Кәсіпқой боксшылар Олимпиадаға қатыса ала ма?

Кәсіпқой боксшылар Олимпиадаға қатыса ала ма?

Фото: коллаж AI / El.kz

АҚШ бокс федерациясы 2028 жылы Лос-Анджелесте өтетін Олимпиадаға ұлттық құраманы жасақтау кезінде кәсіпқой боксшыларға да мүмкіндік беретін арнайы іріктеу жүйесін енгізді. Бұл шешім Қазақстанның кәсіпқой рингте жүрген боксшыларына да Олимпиадаға қатысуға жол ашуы мүмкін. Қазақстан бокс федерациясының өкілі Tengri Sport-қа берген сұхбатында еліміздегі іріктеу тәртібіне қатысты сөз қозғады.

АҚШ кәсіпқой боксшыларға қалай мүмкіндік бермек?

2016 жылдан бастап кәсіпқой боксшыларға Олимпиада ойындарына қатысуға рұқсат берілген. Алғашында жекпе-жек санына шектеу қойылып, 15 кездесуден артық жұдырықтасқан спортшылар Олимпиадаға қатыса алмайтын. Кейін бұл талапты алып тастады. 

Қазір Халықаралық Олимпиада комитеті мен World Boxing ұйымының ережелерінде кәсіпқой боксшылардың Олимпиадаға қатысуына жалпы тыйым жоқ. Дегенмен кәсіби бокс ұйымдарының талаптары мен ұлттық федерациялардың ішкі ережелері спортшылардың жолын шектеуі мүмкін.

Мәселен, Дүниежүзілік бокс кеңесі (WBC) кәсіпқой боксшылардың Олимпиадаға қатысуына қарсы. Ұйымның талабына сәйкес, рейтингтің үздік 15 боксшысына екі жылға жарыстардан шеттетілу қаупі төнуі мүмкін.

2026 жылы 21 қазанда АҚШ бокс федерациясы кәсіпқой спортшылардың ұлттық құрамаға іріктелуіне мүмкіндік беретін жаңа жүйені жариялады. Алғашында кәсіпқой боксшылар арасында арнайы турнир өтеді. Олимпиадалық салмақ дәрежелерінде жеңіске жеткен спортшылар 2027 жылы АҚШ-тың элиталық құрамасын жасақтауға арналған іріктеу-жаттығу жиынына шақырылады.

Бұл бастама АҚШ құрамасының бәсекеге қабілеттілігін арттырып, 2027 жылғы Панамерикалық ойындар мен 2028 жылғы Олимпиада алдында мықты спортшыларды іріктеуге бағытталған.

Қазақстандық кәсіпқой боксшылар Олимпиадаға қатыса ала ма?

Қазақстанда АҚШ-тағыдай кәсіпқой боксшыларға арналған жеке іріктеу жүйесі жоқ. Алайда олардың ұлттық құрамаға қосылуына тікелей тыйым да қойылмаған. Қазақстан бокс федерациясының атқарушы директоры Рауан Игеневтің айтуынша, кәсіпқой рингте өнер көрсететін спортшылар Қазақстан чемпионатына қатысып, жүлделі орын алған жағдайда ұлттық құрамаға үміткер бола алады.

Кәсіпқой бокста жұдырықтасып жүрген спортшылар Қазақстан чемпионатына қатысып, жүлдегерлер қатарынан көрінсе, ұлттық құрамаға қабылдана алады. Олар Спортты дамыту дирекциясына қызметкер ретінде тіркеліп, жалақы алады және ұлттық құраманың мүшесі болады. Ал нақты іріктеу кезінде бас бапкер спортшылардың турнирлердегі нәтижелерін ескере отырып, үміткерлерді анықтайды. Кәсіпқой боксшыларға қатысты ешқандай шектеу жоқ, – деді Рауан Игенев Tengri Sport басылымына берген сұхбатында.

Оның сөзінше, кәсіпқой боксшылардың Олимпиадаға қатысу мәселесі АҚШ-та спортты қаржыландыру жүйесінің ерекшелігіне байланысты өзекті болып отыр. Америкада кәсіпқой және олимпиадалық бокс екі түрлі бағытта дамиды. Кәсіпқой бокс негізінен коммерциялық жүйеге сүйенсе, олимпиадалық бокс мемлекеттік қолдау мен спорт институттарының көмегіне арқа сүйейді.

USA Boxing федерациясының кәсіпқой боксшыларға ұлттық құрамаға жол ашу туралы шешімін оң қадам деп санаймын. Бұл бәсекелестікті күшейтіп, тәжірибелі әрі талантты спортшыларды тартуға және елдегі олимпиадалық бокстың деңгейін көтеруге мүмкіндік береді. Мұндай шешімнен спортшылар да, ұлттық құрама да, жалпы олимпиадалық бокс та ұтады, – деді федерация өкілі.

Кәсіпқой боксшы ел чемпионатына қалай қатысады?

Рауан Игеневтің түсіндіруінше, Қазақстанда кәсіпқой боксшы ел чемпионатына қатысу үшін өзі өкілдік ететін өңірдің бокс федерациясына жүгіне алады. Өңірлік федерация спортшының кандидатурасын қарап, белгіленген талаптарға сай болған жағдайда оны жарыстың ресми өтініміне енгізеді.

Мұндай тәжірибеге Абылайхан Жүсіповті мысал етуге болады. Ол бұған дейін кәсіпқой рингте өнер көрсетіп, кейін олимпиадалық боксқа қайта оралуды ұйғарған. Спортшының жарысқа қатысуы Қарағанды облысының бокс федерациясымен келісілген.

Қазақстан бокс федерациясының ұстанымы бойынша, спортшылардың мәртебесіне қарамастан, олардың әділ бәсекеде өз мүмкіндігін көрсетуіне жағдай жасалуы керек. Дегенмен барлық қатысушы қолданыстағы жарыс ережелері мен талаптарына сай болуы шарт.

Олимпиада алдында бәсеке күшейе ме? 

Кәсіпқой боксшылардың тәжірибесі мол болғанымен, бұл олардың Олимпиадада міндетті түрде басым түсетінін білдірмейді. Себебі кәсіпқой және олимпиадалық бокстың дайындық жүйесі, жекпе-жек жүргізу тактикасы мен физикалық жүктемесі әртүрлі.

Рауан Игенев кәсіпқой боксты марафонға, ал олимпиадалық боксты спринтке ұқсатады. Кәсіпқой рингте боксшыға жекпе-жек барысында қарсыласын зерттеп, тактикасын біртіндеп өзгертуге және кейінгі раундтарда басымдыққа қол жеткізуге мүмкіндік бар. Сондықтан мұнда төзімділік пен күш дайындығы маңызды рөл атқарады.

Ал олимпиадалық бокста әр раундтың маңызы зор. Спортшы алғашқы секундтардан бастап жылдамдық, дәлдік, жоғары қарқын және тактикалық икемділік танытуы керек. Қарсыласын ұзақ уақыт зерттеп, біртіндеп қажытуға мүмкіндік аз. Әрине, кейбір кәсіпқой боксшылар күш-қуаты, тәжірибесі немесе жеке шеберлігі жағынан олимпиадалық бокс өкілдерінен басым болуы мүмкін. Алайда бұл үш раундқа созылатын жекпе-жекте де олардың міндетті түрде жеңетінін білдірмейді. Сондықтан кәсіпқой және олимпиадалық бокстың бірін екіншісінен жоғары қою дұрыс емес. Екі бағыттың да өзіндік ерекшелігі мен спортшыға қоятын талабы бар.

Оқи отырыңыз

{