Кеше, 15:00
Алты жыл күткен тарихи оқиға: Қазақстанда UFC турнирі қашан өтеді?Қазақстандық кәсіпқой боксшы Мейірім Нұрсұлтанов WBC тұжырымы бойынша орта салмақтағы әлем чемпионы Карлос Адамеспен қолғап түйістіруге дайын екенін мәлімдеді.
Жеңілістің не екенін білмейтін отандасымыз чемпиондық белбеу үшін үш жылға жуық уақыттан бері кезегін күтіп жүр. Алайда түрлі себеппен кейінге шегерілген жекпе-жектің қашан өтетіні әлі белгісіз. Боксшы алдағы кездесуді келесі жылдың наурыз айында өткізеді деп үміттенеді.
32 жастағы Мейірім Нұрсұлтанов кәсіпқой рингте осы уақытқа дейін 20 кездесу өткізіп, барлығында жеңіске жеткен. Оның 11 жекпе-жегі нокаутпен аяқталған. Соған қарамастан қазақстандық боксшы соңғы рет 2023 жылғы 17 қарашада Ташкентте шаршы алаңға шыққан. Содан бері үш жылға жуық уақыт өтсе де, ол чемпиондық мүмкіндікке қол жеткізе алмай келеді.
Нұрсұлтановтың өзі ұзақ үзілістен кейін де жекпе-жекке шығуға дайын екенін айтады. Журналист Эли Секбахқа берген сұхбатында ол Карлос Адамеспен кездесуді асыға күтіп жүргенін жеткізді.
Мен бұл жігітті үш жылға жуық уақыттан бері күтіп жүрмін. Дайынмын. Енді осы жекпе-жекті ұйымдастырайық, бар болғаны сол, – деді Мейірім.
Сұхбат барысында журналист одан Адамеспен спарринг өткізіп-өткізбегенін сұрады. Боксшы қарсыласымен бір залда жаттыққанымен, әр кезеңде дайындалғанын айтты.
Ол ірілеу. Бірақ маған бәрібір. Мен кез келген жағдайға дайынмын. Жаттығуымды жалғастырып жатырмын, – деді ол.
Нұрсұлтанов жекпе-жектің наурыз айында өткенін қалайтынын да жасырмады және қарсыласына айтар сөзін қысқа қайырдыү
Кеттік! Жұдырықтасайық! – деді қазақстандық боксшы.
Чемпиондық жекпе-жек неге кейінге шегеріліп келеді?
Мейірім Нұрсұлтанов 2023 жылғы 17 қарашада Ташкентте чилилік Хулио Аламосты төрешілердің ортақ шешімімен жеңгеннен кейін WBC тұжырымы бойынша орта салмақтағы міндетті үміткер атанды. Осылайша, ол чемпиондық белбеу үшін жұдырықтасуға мүмкіндік алды.
Алайда сол кезде толыққанды чемпион болған америкалық Джермалл Чарло белбеуін екі жылдан астам уақыт қорғаған жоқ. 2024 жылғы мамырда ол чемпиондық мәртебесінен айырылды. Ал 2022 жылдан бері уақытша чемпион атанып жүрген доминикандық Карлос Адамес толыққанды чемпион болып танылды.
Соған қарамастан, Адамес қазақстандық боксшымен кездесуге асығар емес. 2025 жылы WBC екі тарапқа жекпе-жек өткізу жөнінде келіссөз бастауды міндеттегенімен, бұл талап та бірден орындалмады.
2025 жылғы ақпанда Адамес Нұрсұлтановпен емес, британиялық Хамза Ширазбен жұдырықтасты. Бұл кездесуде доминикандық боксшы қомақты гонорар алды. Ал Мейірім чемпиондық жекпе-жекті әлі күтіп жүр.
Кейін WBC орта салмақта тағы бір уақытша чемпиондық белбеуді тағайындап, америкалық кіші Хесус Рамосқа берді. Нұрсұлтановқа алдымен осы боксшымен кездесіп, жеңімпаз Адамеспен жұдырықтасады деп айтылды.
Рамоспен жекпе-жек те өтпей қалды
Мейірім Нұрсұлтанов пен Хесус Рамос кіші арасындағы кездесу 2026 жылғы 19 қыркүйекте АҚШ-тың Сан-Диего қаласында өтуі керек еді. Қазақстандық боксшы бұл айқасқа тыңғылықты дайындалды. Тіпті бес айлық оқу-жаттығу жиынын өткізіп, салмақ өлшеу рәсімінен де сәтті өтті.
