Мемлекет басшысы Бекет ата мешітіне барды

7 Қараша 2022, 21:12 1540

Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі мәлім етті

Президент Маңғыстау облысына жұмыс сапары барысында Бекет ата жер асты мешітіне зиярат етті, деп хабарлайды El.kz

Қасым-Жомарт Тоқаев тарихи орында жергілікті ақсақалдармен әңгімелесіп, елдік мәселелерді талқылады.

– Қасиетті жерге зиярат ету үшін арнайы келдім. Мұнда 2019 жылы Президент лауазымына кіріскен кезде келген едім. Бүгін жұртшылықпен кездесіп, маңызды мәселелерді талқыладық. Маңғыстау облысының дамуына тың серпін беру керек екенін айттым. Үкіметке тиісті тапсырмалар бердім. Аманшылық болса, келешекте облыста бәрі жақсы болады деп ойлаймын. Осы бағытта жүзеге асырылып жатқан жұмыстардың бәрі менің бақылауымда болады, – деді Мемлекет басшысы.

Айта кетейік, бүгін Мемлекет басшысы жұмыс сапарымен Маңғыстау облысына барды. Маңғыстау жұртшылығымен кездескен Президент Әбіш Кекілбаевты әрқашан жадымызда сақтауымыз керектігін айтты.

Сондай-ақ Каспийде заңсыз балық аулаудың жолын кесу қажеттгін, браконьерлер балықтың көбеюіне кесірін тигізіп, теңіздің экожүйесіне зардап келтіріп жатқандығына тоқталды.

Жұмыс сапары аясында Ақтау қаласындағы «Каспий» су тұшыту зауытының жұмысымен танысты.

EL.KZ
Бөлісу: