Кеше, 09:00
«Пышақ сабын арқар мүйізінен жасаймын»: қазақ ұстасының қайталанбас қолөнер туындыларыКезінде үй жағдайында донер мен бургер дайындап, дүкендерге өзі өткізген Еламан Беделбаев бүгінде Алматыдағы 13 сауда нүктесін басқарады. Кәсібін небәрі 100 мың теңгемен бастаған ол төрт жыл ішінде қоғамдық тамақтану нарығында өз брендін қалыптастырған. Алайда бұл жетістікке жету жолында қаржылай шығынға ұшырап, түрлі қиындықтарды да бастан өткерген. El.kz тілшісіне берген сұхбатында кәсіпкер алғашқы қадамдары, мемлекеттік қолдаудың тиімділігі және бизнесті еліміздің өзге өңірлеріне кеңейту жоспары туралы айтып берді.
100 мың теңгемен басталған кәсіп
Еламан Беделбаев кәсіпкерлікке бірден үлкен қаржымен келген жоқ. Алғашында үй жағдайында донер мен бургер дайындап, оларды жергілікті дүкендерге өткізген. Өнімді әзірлеуден бастап, сауда орындарына жеткізуге дейінгі жұмысты өзі атқарған. Кәсіп бастауына осы салада жүрген таныстары мен ағаларының ықпалы тиген. Олардың тәжірибесін көрген Еламан өз мүмкіндігін сынап көруге бел буған.
Таныстарым мен ағаларым осы кәсіппен айналысатын. Сол кісілерге қарап, мен де өзімді сынап көргім келді. Қолымнан келе ме екен деп бастап көрдім. Ағаларымыздың қолдауы мен тұтынушылардың сенімінің арқасында бүгінгі деңгейге жеттік, – дейді кәсіпкер.
Алғашқы кәсібіне салған қаражаты небәрі 100 мың теңге болған. Оған тағам дайындауға қажетті азық-түлік пен басқа да өнімдерді сатып алған. Кәсіпкердің айтуынша, бастапқыда тапсырыс табу үшін дүкендерді өзі аралап, өнімін ұсынған. Ол бизнестің алғашқы кезеңінде ең маңыздысы тұтынушының сеніміне ие болу екенін түсінген.
Дүкендерге өнімді өзім апарып, өз қолыммен дайындағанымды айтатынмын. Адамдар соған сенді. Мен үшін кәсіптегі ең маңызды нәрсе – сенім. Қазіргі заманда сенім ақшадан да қымбат. Оны ешқандай қаражатқа сатып ала алмайсың, – дейді ол.
Еламанның сөзінше, тұтынушы сеніміне кіру үшін сапалы өнім ұсынып қана қоймай, алған міндеттемеге жауапкершілікпен қарау қажет. Ол кәсібін кеңейткеннен кейін де осы қағидасын ұстанып келеді.
«Шығынға ұшыраған жобаларым да болды»
Бүгінде бірнеше тамақтану орнын басқарып отырған кәсіпкердің алғашқы бастамаларының барлығы бірдей сәтті болмаған. Донер бизнесіне дейін өзге салаларда да бағын сынап көрген. Алайда кейбір жобалары табыс әкелудің орнына шығынға ұшыратқан. Соған қарамастан, Еламан кәсіпкерліктен бас тартпаған. Керісінше, сәтсіздіктерінен сабақ алып, тәжірибелі кәсіпкерлермен көбірек араласа бастаған.
Бұған дейін де басқа кәсіптермен айналыстым. Барлығы бірден жақсы болып кеткен жоқ. Шығынға ұшыраған жобаларым да болды. Кейін тәжірибелі кәсіпкерлермен араласып, олардың басынан өткен жағдайларды тыңдадым. Сол кезде қорықпай тәуекелге барып, әрекет ету керектігін түсіндім, – дейді ол.
Осылайша, үй жағдайында басталған шағын кәсіпті кеңейту туралы шешім қабылдаған. Алматыға келіп, қоғамдық тамақтану нарығына ден қойған. Кәсіпкердің айтуынша, табысқа жетудің дайын жолы жоқ. Әрбір жаңа бастама тәуекелді, үздіксіз ізденісті және уақытылы шешім қабылдауды талап етеді.
Алматыда қоғамдық тамақтану орындары, әсіресе донер сататын нүктелер көп. Сондықтан мұндай нарықта тұтынушының назарын аударып, тұрақты сұраныс қалыптастыру оңай емес. Еламан Беделбаев бәсекелестерден ерекшеленудің бір жолы ретінде бренд атауына мән берген. Оның айтуынша, көше атауымен байланысты атау тұтынушылардың есінде сақталып, кәсіптің танылуына ықпал еткен.
Біз көшенің атауымен бренд аштық. Адамдардың есінде солай қалдық. Кейін тұтынушылардың сеніміне ие болып, жұмысымызды кеңейте бастадық. Қазіргі таңда Алматыда 13 нүктеміз бар. Бұл нәтижеге төрт жылда жеттік, – дейді кәсіпкер.
Алайда Еламан брендтің танымал болуы жеткіліксіз екенін айтады. Оның сөзінше, тұтынушыны бір рет қызықтыруға жарнама көмектескенімен, қайта келуіне тағамның дәмі мен сапасы әсер етеді. Сондықтан компания донердің негізгі құрамдас бөліктері – еттің маринады мен тұздыққа ерекше көңіл бөледі.
Донердің құрамында ингредиенттер көп емес. Тұздалған қияр, картоп фри, ет және тұздық болады. Қияр мен картоптың дәмін айтарлықтай өзгерту қиын. Ал еттің маринады мен тұздықтың дәмін өзің қалыптастырасың. Осы екеуін дұрыс үйлестіріп, адамдарға ұнайтын дәмге жеткізсең, тұтынушы қайта оралады, – дейді ол.
Кәсіпкердің айтуынша, сауда нүктелері көбейген сайын олардың барлығында бірдей сапаны сақтау маңызды бола түседі. Өйткені тұтынушы брендтің қай нүктесіне барса да, өзі үйренген дәмді күтеді.
Тапсырыстың жартысы онлайн түседі
Қоғамдық тамақтану саласында тұтынушылардың сұранысы да өзгеріп келеді. Қазір көпшілік тағамды арнайы барып сатып алумен қатар, үйіне немесе жұмыс орнына алдыруды жөн көреді. Бұл өзгеріс кәсіпкерлерден жеткізу қызметін де тиімді ұйымдастыруды талап етеді. Еламан Беделбаевтың айтуынша, компаниядағы тапсырыстардың шамамен 50 пайызы онлайн қабылданады. Сондықтан кәсіпті дамытуда жеткізу қызметінің мүмкіндіктеріне ерекше назар аударылады.
Қазір тапсырыстарымыздың 50 пайызы онлайн түседі. Біз көбіне фуд-корттарда жұмыс істейміз. Сол жерге келіп тамақтанатын қонақтарымыз бар. Сонымен қатар жеткізу қызметі арқылы үйіне тапсырыс беретіндер де көп, – дейді кәсіпкер.
Оның сөзінше, сауда нүктелері мен жеткізу қызметі тәулік бойы жұмыс істейді. Мұндай жұмыс тәртібі тұтынушыларға күннің кез келген уақытында тапсырыс беруге мүмкіндік жасайды. Дегенмен Еламан нарықтағы орнын сақтап қалу үшін жұмыс уақытын ұзарту немесе жаңа нүктелер ашу жеткіліксіз деп есептейді. Кәсіпкер үнемі ізденіп, нарықтағы өзгерістерге бейімделіп отыруы қажет.
Сапаны да, қызмет көрсетуді де, өз біліміңді де үнемі жетілдіріп отыру керек. Қазір экономика да, нарық та бір орында тұрмайды. Сондықтан жаңа ақпарат іздеп, заман талабына бейімделу маңызды, – дейді ол.
28 қазанда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған Жолдауында шағын және орта бизнесті дамыту мәселесін көтерді. Президент кәсіпкерліктің ел экономикасындағы рөлін арттырып, бизнес жүргізуге қолайлы жағдай жасау қажеттігіне назар аударды.