Алайда жекпе-жек басталар алдында америкалық боксшының денсаулығына байланысты кездесуден бас тартқаны белгілі болды. Рамос ауруханаға түсіп, оның тағамнан уланғаны хабарланды.
Мейірімнің ағасы Мерей Ақшаловтың айтуынша, інісі жекпе-жекке толық дайын болған. Ол бес ай бойы дайындалып, көптеген спарринг өткізіп, медициналық тексеруден де өткен.
Рамос пен Мейірім арасындағы жекпе-жек өтпейтін болды. Мейірім бес айлық дайындық кезеңінен өтті, көптеген спарринг өткізді. Салмағын да талапқа сай түсірді. Жекпе-жек алдында толық медициналық тексеруден өтті. Бүгін таңғы сағат тоғызда салмақ өлшеуге түсіп, белгіленген межеге жетті. Біз жекпе-жекке толық дайын болып отырған кезде Хесус Рамостың ауырып қалғаны туралы хабар келді. Міне, жағдай осындай. Жекпе-жек тоқтатылды, – деді Мерей Ақшалов.
Оның сөзінше, қазақстандық боксшының командасы қарсыласты басқа спортшымен алмастыруға да келіскен. Алайда жекпе-жекті көрсетуі тиіс DAZN платформасы трансляциядан бас тартқан. Себебі ұйымдастырушылар көрерменге дәл Нұрсұлтанов пен Рамос арасындағы кездесуді ұсынуды жоспарлаған.
Осылайша, Мейірім ұзақ дайындалған айқас тағы да өтпей қалды. Ал оқу-жаттығу жиынына кеткен шығынның өтелуі де екіталай.
Адамеспен жекпе-жек қайта күн тәртібіне шықты
Рамоспен кездесу өтпегеннен кейін WBC Карлос Адамес пен Мейірім Нұрсұлтанов арасында чемпиондық жекпе-жек ұйымдастыру туралы шешім қабылдады. 24 қыркүйекте ұйым екі боксшының командасына келіссөз жүргізу үшін 20 қазанға дейін уақыт берді. Егер тараптар ортақ мәмілеге келе алмаса, промоутерлік сауда өткізу қарастырылған.
Алайда бұл жолы да мәселе қаржыға тірелгендей. 13 қазанда Карлос Адаместің UFC президенті Дана Уайт құрған Zuffa промоутерлік компаниясымен келісімшартқа отырғаны белгілі болды.
Енді бұл келісім Нұрсұлтановпен жекпе-жекті ұйымдастыруға кедергі келтіруі ықтимал. Себебі Zuffa өзіне тиесілі емес промоутерлік ұйымның чемпиондық айқасын қаржыландыруға мүдделі болмауы мүмкін. Оның үстіне компанияның өзі де бокста жеке чемпиондық белбеулер жүйесін қалыптастыруды көздеп отыр.
Сондықтан Адаместің жаңа промоутерлік келісімі қазақстандық боксшының чемпиондық кездесуін тағы да кейінге шегеруі мүмкін деген қауіп бар.
Қанат Ислам Мейірімнен үлкен үміт күтеді
Қазақстандық кәсіпқой бокстың өкілі Қанат Ислам да Мейірім Нұрсұлтановтың әлеуетін жоғары бағалайды. Өзі бірқатар отандық боксшының шетелде өнер көрсетуіне жол ашуға атсалысқан. Солардың қатарында Мейірім мен Әли Ахмедов те бар.
Әли Ахмедов, Мейірім Нұрсұлтанов және басқа да көптеген жігіттер менің ұйымдастырған жарыстарымда жұдырықтасты. Олардың Америкаға барып, қазақтың көк туын көтеруіне жол ашқанымды мақтанышпен айта аламын. Бүгінде де қолдауға мұқтаж жігіттер бар. Әсіресе Мейірім Нұрсұлтановқа үлкен көмек керек деп ойлаймын. Оның әлеуеті зор. Оның чемпион атануға мүмкіндігі мол, – деді Қанат Ислам.
Мейірім Нұрсұлтанов кім?
