30 Шілде, 11:07
«Грэмми» айналасындағы дау: BTS байқауға қатысудан неге бас тартты14 тамызда Алматыдағы Орталық стадионда америкалық рэпер Канье Уэст (Ye) концерт береді. Осыған байланысты стадион маңындағы бірнеше көшеде көлік қозғалысы уақытша шектеліп, 32 қоғамдық көліктің бағыты өзгереді. Концертке баруды жоспарлаған көрерменге жолға ертерек шығып, бағытын алдын ала жоспарлаған жөн.
Стадион маңындағы көшелер жабылады
14 тамызда сағат 16:00-ден 00:00-ге дейін Орталық стадион маңында автокөлік қозғалысына шектеу қойылады.
Атап айтқанда, Абай даңғылы мен Сәтбаев көшесінің Байзақов көшесінен Сейфуллин даңғылына дейінгі бөлігі, сондай-ақ Байтұрсынов көшесінің Шевченко көшесінен Тимирязев көшесіне дейінгі аралығы уақытша жабылады.
Сондықтан концертке жеке көлікпен баратындар ғана емес, осы аумақ арқылы өтетін жүргізушілер де балама бағытты алдын ала қарастырғаны дұрыс.
32 қоғамдық көлік бағыты өзгереді
Жолдардың жабылуына байланысты 26 автобус пен 6 троллейбус бағыты уақытша басқа көшелермен жүреді.
Өзгеріс №3, 18, 21, 25, 30, 34, 44, 57, 62, 65, 66, 79, 90, 92, 95, 98, 118, 120, 120А, 121, 128, 130, 209, 210, 211, 224 автобустарына қатысты.
Сонымен бірге №5, 6, 7, 9, 19 және 25 троллейбустың қозғалыс бағыты өзгереді.
Көліктердің бір бөлігі Шевченко, Мұқанов, Жамбыл, Масанчи, Қабанбай батыр, Желтоқсан, Тимирязев, Әуезов және Гоголь көшелері арқылы айналып өтеді.
Уақытша қозғалыс сызбасы сағат 16:00-ден түнгі 00:00-ге дейін сақталады. Осы аралықта жол жүру уақыты әдеттегіден ұзағырақ болуы мүмкін.
Концертке кешікпей барған дұрыс
Ыстамбұлда Ye-дің концертіне барған көрерменнің бірі әлеуметтік желіде алматылық жанкүйерлерге бірнеше кеңес берген.
Оның айтуынша, Ыстамбұлдағы концерт белгіленген уақытта басталған. Сондықтан концерт басталған соң келемін деп жоспарламай, стадионға ертерек барған дұрыс. Оның үстіне Алматыда жолдар жабылып, қоғамдық көлік бағыттары өзгеретіндіктен, жолға кететін уақытты да ескерген жөн.
Көрерменге қай орын тиімді?
Көрерменнің қай жерді таңдағаны да концерттен алатын әсеріне ықпал етуі мүмкін.
Ыстамбұлдағы концертке қатысқан жанкүйердің сөзінше, Ye-ді жақыннан көргісі келетіндер үшін сахна маңындағы орындар қызығырақ. Ал шоудың жарығын, сахналық эффектілерін және жалпы көрінісін толық тамашалағысы келетіндерге сахнадан сәл алысырақ орналасқан орындар қолайлы болуы мүмкін.
Себебі сахнаға тым жақын отырған кезде шоудың кейбір визуал эффектілерін тұтас көру қиындайды.
Әндердің тізімін алдын ала қарап алуға болады
Концертке дейін Ye орындайтын әндердің ықтимал тізімін қарап шығуға да болады.
Ыстамбұлдағы концерт алдында әндердің реті интернетте тараған. Көрерменнің айтуынша, концерт кезінде тізімде аздаған өзгеріс болғанымен, негізгі әндер сәйкес келген.
Сондықтан сүйікті әндерін бірге айтқысы келетін жанкүйерлер концертте орындалуы мүмкін әндердің тізімін алдын ала қарап барғаны жөн.
Мерч алғыңыз келсе, кейінге қалдырмаған жөн
Концертке арнайы шығарылған ресми мерч сатып алуды жоспарлағандар оны стадионға кірген бойда қарастырғаны дұрыс.
Ыстамбұлдағы концертте сұраныс жоғары болған заттардың кейбірі тез сатылып кеткен. Сол себепті концерт аяқталғаннан кейін сатып аламын деп жоспарлаған көрермен қалаған киімін немесе аксессуарын таппай қалуы мүмкін.
Қара киім және Ye стиліндегі образдар
Ыстамбұлдағы концертте көрерменнің басым бөлігі қара түсті киім таңдаған. Бұл ресми талап болмаса да, жанкүйерлер арасында өзіндік бейресми дресс-кодқа айналған.
Кейбір көрермен Ye-дің стилінен шабыт алып, концертке арнайы образ дайындаған. Сондықтан концерт атмосферасына сай киінгісі келетіндер алдын ала ерекше образ ойластыра алады. Дегенмен арнайы дресс-код туралы міндетті талап жарияланған жоқ.
Кіреберістегі арнайы аймақтарға назар аударыңыз
Ыстамбұлдағы шоуда көрерменге жарық беретін арнайы білезіктер таратылған. Олар концерт кезіндегі визуал шоудың бір бөлігі болған.
Жанкүйердің айтуынша, білезіктер стадионға кіреберістегі арнайы орындарда берілген. Алайда ол мұны бірден байқамай, білезікті алып үлгермеген.
Алматыдағы концертте дәл осындай білезіктер таратылатыны әзірге нақтыланбаған. Дегенмен көрермен стадионға кірген кезде ұйымдастырушылардың арнайы стендтері мен промо-аймақтарына назар аударғаны жөн.
Билеттер әлі де сатылып жатыр
Концерт билеттері сатылымға шыққан алғашқы күндері сұраныс жоғары болды. Алдын ала сату кезінде билеттердің жартысы сатылғаны хабарланған еді.
Қазір де билет сатып алуға мүмкіндік бар. Ticketon платформасында концертке билеттер қолжетімді. Алайда ұйымдастырушылар қанша билет қалғаны туралы нақты мәлімет жариялаған жоқ.
Ең бастысы, концерт күні Орталық стадион маңында көлік қозғалысы айтарлықтай өзгереді. Сондықтан 14 тамызда шоуға баратын көрермен жолға қосымша уақыт қалдырып, қоғамдық көлік бағытын алдын ала тексеріп, стадионға ертерек жетуді жоспарлағаны дұрыс.
30 Шілде, 11:07
«Грэмми» айналасындағы дау: BTS байқауға қатысудан неге бас тартты29 Шілде, 13:10
Жаңа пандемия кез келген уақытта басталуы мүмкін: ДДҰ не дейді?27 Шілде, 18:09
«Бәрі қаржыға байланысты»: Неліктен «Қайрат» еурокубоктағы матчын Түркістанда өткізеді24 Шілде, 11:39
Мадина Ералиеваға құрмет: Ерке Есмахан үш жылдық үзілістен соң сахнаға оралды