Кәсіпкерлікті қолдау мәселесі Еламан Беделбаев үшін де өзекті. Ол шағын кәсіптен бастап, бірнеше сауда нүктесіне дейін кеңейгендіктен, бизнесті тіркеу, қаржыландыру және дамыту процестерін өз тәжірибесінен өткізген. Осы орайда кәсіпкерден елімізде бизнес бастауға жасалған жағдай мен мемлекеттік қолдау шараларына қаншалықты көңілі толатынын сұрадық. Еламан Қазақстанда кәсіп ашуға мүмкіндік бар екенін айтады. Оның ойынша, қолданыстағы рәсімдерді білетін, нақты жоспары бар адам өз ісін бастай алады.
Негізі, көңілім толады. Басқа мемлекеттермен салыстырғанда, Қазақстанда кәсіп ашуға мүмкіндік бар. Кейбір елдерде құжат жинаудың өзіне көп уақыт кетеді. Ал бізде бұл процесті жақсы білетін адам кәсібін тезірек бастай алады. Ең бастысы, жақсы жоспар болуы керек. Қазақстанда бизнес жасауға болады. Тек әрекет ету, жұмыс істеу және өзіңе сену қажет, – дейді ол.
Кәсіпкердің айтуынша, мемлекеттік қолдау бизнесті жаңадан бастаған азаматтарға ғана емес, кәсібін кеңейтуді көздеген кәсіпкерлерге де қажет. Себебі жаңа нүкте ашу, құрал-жабдық сатып алу және қызметкерлер санын арттыру қосымша қаражатты талап етеді.
Еламанның өзі де мемлекеттік қолдау тетіктерін пайдаланған. Оның айтуынша, компания бұған дейін қайтарымсыз гранттар алған. Сондай-ақ «Даму» қоры арқылы қаржыландыру мүмкіндіктерін қолданған.
Қайтарымсыз гранттар алдық. Қазір де «Даму» арқылы қаржыландыруды пайдаланып отырмыз. Мен оны жай қарыз емес, кәсібіміздің дамуына салынған инвестиция деп қараймын. Сол қаражаттың көмегімен жұмысымызды дамытып, міндеттемелерімізді өтеп жатырмыз, – дейді кәсіпкер.
Ол сырттан тартылған қаражатты бизнесті дамытуға мүмкіндік беретін құрал ретінде қарастырады. Дегенмен қаржыландыруды тиімді пайдалану үшін әр қадамды алдын ала жоспарлау қажет екенін атап өтті.
Ендігі мақсат – Алматыдан өзге қалаларға шығу
Төрт жыл ішінде Алматыда 13 сауда нүктесін ашқан кәсіпкер енді еліміздің басқа өңірлеріне шығуды жоспарлап отыр. Қазіргі таңда Ақтөбеде жаңа нүкте ашуға дайындық жүргізілуде. Ал алдағы уақытта Астана мен Шымкент нарығына шығу көзделген. Бір ерекшелігі, Еламан кәсібін франшиза сату арқылы емес, компанияның өз күшімен кеңейтуді жөн көреді.
Алматыда әлі де мүмкіндік бар. Бірақ біздің мақсатымыз – Қазақстанның басқа қалаларына шығу. Франшиза сатқымыз келмейді, өзіміз ашамыз. Қазір Ақтөбеде жаңа нүкте ашу жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Ол да өзіміздің нүктеміз болады, – дейді ол.
Кәсіпкердің айтуынша, басқа қалада жұмыс бастау үшін қолайлы орын табу жеткіліксіз. Жаңа қызметкерлерді іріктеп, оларды оқыту, қажетті жабдықтарды жеткізу және қалыптасқан жұмыс жүйесін жаңа ортаға бейімдеу қажет.
Астана мен Шымкентке де көз тігіп отырмыз. Бірақ ол үшін команданы кеңейту қажет. Жаңа қалаға барғанда қызметкерлердің тұратын жері, жұмысқа бейімделуі, жаңа мамандарды оқыту, қолайлы орын табу сияқты мәселелер туындайды. Алматыда төрт жыл жұмыс істеп, бәріне үйрендік. Ал басқа қалада көп нәрсені жаңадан бастауға тура келеді, – дейді кәсіпкер.
Оның сөзінше, Алматыда қажетті құрал-жабдықтарды табу, жеткізушілермен жұмыс істеу және техникалық мәселелерді шешу жүйесі қалыптасқан. Ал өзге өңірлерде осы жұмыстарды қайта ұйымдастыруға тура келеді. Соған қарамастан, Еламан мұны бизнестің дамуына жол ашатын жаңа тәжірибе деп есептейді.