Мейірім Нұрсұлтанов 1994 жылғы 11 маусымда дүниеге келген. Боксқа бала күнінен қызыққан. Оның спортқа келуіне бес жас үлкен ағасы Мерей Ақшаловтың ықпалы зор болған. Мерей – әуесқой бокстан 2013 жылғы әлем және Азия чемпионы.
Мейірім алғашында боксқа анда-санда барып жүргенімен, кейін Астанаға қоныс аударған соң спортқа шындап ден қояды. Ағасы оған болашақ қарсыластарының жекпе-жектерін көрсетіп, кәсіпқой боксқа ауысуына да көмектескен.
Әуесқой бокста Нұрсұлтанов 250-ге жуық кездесу өткізген. Оның басты жетістіктері деп 2009 жылы Қазақстан жастар чемпионатында, 2010 жылы Азия біріншілігінде топ жаруын айтуға болады. 2012 жылы ересектер арасындағы ел чемпионатында қола жүлдегер атанса, 2014 жылы Қазақстан чемпионы болды.
2015 жылы «Астана Арланс» клубының құрамында Дүниежүзілік бокс сериясының жеңімпазы атанды. Сол маусымда 75 келіге дейінгі салмақта бірде-бір рет жеңілген жоқ.
Кәсіпқой бокстағы дебютін 2016 жылғы 19 қарашада Лас-Вегаста өткізіп, америкалық Генри Бекфордты төрешілер шешімімен жеңді. Кейін негізінен АҚШ-та, соның ішінде Нью-Йорк пен Лос-Анджелесте жұдырықтасты.
2018 жылы Джамар Фриманды жеңіп, NABF тұжырымы бойынша жастар арасындағы бос чемпиондық белбеуді иеленді. 2019 жылы мексикалық Кристиан Оливасты ұтып, WBC тұжырымы бойынша АҚШ чемпионы атанды. Ал 2022 жылы Ақтауда ресейлік Андрей Сироткинмен кездесуде қарсыласы жарақатына байланысты жекпе-жекті жалғастыра алмай, Нұрсұлтанов WBO International белбеуін иеленді.
Бұл белбеуді бірнеше рет қорғаған қазақстандық боксшы 2023 жылы жапониялық Кадзуто Такесаконы сегізінші раундта нокаутқа түсірді. Сол жылдың қарашасында Хулио Аламосты жеңіп, WBC тұжырымы бойынша міндетті үміткер атанды.
Осы уақытқа дейін кәсіпқой рингте 20 жекпе-жек өткізіп, барлығында жеңіске жеткен. Оның 11-ін нокаутпен аяқтаған.
Айта кетейік, 2026 жылғы дайындық кезінде Мейірім ирландиялық Каллум Уолшпен төрт раунд спарринг өткізген. Уолш – Zuffa Boxing промоушенінің танымал боксшыларының бірі.
Үш жылдық үзіліс чемпиондық арманға кедергі бола ма?
Кәсіпқой бокста жеңіліп көрмеген Мейірім Нұрсұлтанов үшін соңғы жылдар оңай болған жоқ. Чемпиондық жекпе-жек келісілсе де, бірде қарсыласы ауысты, тағы бірде кездесу мүлде өтпей қалды. Ал боксшының өзі жаттығуын тоқтатпай, мүмкіндігін күтіп жүр.
Ұзақ үзілістен кейін бірден әлем чемпионымен жұдырықтасу оңай болмайтыны анық. Дегенмен Нұрсұлтановтың мақсаты өзгерген жоқ: ол WBC белбеуі үшін айқасып, Қазақстанға әлем чемпионы атағын әкелгісі келеді.
Қазір басты мәселе – Карлос Адамеспен кездесудің нақты күнін белгілеу. Мейірім бұл жекпе-жек келесі жылдың наурызында өтеді деп үміттенеді. Енді чемпиондық белбеуге үміткер қазақстандық боксшының ұзақ күткен мүмкіндігі қашан туатыны уақыт еншісінде.
Кеше, 15:00
Алты жыл күткен тарихи оқиға: Қазақстанда UFC турнирі қашан өтеді?12 Қараша, 14:42
Сән мен жылдамдық үйлесімі: әлемдік сән үйлері қолтаңбасын қалдырған бес автокөлік10 Қараша, 17:27
Картада болмаған құпия қала: Шағанның ұмыт қалған тарихы9 Қараша, 13:41
Әкімшілік айыппұл: тексеру, төлеу және шағымдану жолдары