13 Қыркүйек, 13:28
Қаскелең мен Шамалған атауы қайдан шыққан? Жоңғар қолбасшылары туралы аңызӘлеуметтік желідегі әдемі тау көріністері мен әсерлі кадрлар тауға шығуды оңай серуендей етіп көрсетуі мүмкін. Соның әсерінен өзін «тау гиді» деп таныстырып, адамдарды тауға бастап шығатындар да көбейген. Алайда топты тауға алып шығу үшін бағытты білудің өзі жеткіліксіз. Гидтің кәсіби дайындығы қандай болуы керек, оны кім бақылайды және турист маманды қалай таңдағаны дұрыс? Бұл туралы El.kz тілшісіне кәсіби альпинист, халықаралық тәжірибесі бар тау гиді, альпинизмнен спорт шеберлігіне үміткер, II санатты альпинизм нұсқаушысы, Хан-Тәңірі шыңына алты рет көтерілген қазақстандық Ершат Аязбаев айтып берді.
«Өзіңді гид деп атау бір бөлек, адамдарды тауға бастап шығу – мүлдем басқа»
Ершат Аязбаевтың айтуынша, әлеуметтік желіде өзін тау гиді ретінде таныстыратын адамның бәрін бірдей кәсіби маман деуге болмайды. Тауда көп жыл жүру де адамды автоматты түрде жақсы гид етпейді. Себебі жалғыз жүрген альпинист пен тұтас топқа жауап беретін гидтің міндеті екі бөлек.
Қазір Instagram-дағы парақшасына өзін «тау гидімін» деп жазып қоятын адам көп. Бірақ өзіңді гид деп атау – бір бөлек, адамдарды тауға кәсіби түрде бастап шығу – мүлдем басқа нәрсе. Тауда көп жыл бойы өзің жүргенің сенің автоматты түрде жақсы гид екеніңе кепілдік бермейді. Жалғыз жүргенде тек өзің үшін жауап бересің. Ал топты бастап шыққанда жауапкершілік мүлдем өзгеше болады, – дейді ол.
Маманның сөзінше, гид маршрутты жақсы білуге, ауа райын және топ мүшелерінің жағдайын бағалай алуға тиіс. Жарақат немесе басқа да төтенше жағдай туындаса, қандай әрекет жасау керегін де білуі қажет.
Сондықтан турист гидті әлеуметтік желідегі парақшасына қарап қана таңдамауы керек. Оның кәсіби дайындығы, тиісті құжаттары, тәжірибесі және нақты маршрутты қаншалықты білетіні маңызды.
Кәсіби гидті қалай ажыратуға болады?
Ершат Аязбаев гид таңдағанда үш мәселеге назар аударуға кеңес береді: кәсіби даярлығы мен құжаттары, тәжірибесі және жұмыс істейтін бағыттары.
Алдымен гидтен арнайы даярлықтан өткен-өтпегенін және тиісті құжаттарының бар-жоғын сұрауға болады. Бұл – қалыпты сұрақ. Кәсіби гид оған сабырмен әрі нақты жауап береді. Оның Instagram немесе TikTok-та қанша оқырманы бары емес, жорықтарға қанша жылдан бері қатысып жүргені маңызды, – дейді тау гиді.
Оның айтуынша, гидтің нақты қандай бағыттарға маманданғанын да алдын ала анықтап алған жөн. Жеңіл жаяу серуен, тау жорығы, мұздықпен жүру немесе биік таудағы күрделі маршруттар әртүрлі дайындық пен тәжірибені талап етеді.
Турист гидтен төтенше жағдайға арналған жоспарын да сұрай алады.
«Ауа райы бұзылса немесе топтағы бір адам жарақат алса, не істейміз?» деп міндетті түрде сұрау қажет. Гидтің өзімен бірге дәрі қобдишасы, байланыс құралы және бағытты анықтайтын навигациялық құрылғысы болуы тиіс. Егер ол «Ештеңе болмайды, бұл жермен жүз рет жүргенмін» деумен шектелсе, бұл жеткіліксіз, – дейді Ершат Аязбаев.
Тау гидтерін күн сайын тексеретін арнайы инспектор жоқ
Алматы тауларында жұмыс істейтін гидтердің қызметін кім қадағалайды деген мәселе де туристер үшін маңызды. Ершат Аязбаевтың айтуынша, әр маршрутта гидтердің жұмысын күнделікті тексеріп жүретін арнайы қызмет жоқ.
