MLS-тегі ең жоғары жалақы: Лионель Мессидің жылдық табысы анықталды

MLS-тегі ең жоғары жалақы: Лионель Мессидің жылдық табысы анықталды

Мадина Асылбекова
Фото: Rich Storry/Getty Images

Аргентиналық жұлдыз Лионель Месси АҚШ-тың MLS чемпионатындағы ең жоғары жалақы алатын футболшы мәртебесін сақтап қалды.

Лига ойыншылары қауымдастығы жариялаған мәліметке сәйкес, «Интер Майами» шабуылшысының кепілдендірілген жылдық төлемі 28,33 миллион долларға жеткен. Бұл былтырғы көрсеткіштен шамамен 7,9 миллион долларға көп.

Месси былтыр ойыншы келісімшарты бойынша 20,45 миллион доллар алса, биыл бұл сома 28,33 миллион долларға (шамамен 12,7 миллиард теңге) өскен. Алайда бұл футболшының клубтан алатын негізгі төлемі ғана. Оған демеушілік келісімдер мен өзге де табыс көздері кірмейді.

2025 жылдың қазанында аргентиналық футболшы «Интер Майамимен» келісімшартын 2028 жылғы маусымның соңына дейін ұзартты. Ал клуб иесі Хорхе Мас наурыз айында Мессидің барлық табысын қоса есептегенде, жылына 70-80 миллион доллар (шамамен 31,6-36 миллиард теңге) табатынын айтқан.

Lionel Messi remains the highest-paid player in MLS, though the number of players making at least $10 million grew to five 👀 https://t.co/Smz1etFGNv

— ESPN FC (@ESPNFC) November 19, 2026

Бұған қоса, футболшы мансабын аяқтағаннан кейін клубтың үлесіне ие болады деп күтілуде.

Месси «Интер Майамиді» жаңа деңгейге көтерді

Лионель Месси 2023 жылдың шілдесінде француздың «Пари Сен-Жермен» клубынан еркін агент ретінде кетіп, «Интер Майамиге» қосылды. Аргентиналық жұлдыздың келуі АҚШ футболына ғана емес, клубтың өзіне де үлкен өзгеріс әкелді.

Месси алғашқы маусымында-ақ командаға тарихындағы тұңғыш жүлдесін жеңіп алуға көмектесті. «Интер Майами» 2023 жылы Leagues Cup турнирінде топ жарды.

2024 жылы клуб MLS-тің тұрақты чемпионатында ұпай саны бойынша рекорд орнатып, «Жанкүйерлер қалқанын» иеленді. Сол маусымда Месси алғаш рет MLS-тің ең құнды ойыншысы атанды.

Ал 2025 жыл «Интер Майами» тарихындағы ерекше маусым болды. Команда Шығыс конференциясында жеңіске жетіп, клуб тарихында алғаш рет MLS Cup чемпионы атанды. Месси де жеке жетістіктерімен көзге түсті: 29 гол соғып, маусымның үздік сұрмергеніне берілетін «Алтын бутсаны» иеленді. Сонымен қатар ол қатарынан екінші рет лиганың ең құнды ойыншысы атанды.

2026 жылы 39 жастағы капитан тұрақты чемпионаттағы үздік сұрмерген атағын тағы да жеңіп алды. Бұл жолы аргентиналық 26 гол соғып, командасының Шығыс конференциясында екінші орын алуына үлес қосты. Сондай-ақ «Интер Майамимен» бірге Campeones Cup турнирінде топ жарды.

Мессидің анасы ұлының ізбасарын атады

Месси мансабының соңғы кезеңіне жақындаған тұста Аргентина құрамасындағы оның орнын кім басуы мүмкін деген сұрақ та жиі айтыла бастады. Сегіз дүркін «Алтын доп» иегерінің анасы Селия Куччиттини бұл тұрғыда Италияның «Комо» клубында ойнайтын Нико Пасты ұлының ізін басатын ойыншы санайды. Бұл туралы футболшының ағасы Фабиан Пас Radio La Red радиосына берген сұхбатында айтып берді.

Оның сөзінше, Мессидің анасы Нико Пасты Аргентина құрамасындағы ұлының ізбасары деп атаған. Мұндай әңгіме 7 қазанда өткен Аргентина құрамасының Бенинге қарсы матчынан кейін болған.

Сол кездесуде аргентиналықтар 3:0 есебімен жеңіске жетті. Месси бір гол соғып, тағы екі нәтижелі пас берді. Ал команданың екінші голын Нико Пас дәл Мессидің пасынан кейін соққан.

Фабиан Пастың айтуынша, ойыннан соң Нико киім ауыстыратын бөлмеден шыққанда, Мессидің анасы көзіне жас алып тұрған. Ол жас футболшымен амандасып, қолынан ұстап тұрып: «Сен – ұлымның ізбасарысың», – деген.

Мен көлікте күтіп отырдым. Ол сыртқа шыққанда әлі де есеңгіреп қалғандай күйде еді. Маған: «Болған жағдайға сене алар емеспін», – деді. Бәрін айтып бергенде, өзі де бір керемет оқиғаға тап болғандай әсерде болды. Негізі ол әлі бала сияқты. Сол сәтте қатты толқыды, – деді Фабиан Пас.

Нико Пас кім және неге оған үлкен үміт артылып отыр?

Нико Пас 22 жаста. Ол – мадридтік «Реалдың» түлегі. 2024 жылы осы клуб сапында Испания чемпионатын, Чемпиондар лигасын және ел Суперкубогын жеңіп алды. Сол жылы Италияның «Комо» командасына ауысты. Қазіргі келісімшарты 2028 жылдың жазына дейін жасалған.

Transfermarkt порталы футболшының нарықтық құнын 80 миллион еуро деп бағалап отыр. Аргентина құрамасы сапында 16 матч өткізіп, алты гол соққан.

Осы маусымда Нико Пас «Комо» жейдесімен барлық турнирде 14 ойынға қатысып, алты гол соғып, сегіз нәтижелі пас берген.

Жас футболшыға Еуропаның бірқатар алпауыт клубы да қызығушылық танытып отыр. Жазда ол мадридтік «Реалға» қайта оралу мүмкіндігінен бас тартқан. Инсайдер Фабрицио Романоның мәліметінше, Пас бұл шешімін Жозе Моуриньюге жеткізіп, «Комода» әр матчта алаңға шыққысы келетінін түсіндірген. Дегенмен «Реал» футболшыны 80 миллион еуроға кері сатып алу құқығын сақтап қалған.

Нико Пасқа Англияның «Арсенал» және «Челси» клубтары да көз тігіп отыр. Ал испан басылымдарының жазуынша, Аргентина құрамасының бас бапкері Лионель Скалони жас ойыншымен Мессидің бұрынғы 10-нөмірлі жейдесін беру мүмкіндігін талқылап жүр.

Оқи отырыңыз

{