Кеше, 09:39
«Ботаникалық бақта пикник жасауға болмайды»: рейдтен кейінгі көрінісКейінгі жылдары ұйқыны жақсарту үшін көпшілік мелатонин мен магнийді жиі қолданады. Алайда мамандар бұл екі заттың ағзаға әсері мүлде бөлек екенін және бірінің орнын бірі баса алмайтынын айтады.
Нейробиологтардың түсіндіруінше, мелатонин – адамның биологиялық сағатын реттейтін гормон. Ол ұйықтататын дәрі емес. Оның негізгі қызметі – миға «ұйықтайтын уақыт келді» деген белгі беру. Сондықтан мелатонин уақыт белдеуі ауысқаннан кейін (джетлаг) немесе адамның ұйқы режимі бұзылған жағдайда тиімдірек саналады.
Ал магнийдің әсер ету механизмі өзгеше. Бұл минерал ағзадағы жүздеген биохимиялық үдеріске қатысады. Сонымен қатар жүйке жүйесін тыныштандырып, ағзаны босаңсытатын гамма-аминомай қышқылының (GABA) түзілуіне қажет. Сол себепті магний күйзеліс, мазасыздық немесе бұлшықет кернеуі салдарынан ұйқысы бұзылған адамдарға көбірек көмектесуі мүмкін.
Ғылыми зерттеулер мелатониннің ұйықтап кету уақытын аздап қысқартып, ұйқының сапасын біршама жақсартатынын көрсеткен. Дегенмен оның тиімділігі ең алдымен бірнеше уақыт белдеуін кесіп өткеннен кейінгі ұйқы бұзылыстарын қалпына келтіруде дәлелденген.
Ал магнийге қатысты зерттеулер әлі де жалғасып жатыр. Соңғы ғылыми еңбектер бұл минералдың, әсіресе ағзасында магний тапшылығы бар адамдарда, жеңіл ұйқысыздық пен мазасыздық белгілерін азайтуға көмектесуі мүмкін екенін көрсетеді. Соған қарамастан ғалымдар нақты қорытынды жасау үшін қосымша зерттеулер қажет екенін айтады.
Мамандар мелатонин де, магний де созылмалы ұйқысыздықты емдейтін дәрі емес екенін ескертеді. Егер ұйқы ұзақ уақыт бойы бұзылып жүрсе, міндетті түрде дәрігерге қаралған жөн. Қажет болған жағдайда дәрігер когнитивті-мінез-құлық терапиясын (CBT-I) немесе тиімділігі ғылыми тұрғыдан дәлелденген басқа емдеу тәсілдерін ұсынуы мүмкін.
Сарапшылар тағы бір маңызды жайтқа назар аударады: дәрінің мөлшерін көбейту оның әсерін күшейтпейді.
Мелатониннің ұсынылатын тәуліктік мөлшері – 0,5-3 мг. Оны ұйықтардан бір-екі сағат бұрын қабылдаған дұрыс. Ал шамадан тыс көп мөлшерде қабылдау ағзаның табиғи биологиялық ырғағын бұзуы ықтимал.
Магнийдің тәуліктік мөлшері адамның тамақтануына және жеке қажеттілігіне байланысты 100-400 мг аралығында болады. Оның ішінде магний глицинаты – жақсы сіңетін әрі асқазан-ішек жолына жанама әсері аз түрлерінің бірі.
Мамандардың айтуынша, мелатонин мен магнийді қатар қабылдауға болады. Алайда олардың бірге қабылдануы әрқайсысын жеке қолданғаннан тиімдірек екенін дәлелдейтін ғылыми деректер әзірге жеткіліксіз.
Жалпы алғанда, екі препарат та дұрыс қолданылған жағдайда қауіпсіз деп есептеледі. Дегенмен олар кейбір дәрі-дәрмектермен өзара әсерлесуі немесе жанама әсер туғызуы мүмкін. Сондықтан созылмалы ауруы бар немесе тұрақты түрде дәрі қабылдайтын адамдар бұл қоспаларды қолданбас бұрын міндетті түрде дәрігермен кеңескені жөн.
Кеше, 09:39
«Ботаникалық бақта пикник жасауға болмайды»: рейдтен кейінгі көрініс16 Шілде, 17:14
Финалда Испания жеңіске жетеді – сарапшы болжамы15 Шілде, 12:09
Зендеяны стиль иконасына айналдырған адам: Лоу Роуч туралы не білеміз?14 Шілде, 17:41
ӘЧ-2026: қай құрама финалға жолдама алады?