30 Шілде, 11:07
«Грэмми» айналасындағы дау: BTS байқауға қатысудан неге бас тарттыКүн сайын адам миы орасан көп ақпарат қабылдайды. Жұмыс, әлеуметтік желі, жаңалықтар, күнделікті міндеттер мен толассыз ойлар – мұның бәрі адамның зейіні мен эмоциялық күйіне салмақ түсіреді. Осындай сәтте медитацияны ойдан толық арылудың тәсілі емес, назарды қазіргі сәтке қайта бағыттап, өз күйіңді байқауға мүмкіндік беретін тәжірибе ретінде қарастыруға болады.
Медитация маманы, қазақша медитацияның авторы, психолог Айнара Байжан да бұл тәжірибенің мәнін ең алдымен адамның өзімен байланыс орнатуынан көреді. Оның айтуынша, медитация кезінде ештеңе ойламауға тырысу міндетті емес.
Көп адам медитацияны ойды тоқтату деп түсінеді. Бірақ біздің миымыз үнемі жұмыс істеп тұрады. Оған да кейде «тежегіш» керек. Күнделікті ақпарат ағынынан бір сәт ажырап, миға демалыс беру маңызды, - дейді Айнара Байжан.
Медитация кезінде ой келсе, не істеу керек?
Медитацияны алғаш бастаған адамның жиі кездесетін мәселесінің бірі – ойдың тоқтамауы. Бірнеше минут тыныш отырғанның өзінде жұмыс, отбасы, жоспар, кеше болған оқиға немесе ертең атқаратын шаруа еске түсуі мүмкін. Осы кезде кей адам «мен дұрыс медитация жасай алмай отырмын» деп бірден тоқтатып тастайды.
Айнара Байжан мұны қателік деп санайды. Оның сөзінше, медитацияның мақсаты – ойды күшпен тоқтату емес. Керісінше, келген ойға ілесіп кетпей, оны байқап, қайтадан назарыңды қазіргі сәтке бұру маңызды.
Бастапқы кезде ойдың келуі – қалыпты нәрсе. «Мен қазір ештеңе ойламауым керек» деп өзіңді қинаудың қажеті жоқ. Ой келсе, оны байқап, бақылаушы позициясында болған дұрыс, - дейді медитация маманы.
Яғни медитацияны ойсыз күйге жету жарысына айналдырудың қажеті жоқ. Мұнда адамның өз ойын, сезімін және ішкі күйін байқауы маңызды.
Қай уақытта және қанша минут медитация жасау керек?
Медитацияны таңертең жасау керек пе, әлде ұйықтар алдында ма? Оған міндетті түрде 10, 20 немесе 30 минут бөлу қажет пе?
Айнара Байжанның айтуынша, нақты бір уақытты бәріне ортақ ереже ретінде белгілеу дұрыс емес. Ең маңыздысы – тәжірибенің ұзақтығынан бұрын оның жүйелілігі.
Нақты қатып қалған ереже жоқ. Өзіңізге ыңғайлы уақытты таңдауға болады. Біреуге таңертең ыңғайлы, енді біреуге кешкі уақыт қолайлы. Медитация энергияны көтеріп жіберетіндіктен, түнде жасамаған жөн. Ең жақсысы таңғы медитация. Өйткені, ми әлі бос, күннің ақпаратын жүктемеген, бейсана ашық, нейропластика жоғары. Бастысы – медитацияны жүйелі түрде жасап, күнделікті өмірдің бір бөлігіне айналдыру, - дейді ол.
Сондықтан бастапқы кезеңде өзіңе орындалмайтын талап қоюдың қажеті жоқ. Адам өзіне ыңғайлы уақытты таңдап, сол уақытта медитация жасауға дағдыланса, оны күнделікті әдетке айналдыру жеңілдей түседі.
Медитация барлық мәселені шешетін «сиқырлы құрал» емес
Соңғы жылдары әлеуметтік желіде медитация кейде адамның тілегін орындайтын, ақша мен жетістікке жеткізетін немесе өмірін бірден өзгертетін тәсіл ретінде ұсынылады. Айнара Байжанның айтуынша, медитацияны тек белгілі бір материалдық нәтижеге жетудің құралына айналдыру оның негізгі мәнін көмескілендіреді.
Медитацияға тек бір нәрсе сұрау үшін келу дұрыс емес. Оның негізгі мақсаты – өзіңмен байланыс орнату, ішкі күйіңді түсіну. Адам сырттан бір нәрсе іздей бергеннен гөрі, алдымен өзінің ішінде не болып жатқанын байқауы керек, - дейді маман.
Осы тұрғыдан алғанда медитация адамның проблемасын оның орнына шешіп бермейді. Бірақ өз ойы мен эмоциясын байқауға, назарын басқаруға және белгілі бір жағдайға автоматты түрде реакция білдірмей тұрып оны аңғаруға мүмкіндік беретін тәжірибелердің бірі бола алады.
Медитация күйзелісті азайта ала ма?
Айнара Байжан медитацияны күнделікті ақпараттық жүктемеден уақытша ажырап, адамның өз ішкі күйіне назар аударуына мүмкіндік беретін тәжірибе ретінде сипаттайды.
Біз күні бойы сырттан ақпарат қабылдаймыз. Бір нәрсеге алаңдаймыз, бір нәрсені ойлаймыз. Медитация кезінде адам сол ағыннан уақытша шығып, өзіне назар аударады. Мен мұны миға қажет «тежегіш» деп айтар едім, - дейді ол.
