12.05.2026
11:15
201
Жаңалықтар

«Кадр тапшы»: қандай мамандар сұранысқа ие?

Елімізде ақпараттық технологиялар, денсаулық сақтау, инженерия және креативті индустрия саласына  білікті мамандар қажет. Қазір 50-ден астам мамандық сұранысқа ие. Бірақ маман тапшы. 2025 жылы Enbek.kz порталында сұранысқа ие мамандықтар бойынша 9 мыңнан астам бос жұмыс орны жарияланған. 

Сұранысқа ие мамандықтар

 Enbek.kz порталы бірнеше мамандық туралы мәлімет жариялаған. Мысалы, белгілі бір мамандықта 500-ге жуық бос жұмыс орны бар десек, соған небәрі 100 түйіндеме түскен. 

  • акушер-гинеколог мамандығы – 469 бос орынға 100 түйіндеме;
  • педиатр мамандығы – 448 вакансияға 139 түйіндеме;
  • анестезиолог-реаниматолог – 300 бос орынға 75 түйіндеме ғана тіркелген.
  • онколог, неонатолог және эндокринолог мамандарына да сұраныс жоғары.

Оған қоса, министрлік 2026 жылдың басынан бері бірқатар мамандықтар бойынша кадр тапшы екенін алға тартады. Ақпараттық технологиялар саласындағы мамандарға да қажеттілік артып отыр.

Соның ішінде:

  • қолданбалы бағдарламашылар (509 вакансия)
  • графикалық дизайнерлер (355 бос жұмыс орны) 

Еңбек шарттарын есепке алудың бірыңғай жүйесінің деректеріне сәйкес, сұранысқа ие мамандықтар бойынша 45 мыңнан астам еңбек шарты жасалған. Оның ішінде бағдарламалық қамтамасыз ету әзірлеушілері шамамен 8 мың, акушер-гинекологтар – 4,6 мың, педиатрлар – 4,1 мың және қолданбалы бағдарламашылар  3,5 мың еңбек шартына қол қойған.

Кадр тапшылығын қалай шешеміз?

Елде білікті кадрларды тарту мақсатында шетелдік мамандарды жұмысқа орналастырудың жеңілдетілген тәртібі қолданылады. Аталған тізімге сұранысқа ие 50-ден астам мамандық енгізілген. Олардың қатарында ақпараттық технологиялар, денсаулық сақтау, инженерия және креативті индустрия салаларындағы жоғары білікті мамандар бар.

Тізімге енгізілген мамандықтар бойынша шетелдік жоғары білікті кадрларға Қазақстанда тұрақты тұруға рұқсат алу мүмкіндігі беріледі. Бұл тетік басым бағыттарға қажетті мамандарды тартуды көздейді.

Шетелдік жұмыскерлермен 55 еңбек шарты рәсімделген. Олардың басым бөлігі автоматтандыру инженері мамандығына тиесілі, – делінген министрлік хабарламасында. 

Салыстырмалы түрде алғанда, 2025 жылы Enbek.kz порталында сұранысқа ие мамандықтар бойынша 9 мыңнан астам бос жұмыс орны жарияланған. Медицина саласының мамандары дәстүрлі түрде жоғары сұранысқа ие болып отыр.

Жалпы, келтірілген деректер ішкі еңбек нарығы сұранысқа ие мамандықтардың басым бөлігі бойынша қажеттілікті қамтамасыз етіп отырғанын көрсетеді. Дегенмен денсаулық сақтау саласында кадр тапшылығы әлі де өзекті болып қалып отыр.