Испания 16 жылдан кейін алғаш рет әлем чемпионатының жартылай финалына шықты

Испания 16 жылдан кейін алғаш рет әлем чемпионатының жартылай финалына шықты

Асқар Таудай
Фото: Selección Española Masculina de Fútbol

Футболдан әлем чемпионатының ширек финалында Испания құрамасы Бельгияны 2:1 есебімен жеңіп, 2010 жылдан бері алғаш рет турнирдің жартылай финалына жолдама алды.

Лос-Анджелесте өткен кездесуде Испания сапынан Фабиан Руис 30-минутта есеп ашса, жеңіс голын 88-минутта Микель Мерино соқты. Бельгияның жалғыз голының авторы Шарль Де Кетеларе (41) болды. 

Матч барысында бельгиялық қақпашы Тибо Куртуа жарақат алып, 71-минутта көз жасына ерік беріп алаңнан кетуге мәжбүр болды. Оның орнына Сенне Ламменс шықты. Бұл ойын Куртуа үшін әлем чемпионаттарындағы 21-кездесу болды. Осы көрсеткішпен ол Франция құрамасының бұрынғы қақпашысы Уго Льористі (20 матч) басып озып, мундиальдар тарихындағы ең көп ойын өткізген қақпашылар арасында екінші орынға көтерілді. Бұл тізімде Германия құрамасының аңыз қақпашысы Мануэль Нойер 23 матчпен көш бастап тұр.

Испания құрамасы бұған дейін 1/8 финалда Португалияны 1:0 есебімен жеңген болатын. Ол кездесуде де шешуші голды Микель Мерино соққан еді.

Испания әлем чемпионатының жартылай финалында 14 шілде күні Франциямен кездеседі. Бұл жеңіс Испания үшін тарихи мәнге ие. Команда 2010 жылы әлем чемпионы атанғаннан кейін алғаш рет жартылай финалға шығып отыр. Осы аралықта испандар 2014 жылы топтық кезеңнен аса алмаса, 2018 жылы Ресейден, 2022 жылы Мароккодан 1/8 финалда жеңілген еді.

Сондай-ақ Бельгияның голы Испанияның әлем чемпионатындағы алты матчқа созылған «құрғақ» сериясын тоқтатты. Ал қақпашы Унаи Симонның мундиальдағы 649 минуттық гол жібермеген рекордтық сериясы да осы кездесуде үзілді.

18 жасар шабуылшы Ламин Ямаль әлем чемпионатындағы алтыншы ойынын өткізіп, 18 жасқа дейінгі футболшылар арасындағы рекордты жаңартты.

Ал Бельгия құрамасы турнирдегі өнерін ширек финалда аяқтады. Бельгиялықтар 2018 жылдан бері алғаш рет әлем чемпионатының үздік сегіз командасының қатарына енді.

Оқи отырыңыз

{