12 Қараша, 14:42
Сән мен жылдамдық үйлесімі: әлемдік сән үйлері қолтаңбасын қалдырған бес автокөлікДене бітімін қалыпта ұстап, денсаулықты нығайту үшін тұрақты жаттығудың маңызы зор. Алайда көп адам үшін спортпен айналысудың қиыны – жаттығудың өзі емес, оны бастау.
Бүгін шаршадық дейміз, ертең жұмыс көбейеді, ал арғы күні диванда жата тұрғымыз келеді. Мұның бәрін жалқаулыққа жаба салуға болмайды. Себебі миымыз бірден ләззат сыйлайтын дүниені таңдауға бейім. Мысалы, сериал көрудің рақаты сол сәтте сезіледі, ал спорттың пайдасы бірнеше аптадан немесе айдан кейін ғана байқалады.
Дегенмен бұл кедергіні жеңудің жолы бар. Психологтар ұсынатын қарапайым тәсілдер жаттығуды бастауға деген ішкі қарсылықты азайтып, спортты күнделікті әдетке айналдыруға көмектеседі.
1. Жаттығуды екі минуттан бастаңыз
Спортқа енді кіріскен адамдар көбіне өзіне бірден үлкен мақсат қояды. Мәселен, бұрын көп қимылдамаса да, аптасына үш рет бір сағаттан жаттығуды жоспарлайды. Бірақ алғашқы жаттығуға жетпей жатып-ақ ми шаршауды, терлеуді және бос уақыттың азаятынын елестетеді. Сөйтіп, спортзалдың орнына диван таңдалады.
Сондықтан бастапқыда орындалуы оңай шағын мақсат қойған дұрыс. Мысалы, бес рет отырып-тұру, қабырғаға сүйеніп бірнеше рет қолды бүгіп-жазу немесе екі минут бойы денені қыздыру жаттығуларын жасау.
Осыдан кейін жаттығуды тоқтатуға да, көңіліңіз қаласа жалғастыруға да болады. Ең бастысы – бастауға кедергіні азайту. Өйткені екі минуттық жаттығу үлкен сынақ болып көрінбейді.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, аздаған қимыл-қозғалыстың өзі мүлде қозғалыссыз отырғаннан пайдалы. Әрине, екі минуттық жаттығу толыққанды спорт бағдарламасын алмастыра алмайды. Оның мақсаты – адамды қозғалысқа үйретіп, тұрақты әдет қалыптастыру. Кейін жаттығу уақытын біртіндеп ұзартуға болады.
2. Жаттығуды күнделікті әдетіңізбен байланыстырыңыз
Спортпен айналысу үшін көңіл күйдің көтеріңкі болуын күту – жиі кездесетін қателік. Себебі жаттығуға деген ынта кейде апталап оянбауы мүмкін. Сондықтан психологтар алдын ала нақты жоспар құрып, жаттығуды күнделікті қайталанатын әрекеттермен байланыстыруды ұсынады.
Мысалы:
Behavior Change зерттеу шолуында осындай алдын ала құрылған жоспарлар белгілі бір жағдайды нақты әрекетпен байланыстыратыны айтылады. Соның арқасында адам күн сайын «Бүгін жаттығу жасаймын ба, жоқ па?» деп қайта-қайта шешім қабылдамайды.
Бірақ жоспар күнделікті өмір ырғағына сай болуы керек. Мәселен, жұмыстан жиі кеш шығатын адамға жаттығуды күн сайын сағат 18:00-де бастау қиын болуы мүмкін. Сондықтан тұрақты қайталанатын, орындауға ыңғайлы уақытты немесе күнделікті әрекетті таңдаған жөн.
3. Жаттығуға кедергі болатын дүниелерді алдын ала реттеңіз
Екі жағдайды салыстырып көріңіз. Бірінші жағдайда гантель шкафтың ішінде, спорттық киім басқа бөлмеде жатыр, ал жаттығатын орынды босату керек. Екінші жағдайда төсеніш еденге жайылған, гантельдер қолжетімді жерде, спорттық киім алдын ала дайындалған. Қай жағдайда жаттығуды бастау оңай болады? Әрине, екіншісінде.
Адамның әрекетіне тек ынта-ықыласы емес, айналасындағы орта да әсер етеді. Тіпті болмашы кедергінің өзі пайдалы істі кейінге қалдыруға себеп болуы мүмкін.
Сондықтан спорттық киімді көзге көрінетін жерге қойып, үйден жаттығуға арналған тұрақты орын белгілеп алған дұрыс. Сонымен қатар әр жолы интернеттен жаттығу іздеп отырмас үшін қысқа бағдарламаны алдын ала дайындап қойыңыз. Ал жаттығу кезінде әлеуметтік желілерге алаңдамау үшін телефонды басқа бөлмеге қалдырған жөн.