«Біздің мақсатымыз тек донер сату емес»
Еламан Беделбаевтың айтуынша, компания қызметі үш негізгі ұстанымға сүйенеді. Олар – тұтынушыларға пайдалы болу, сапалы өнім ұсынып, тазалықты сақтау және жақсы жұмыс орындарын қалыптастыру. Кәсіпкер бизнестің міндеті тек табыс табумен шектелмеуі керек деп есептейді. Оның ойынша, тұрақты кәсіп қалыптастыру үшін тұтынушылардың сеніміне ие болып, қызметкерлерге де қолайлы еңбек жағдайын жасау қажет.
Біздің донер сатудан бөлек үш ұстанымымыз бар. Біріншісі – қонақтарымызға пайдалы болу. Екіншісі – сапалы ет ұсынып, тазалықты сақтау. Үшіншісі – адамдарды жақсы жұмыс орындарымен қамтамасыз ету, – дейді ол.
Компания тұтынушылармен әлеуметтік желілер арқылы байланыс орнатып, түрлі сыйлықтар ұйымдастырып тұрады. Кәсіпкер мұны сатып алушылармен қарым-қатынасты нығайтудың бір тәсілі деп санайды. Ал қызметкерлерге жағдай жасау мәселесіне ерекше мән береді. Еламанның айтуынша, қоғамдық тамақтану саласында білікті мамандарды тарту және оларды тұрақты жұмыспен қамтамасыз ету маңызды.
Біз өз ісінің мамандарына жақсы жалақы береміз. Алматыдағы осы салада ең жоғары жалақы ұсынатын компаниялардың біріміз деп айта аламын, – дейді кәсіпкер.
Ол қызметкерлердің еңбегін лайықты бағалау компания жұмысының сапасына да әсер ететінін айтады. Себебі тұтынушының көңілінен шығатын қызмет көрсету үшін тәжірибелі әрі жауапты мамандар қажет.
«Ең бастысы – әрекет ету»
Еламан Беделбаевтың кәсіпкерлік жолы тек табысты жобалардан тұрмайды. Ол шығынға ұшыраған кезеңдерді де бастан өткерген. Алайда алғашқы сәтсіздіктеріне қарамастан, кәсіпкерлікпен айналысуды жалғастырып, өзіне қолайлы бағытты тапқан. Бүгінде оның мақсаты – Алматыда қалыптасқан бизнесті еліміздің өзге қалаларында дамыту. Ол үшін жаңа команда жасақтап, жұмыс жүйесін кеңейтуге дайындалып жатыр.
Еламан кәсіп бастауға ниетті жастарға ең алдымен білімін жетілдіріп, тәжірибелі адамдардан үйренуге кеңес береді. Оның ойынша, нарықтағы өзгерістерге бейімделіп, үздіксіз ізденген адам ғана кәсібін дамыта алады.
Білімді де, сапаны да, жұмысты да үнемі дамытып отыру керек. Өйткені заман өзгеріп жатыр. Қазақстанда кәсіп жасауға мүмкіндік бар. Ең бастысы – әрекет ету, еңбек ету және өзіңе сену, – дейді ол.
Осыдан төрт жыл бұрын 100 мың теңгемен басталған кәсіп бүгінде Алматыдағы 13 сауда нүктесіне дейін кеңейді. Енді Еламан Беделбаевтың алдында жаңа міндет тұр: бір қалада қалыптасқан бизнесті өзге өңірлерде де жолға қою. Кәсіпкер үшін бұл – кезекті тәуекел әрі жаңа мүмкіндік.
Кеше, 09:00
«Пышақ сабын арқар мүйізінен жасаймын»: қазақ ұстасының қайталанбас қолөнер туындылары28 Қазан, 15:16
Қымбат көрінудің құпиясы: биылғы қыста трендке айналатын бес түс23 Қазан, 12:09
Мысырға саяхаттау жеңілдейді: Қазақстан мен Мысыр қандай келісімге келді20 Қазан, 14:23
Жеңілдікке алданып қалмаңыз: дүкенде артық ақша жұмсамау үшін нені ескеру керек