29.04.2026
10:33
146
Жаңалықтар

Миллиардтаған шығын: Қытай автонарығындағы баға соғысы немен аяқталады

Қытай автонарығында соңғы үш жылда баға бәсекесі күшейіп, салада үлкен өзгерістер болып жатыр. Бұл үрдіске ең алдымен электрлі көлік шығаратын тәуелсіз «жасыл стартаптар» түрткі болған.

Бейжіңдегі автосалонға барған «Дром» порталының шолушысы Сергей Арбузов «Российская газетаға» берген сұхбатында Қытай автонарығының қазіргі жағдайына баға берді.

Оның айтуынша, бүгінде Қытай автонарығының төзімділігі шынымен таңғаларлық деңгейде.

Қытайдың қазіргі автонарығын айтқанда, бізді жекелеген маркалар емес, бүкіл нарықтың қаншалықты шыдамды екені таңғалдыруы керек. Соңғы үш жылда мұнда баға соғысы жүріп жатыр, – дейді сарапшы.

Арбузовтың сөзінше, бұл бәсекені Xpeng, Nio және Li Auto сияқты «жасыл стартаптар» бастап берген. Олар қысқа уақыт ішінде сапалы электрлі және гибрид көліктерді нарыққа ұсынып, үлкен компанияларды да жаңа бағытқа бет бұруға мәжбүрледі.

Бұл жағдай ірі, әсіресе мемлекеттік концерндерді өздерінің «жасыл» брендтерін дамытуға итермеледі. Нәтижесінде нарықта алғашқы «баға соғысы» басталып, өндірушілер көліктерін арзандатып, ұзақ мерзімді бөліп төлеу жүйесін енгізуге көшті, – дейді ол.

Миллиардтаған шығын

Баға бәсекесі мен жаңа технологияларға салынатын ірі инвестициялар кей компанияларға ауыр соққы болған. Сарапшының айтуынша, аккумулятор технологияларын дамытуға кететін шығындар мен демпинг саясаты бірқатар брендті миллиардтаған шығынға батырған.

Мысалы, Nio компаниясы үлкен шығынға ұшыраса, нарық көшбасшыларының бірі болған BYD да табыстан қағылды.

BYD 2024-2025 жылдары Қытай нарығында көш бастап тұрған еді. Бірақ биыл бағаны субсидиялауды тоқтатқаннан кейін бірден бірінші орыннан төртінші орынға түсіп кетті, – дейді Арбузов.

Оның айтуынша, 2026 жылдың алғашқы тоқсанында Қытай нарығындағы алғашқы ондыққа кіретін барлық брендтің сатылымы төмендеген.

«Көпіршік» жарылуы мүмкін бе?

Сарапшы Қытай автонарығын «үлкейіп келе жатқан көпіршікке» теңейді. Оның пікірінше, нарықта бағаны қолдан төмендету, жаңа модельдерді үздіксіз шығару және технологияға кететін шығындар ұзақ уақытқа созылмауы мүмкін.

Мен Бейжіңдегі стендтердің барлығын аралап шықтым. Брендтер барлық сегментке кіріп, модель қатарын шектен тыс кеңейтіп жатыр. Бір қарағанда, бұл нарықтың табиғи дамуы сияқты көрінгенімен, шын мәнінде мұның артында үлкен тәуекел жатыр. Сондықтан бұл «көпіршіктің» қалайша жарылмай тұрғаны таңғалдырады. Бірақ оның уақыты жақындап қалды деп ойлаймын, – дейді сарапшы.

Арбузовтың пікірінше, жаңа, шағын компанияларға қауіп көп. Ал ірі мемлекеттік концерндер бұл жағдайда анағұрлым тұрақты.

Ең осал топ – шағын компаниялар. Ал Changan, GAC, SAIC, BAIC сияқты ірі мемлекеттік концерндер әлдеқайда тұрақты, – деп қорытындылады ол.