Зерттеулер де қоршаған ортаны өзгерту пайдалы әрекеттерді орындауды жеңілдететінін көрсетеді. Яғни жаттығуды бастау үшін ерік-жігерді үнемі жұмсай берудің қажеті жоқ, кейде айналаңызды ретке келтірудің өзі жеткілікті.
4. Жаттығуды өзіңізге ұнайтын іспен ұштастырыңыз
Қырық минут сүйікті сериалыңызды көруге уақыт табасыз, ал он бес минут жаттығуға келгенде ерінесіз. Мұның себебі қарапайым: сериал көргенде рахат бірден сезіледі, ал жаттығудың нәтижесі уақыт өте байқалады.
Психологияда мұндай жағдайда «пайдалы істі жағымды әрекетпен біріктіру» тәсілі қолданылады. Яғни өзіңізге ұнайтын дүниені жаттығумен қатар алып жүруге болады.
Мысалы, жүгіру жолында жүргенде ғана сүйікті сериалыңызды көріңіз, серуен кезінде қызықты подкаст тыңдаңыз немесе үйде жаттығып жүріп жақсы көретін әндеріңізді қосыңыз.
Бұл тәсіл физикалық белсенділікке деген қызығушылықты арттыруға арналған ғылыми зерттеулерде де қолданылған. Бұдан бөлек, адам өзіне ұнайтын жаттығу түрін таңдаса, оны тұрақты орындауға бейім болады.
Міндетті түрде спортзалға барып, гантель көтеру шарт емес. Би билеу, велосипед тебу, жүзу немесе жаяу серуендеу де дене белсенділігін арттырады. Ең бастысы – өзіңізге ұнайтын түрін табу. Тек музыка немесе бейнежазба жаттығудың дұрыс орындалуына және қауіпсіздікке кедергі келтірмеуі керек.
5. Әр жаттығуды күнтізбеге белгілеп отырыңыз
Көп адам бірнеше рет жаттығып, айнаға қарап, денесінде айтарлықтай өзгеріс байқамаған соң спортты тастап кетеді. Өйткені бұлшықет пен төзімділік бірден қалыптаспайды. Ал адам нәтижені тезірек көргісі келеді.
Сондықтан бастапқы кезеңде денедегі өзгерісті емес, жаттығудың орындалғанын белгілеуді әдетке айналдырыңыз. Әр жаттығудан кейін күнтізбеге белгі қойып отырыңыз. Уақыт өте келе сол белгілер тізбегі өзіңізге берген уәдеңізді қаншалықты орындағаныңызды көрсетеді.
Мұны шағын ойынға да айналдыруға болады. Мысалы, екі апта ішінде алты рет жаттығуды мақсат етіп, оны орындаған соң өзіңізге ұнайтын бір зат сатып алыңыз немесе көңілді демалыс ұйымдастырыңыз.
Зерттеулер адамның өз әрекетін бақылап отыруы, соның ішінде спортқа қатысты мақсаттарына жетуіне көмектесетінін көрсетеді.
Алайда бір жаттығуды өткізіп алсаңыз, оны үлкен сәтсіздік деп қабылдамаңыз. Ауырып қалсаңыз немесе қатты шаршасаңыз, жағдайыңыз түзелгенде қайта жалғастырыңыз. Әйтпесе күнтізбедегі белгілер мотивацияның орнына қосымша күйзеліске себеп болуы мүмкін.
Ең бастысы – әуелі әдет қалыптастыру
Бұл бес тәсілді бір жүйеге біріктіруге болады. Аптасына үш күнді жаттығуға арнап, спорттық киімді алдын ала дайындаңыз. Өзіңізге кем дегенде екі минут жаттығуға уәде беріп, сүйікті музыкаңызды қосыңыз. Соңында күнтізбеге белгі қойыңыз.
Ең маңыздысы – екі кезеңді шатастырмау. Алдымен жаттығуды тұрақты бастауға дағдылану керек. Содан кейін ғана оның ұзақтығы мен күрделілігін арттырған жөн.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы ересектерге аптасына кемінде 150 минут орташа қарқынды дене белсенділігімен айналысуға және күш жаттығуларын орындауға кеңес береді. Бірақ бұған дейін спортпен жүйелі шұғылданбаған адам алғашқы күннен-ақ осы межеге жетуге тырыспауы керек.
12 Қараша, 14:42
Сән мен жылдамдық үйлесімі: әлемдік сән үйлері қолтаңбасын қалдырған бес автокөлік10 Қараша, 17:27
Картада болмаған құпия қала: Шағанның ұмыт қалған тарихы9 Қараша, 13:41
Әкімшілік айыппұл: тексеру, төлеу және шағымдану жолдары6 Қараша, 17:08
Өзге ғаламшар ма дерсің: Қазақстандағы ерекше мекендер