Қарапайым тілмен айтқанда, бізде күн сайын тауға шығып, гидтердің жұмысын тексеріп жүретін арнайы қызмет жоқ. Жалпы Қазақстандағы туризм саласын Туризм және спорт министрлігі мен Туризм индустриясы комитеті реттейді. Гидтер мен нұсқаушылардың жұмысына қойылатын белгілі бір талаптар бар. Мемлекеттік органдар осы талаптардың сақталуын тексере алады, – дейді ол.
Ал құтқару қызметінің міндеті басқа. Маманның түсіндіруінше, Төтенше жағдайлар министрлігі мен құтқарушылар гидтердің күнделікті жұмысын бақыламайды. Олар төтенше жағдай туындаған кезде көмек көрсетеді.
Сондықтан гидтің кәсіби жауапкершілігі мен туристің маманды дұрыс таңдауы қауіпсіздіктің маңызды бөлігі болып қала береді.
Гид қауіпсіздікке жүз пайыз кепілдік бере ала ма?
Гид туристпен келісіп, маршрутты ұйымдастыруды өз мойнына алғаннан кейін өз жұмысы мен топтың қауіпсіздігіне жауап береді. Ол сапарға дейін маршрутты, ауа райын, қатысушылардың физикалық дайындығын бағалап, ықтимал қауіптер туралы ескертуі қажет. Алайда таудағы қауіптің барлығын толық жою мүмкін емес.
Гид тауда сізге ештеңе болмайды деп жүз пайыз кепілдік бере алмайды. Себебі таудың аты – тау. Ауа райы күрт өзгеруі мүмкін, тас құлауы, жарақат немесе басқа да күтпеген жағдайлар болуы ықтимал. Жақсы гидтің міндеті – қауіпсіздікке жүз пайыз кепілдік беру емес, ықтимал қауіптерді сауатты бағалап, оларды барынша бақылауда ұстау, – дейді альпинист.
Оқыс жағдай болған кезде жауапкершілік те жағдайдың мән-жайына қарай анықталады. Мәселен, гид ауа райын немесе топ мүшелерінің дайындығын ескермей маршрут таңдаса, қауіпсіздік талаптарын бұзса және соның салдарынан төтенше жағдай туындаса, мәселе гидтің немесе сапарды ұйымдастырушының жауапкершілігіне қатысты болуы мүмкін. Ал турист ескертуді тыңдамай, топтан өз бетінше бөлініп кетсе, жағдай басқаша бағаланады.
Гидтің жұмысы адамды тек шыңға шығарып, қайта алып келумен шектелмейді. Ол алдын ала қауіпсіздік ережелерін түсіндіріп, тәртіпті айтып, жоспардан тыс жағдай болса, не істеу керектігін қатысушылармен келісіп алуы керек, – дейді Ершат Алпысбайұлы.
«Ең үлкен қателік – тауды жете бағаламау»
Маман Алматы тауларына шығатын туристер арасында жиі кездесетін мәселенің бірі – тауды жеңіл қабылдау екенін айтады. Әлеуметтік желіден әдемі локацияны көрген адам маршруттың күрделілігін толық бағаламай жолға шығуы мүмкін.
Адамдар Instagram немесе TikTok-тағы әдемі суретті көріп, «Бар болғаны бірнеше шақырым екен, несінен қорқамыз?» деп ойлайды. Бірақ кейін адамның тауға кәдімгі спорттық аяқ киіммен келгені, жылы киім алмағаны, жарты литр ғана су алып шыққаны және ауа райын алдын ала тексермегені белгілі болады, – дейді ол.
Өз мүмкіндігін асыра бағалау да қауіпті. Жолға кеш шығу, бейтаныс маршрутқа байланыс құралынсыз немесе навигациясыз бару, ауа райы бұзылғанына қарамастан кері қайтпау қарапайым серуенді төтенше жағдайға айналдыруы мүмкін.
Ең қауіпті жағдай – ауа райы бұзылып, уақыт таяп қалғанына қарамастан, адамның «Тағы аздап жүрсек, жетеміз» деп тоқтамауы. Жолға кеш шықтыңыз, уақытты дұрыс есептемедіңіз, ауа райы бұзылды, соқпақтан адастыңыз, телефонның қуаты таусылды – сөйтіп, қарапайым серуен құтқару операциясына айналады, – дейді тау гиді.
