Күрестен әлем чемпионаты: 30 қазанда Қазақстанның алты балуаны бозкілемге шығады

Күрестен әлем чемпионаты: 30 қазанда Қазақстанның алты балуаны бозкілемге шығады

Мадина Асылбекова
Фото: AI көмегімен өңделді

30 қазанда Астанада күрестен 2026 жылғы әлем чемпионатының жетінші жарыс күні өтеді.

Бұл күні әйелдер күресінен екі салмақта жүлдегерлер анықталса, еркін күрестен тағы екі салмақ дәрежесінде чемпиондар белгілі болады. Сонымен қатар еркін күрестен 61, 70, 86 және 125 келіге дейінгі салмақтарда іріктеу және жартылай финалдық белдесулер өтеді.

30 қазанға арналған жарыс кестесі

Жарыс кестесі Қазақстан уақытымен көрсетілген.

10:30 – таңғы бағдарлама

Еркін күрес: 61, 70, 86 және 125 келіге дейінгі салмақтарда іріктеу белдесулері;

Еркін күрес: 65 және 97 келіде жұбаныш белдесулері;

Әйелдер күресі: 55 және 59 келіде жұбаныш белдесулері.

16:30 – жартылай финал

Еркін күрес: 61, 70, 86 және 125 келіге дейінгі салмақтар.

18:00 – финалдық кезең

Еркін күрес: 65 және 97 келіде жүлде үшін белдесулер;

Әйелдер күресі: 55 және 59 келіде жүлде үшін белдесулер.

Қазақстан атынан кімдер белдеседі?

Әлем чемпионатының жетінші күні Қазақстан құрамасының алты балуаны жарыс жолына шығады.

Еркін күрестен 61 келіде 27 жастағы Асыл Айтақын, 70 келіде 27 жастағы Санжар Досжанов, 86 келіде 33 жастағы Болат Сақаев және 125 келіде 19 жастағы Едіге Қасымбек өнер көрсетеді.

Ал әйелдер күресінен 59 келіде сынға түсетін 23 жастағы Алтын Шағаева қола жүлде үшін белдеседі. Еркін күрестен 65 келіде өнер көрсететін 26 жастағы Өсімжан Дастанбек жұбаныш белдесулерінде жеңіске жетіп, қола медаль үшін күресуге мүмкіндік алуға тырысады.

30 қазанда қандай медальдар сарапқа салынады?

Жұма күні әлем чемпионатының төрт салмақ дәрежесінде жүлдегерлер анықталады:

Еркін күрес: 65 және 97 келі;

Әйелдер күресі: 55 және 59 келі.

Қалған төрт салмақта еркін күрестен іріктеу және жартылай финалдық белдесулер өтеді. Жартылай финалда жеңіске жеткен балуандар әлем чемпионы атағы үшін күресуді жалғастырады.

Айта кетейік, күрестен әлем чемпионаты Астанада 24 қазан мен 1 қараша аралығында өтіп жатыр. Байрақты бәсекеде әлемнің үздік балуандары грек-рим, еркін және әйелдер күресінен бақ сынауда.

Қазақстан балуандарының 30 қазандағы белдесу кестесі

10:30. 65 келі – жұбаныш кезеңі

Өсімжан Дастанбек (әлемдік рейтингте №18) – Зээнмэдэр Бямбасүрэн (Моңғолия, №38).

11:08. 125 келі – 1/16 финал

Едіге Қасымбек (№12) – Александре Абрамишвили (Грузия, №64).

11:52. 61 келі – 1/16 финал

Асыл Айтақын (№14) – Өмүрбек Асан уулу (Қырғызстан).

12:07. 70 келі – 1/16 финал

Санжар Досжанов (№21) – Юджин Омулуле (Кения).

12:41. 86 келі – 1/16 финал

Болат Сақаев (№10) – Габриэль Иглесиас (Испания, №60).

18:08. 59 келі – қола медаль үшін белдесу

Алтын Шағаева (№34) – қарсыласы жұбаныш белдесулерінің қорытындысы бойынша анықталады.

Қазақстандық жанкүйерлер әлем чемпионатының белдесулерін Qazsport телеарнасынан тікелей эфирде тамашалай алады.

Оқи отырыңыз

{