Маманның айтуынша, мұндай тәжірибе адамның эмоциясын бірден жойып жібермейді. Оның орнына адам өзінің мазасызданып, ашуланып немесе шаршап отырғанын ертерек байқай бастайды. Бұл эмоцияға бірден еріп кетпей, оған сырттай қарауға мүмкіндік береді.
Осы тұста медитацияны кәсіби психологиялық көмектің баламасы деп қабылдамау маңызды. Айнара Байжан сұхбат барысында психологпен жұмыс істеудің де маңызын атап өтеді. Оның пікірінше, адамның өзін тануы, ішкі мәселелерімен жұмыс істеуі мен медитация бірін-бірі алмастыратын емес, әртүрлі міндет атқаратын тәжірибелер.
Медитация кезінде мидың белсенділігі өзгере ме?
Айнара Байжан медитацияның әсерін түсіндіру барысында мидың әртүрлі белсенділік күйлеріне де тоқталды. Оның айтуынша, күнделікті тіршілікте адам көбіне белсенді ойлау, ақпаратты өңдеу, шешім қабылдау жағдайында жүреді. Маман мұны мидың «бета» белсенділігімен байланыстырады.
Күнделікті өмірде миымыз үнемі жұмыс істейді: ойланамыз, жоспарлаймыз, ақпарат қабылдаймыз, бір нәрсеге алаңдаймыз. Медитация кезінде осы белсенділікті бәсеңдетіп, миды тыныш күйге ауыстыруға мүмкіндік береміз. Бұл адамның өзімен байланыс орнатып, ішкі тепе-теңдігін сезінуіне көмектеседі, - дейді Айнара Байжан.
Домбыра мен қобыз үні медитацияға қалай әсер етеді?
Айнара Байжан қазақ тіліндегі медитацияларында ұлт аспаптарының үнін қолданады. Оның айтуынша, домбыра мен қобыздың үні кей адамдарға тынышталып, назарын ішкі күйіне аударуға көмектеседі.
Домбыра мен қобыздың үні бізге өте жақын. Ұлт аспаптарының үнін естіген кезде адамның ішінде белгілі бір сезім оянады. Сондықтан авторлық қазақша медитациямды студияға барып, күйшілермен бірге жазып шықтым, - дейді автор.
Қазіргі сәтте болуды үйрену
Айнара Байжан медитацияның тағы бір қырын адамның қазіргі сәтті сезіне алуымен байланыстырады. Өйткені адам ойымен өткен оқиғаларды қайта-қайта саралап немесе әлі болмаған болашаққа алаңдап жүруі мүмкін.
Медитация барысында адам сол ойлардың бар екенін байқап, назарын қайтадан дәл қазіргі сәтке – тынысына, денесіндегі сезімдерге немесе айналасындағы дыбыстарға бұрады.
Маман мұны «бақылаушы позициясы» деп сипаттайды. Яғни адамның ойы мен эмоциясы бар, бірақ ол өзін сол ойлармен толық теңестірмей, олардың қалай пайда болып, қалай өзгеретінін байқауды үйренеді.
Осы себепті Айнара Байжан медитацияны адамның өз әлеуетін тануымен де байланыстырады. Оның пікірінше, адам өзінің қалауын, қорқынышын және ішкі күйін жақсырақ түсінген сайын өмірдегі шешімдеріне де саналырақ қарай бастайды.
Медитацияны неден бастауға болады?
Медитацияға алғаш келген адам үшін ең басты талап – мінсіз орындау емес. Бірнеше минут тыныш отырып, тынысқа немесе денедегі сезімдерге назар аударудың өзі бастапқы тәжірибе бола алады. Ой басқа жаққа ауып кеткенін байқаған кезде назарды қайта қайтаруға болады.
Ал Айнара Байжан үшін медитацияның негізгі мәні – адамның сыртқы ақпарат ағынынан уақытша ажырап, өзіне қайта оралуы.
Біз үнемі бір жаққа асығамыз, бір нәрсеге жеткіміз келеді. Бірақ сол жолда өзімізбен байланысты жоғалтып алмауымыз керек. Медитация – өзіңе қайта оралатын уақыт, - дейді қазақша медитация авторы.
Медитацияны дәл осы тұрғыдан қарастырғанда, ол «ойды өшіру» немесе тілекті орындату тәсілінен гөрі адамның назарын жаттықтыруға, өз күйін байқауға және күнделікті қарбаласта өзіне уақыт бөлуге арналған тәжірибеге айналады.
Айнара Байжан айтқандай, медитацияның түпкі мәні сыртқы дүниеден тағы бір нәтиже іздеуде емес, адамның өзімен байланысын күшейтуінде. Сондықтан медитация кезіндегі бірнеше минуттық тыныштықтың өзі күнделікті қарбаласта өз күйіңді байқап, назарыңды өзіңе қайта бұруға арналған уақыт бола алады.
30 Шілде, 11:07
«Грэмми» айналасындағы дау: BTS байқауға қатысудан неге бас тартты29 Шілде, 13:10
Жаңа пандемия кез келген уақытта басталуы мүмкін: ДДҰ не дейді?27 Шілде, 18:09
«Бәрі қаржыға байланысты»: Неліктен «Қайрат» еурокубоктағы матчын Түркістанда өткізеді24 Шілде, 11:39
Мадина Ералиеваға құрмет: Ерке Есмахан үш жылдық үзілістен соң сахнаға оралды