашағын қалыптастыратын жүздеген мың ұстаздың еңбегіне құрмет білдіретін күн. Өйткені білім сапасы мен жас ұрпақтың жетістігі ең алдымен ұстаздың біліміне, еңбегіне және кәсіби шеберлігіне байланысты.

Оқи отырыңыз

{