Әлеуметтік желідегі әдемі кадрдың ар жағында не бар?
Ершат Аязбаев әлеуметтік желінің әсіресе жастардың тауға қызығушылығына әсер етіп отырғанын айтады. Бірақ желідегі бір кадр сапардың толық көрінісін көрсетпейді.
Суреттен біз тек әдемі көріністер мен сәтті кадрларды ғана көреміз. Ауа райының қандай болғанын, адамның сапарға қалай дайындалғанын, қандай құрал-жабдықпен барғанын білмейміз. Сондай-ақ сол күні кері қайтып, шыңға жете алмай қалған адамдарды да көрмейміз, – дейді маман.
Сондықтан әлеуметтік желідегі суретке қарап маршруттың жеңіл немесе қауіпсіз екені туралы қорытынды жасау дұрыс емес. Бағытты алдын ала зерттеп, ауа райын тексеріп, өзінің физикалық мүмкіндігін бағалау қажет.
Тау, өкінішке қарай, жіберілген қателікті әрдайым кешіре бермейді, – дейді Ершат Алпысбайұлы.
Алғаш рет тауға шығатын адам неден бастауы керек?
Алматы тауларына алғаш шығатын адамға маман бірден биік шыңды мақсат етпеуге кеңес береді. Алдымен техникалық жағынан күрделі емес бағытты таңдап, сол арқылы өзінің физикалық дайындығын және жабдықтарын тексерген жөн.
Ал гид таңдағанда үш нәрсені нақтылау қажет. Яғни, оның кәсіби дайындығы мен құжаттары, дәл сол маршруттағы тәжірибесі және қауіпсіздік жоспары.
Ол бұл бағытпен неше рет жүрген, жылдың қай мезгілінде барған және жаңадан бастаған адамдармен жұмыс істеген бе – сұраңыз. Байланыс құралы, навигациялық құрылғысы, дәрі қобдишасы бар ма? Ауа райы бұзылғанда немесе біреу жарақат алған жағдайда қандай әрекет ететіні жоспарланған ба? Осыны білген дұрыс, – дейді ол.
Ершат Аязбаев турист үшін гидтің әлеуметтік желідегі танымалдығынан гөрі кәсіби дайындығы маңызды екенін атап өтті.
Гидті тек әлеуметтік желідегі әдемі парақшасына қарап таңдамаңыз. Әдемі парақша адамның тауды жақсы түсіре алатынын ғана көрсетеді. Ал сізге тауға қауіпсіз апарып, аман алып қайтатын маман қажет, – деп қорытындылады тау гиді.
Алматы тауларына шығатындар көбейген сайын гид қызметіне деген сұраныс та артып келеді. Алайда әлеуметтік желідегі танымалдық пен таудағы кәсібилік бір ұғым емес. Турист үшін гидтің парақшасындағы әдемі кадрлардан бұрын оның дайындығы, тәжірибесі және қауіпсіздікке қатысты нақты жоспары маңызды.
Тауда қауіп-қатерді толық жоққа шығару мүмкін емес. Бірақ оның алдын алуға болады. Ол үшін турист те жауапкершілікті тек гидке артып қоймай, маршруттың күрделілігін алдын ала біліп, ауа райын тексеріп, тиісті жабдықпен шығуы қажет. Ал гидті таңдағанда оның біліктілігін сұраудан қысылмаған жөн.
Өйткені тауда қате таңдалған аяқ киімнен бастап, кеш шыққан уақыт пен еленбеген ауа райы болжамына дейінгі қарапайым көрінетін шешімдердің салдары ауыр болуы мүмкін. Сондықтан тауға шығудағы басты мақсат шыңға қалай да жету емес, қауіпсіз оралу болуы керек.
13 Қыркүйек, 13:28
Қаскелең мен Шамалған атауы қайдан шыққан? Жоңғар қолбасшылары туралы аңыз11 Қыркүйек, 12:07
Бала көргенін қайталайды: танымал мультфильмдерді көрсеткенде ата-ана нені ескеруі керек11 Қыркүйек, 09:00
«Ұял» дегенде бетін басады: Челси есімді ит қазақша бұйрықтарды қалай үйренді?10 Қыркүйек, 12:44
«Маугли қыз»: 17 жастағы қырғыз қызының ерекше қабілеті көпшілікті таңғалдырды