Илон Маск ұялы байланысқа жаңа жүйе әкелмек: енді мұнара қажет болмайды

Илон Маск ұялы байланысқа жаңа жүйе әкелмек: енді мұнара қажет болмайды

03.07.2026 10:03
Көктем Қарқын
Фото: AI көмегімен жасалды

Илон Маск басқаратын SpaceX ұялы байланыс нарығына шығуға дайындалып жатыр. Компания смартфондарды ғарыштағы спутниктермен тікелей байланыстыратын жаңа қызметті іске қосуды жоспарлап отыр. Бұл жүйе интернетке қосылумен қатар, қоңырау шалу, SMS жіберу және басқа да байланыс қызметтерін ұсынуға мүмкіндік береді, деп хабарлайды  El.kz интернет порталы.

MSN басылымының жазуынша, SpaceX Starlink Mobile жобасын әзірлеп жатыр. Ол үшін компания қосымша спутниктерді ұшырып, смартфондарды Starlink спутниктік желісіне тікелей қосуды көздейді. SpaceX 2019 жылдан бері төменгі Жер орбитасында шамамен 550 шақырым биіктікте Starlink спутниктерін орналастырып келеді. Қазіргі таңда орбитада 10 мыңнан астам спутник жұмыс істейді, ал болашақта олардың санын 40 мыңға дейін жеткізу жоспарланған.

Осы уақытқа дейін Starlink қызметін пайдалану үшін арнайы қабылдағыш құрылғы қажет болса, жаңа жоба смартфондардың спутникке тікелей қосылуына мүмкіндік береді. Илон Маск 2023 жылы-ақ «алдағы екі жыл ішінде Starlink кәдімгі ұялы операторлар сияқты телефон арқылы байланыс қызметін ұсына алады» деп мәлімдеген еді.

«Teslafone» емес, спутниктік байланыс

SpaceX ұялы байланыс бағытына былтыр қыркүйекте нақты қадам жасады. Компания америкалық EchoStar операторынан спутниктік байланысқа қолайлы S-диапазонындағы (2–4 ГГц) радиожиіліктерді пайдалану құқығын сатып алуға шамамен 17 млрд доллар инвестициялады.

Жоспар бойынша, осы жылдың соңына дейін әлемнің әртүрлі өңірлерінде спутниктік телефон қызметінің сынақтары басталады.

Жаңа технологияның басты артықшылығы – байланыс үшін жерүсті базалық станциялары қажет емес. Қазіргі ұялы байланыс жүйелері жүздеген мың антенна мен талшықты-оптикалық желілерге тәуелді болғандықтан, таулы аймақтарда немесе теңізде байланыс жиі үзіледі. Ал спутниктік телефон көкжиек ашық кез келген жерде тікелей спутникпен байланысып, қоңырау шалуға, интернет пайдалануға және хабарлама жіберуге мүмкіндік береді.

Бұған дейін АҚШ-та Маск жасанды интеллекті бар Teslafone смартфонын шығарады деген болжамдар айтылған болатын. Алайда соңғы уақытта сарапшылардың назары SpaceX-тің спутниктік байланыс технологияларын пайдалана отырып ұялы байланыс қызметін іске қосуына ауып отыр. TD Cowen инвестициялық банкі бұл жоба жүзеге асса, SpaceX пен дәстүрлі ұялы байланыс операторлары арасындағы бәсеке күшейетінін болжады.

Марс жобасын қаржыландыру көзі

Сарапшылардың пікірінше, Илон Маск спутниктік ұялы байланыстан түсетін тұрақты табысты «Марсты игеру» сияқты ұзақмерзімді жобаларды қаржыландыру үшін пайдалануды көздейді. Өйткені байланыс қызметі қазіргі инфрақұрылым негізінде тұрақты кіріс әкелетін бизнес саналады.

Қазіргі таңда SpaceX-тің ең табысты жобасы – Starlink. Мәліметтерге сәйкес, оның пайда маржасы 63-65% шамасында. Былтырғы айдың қорытындысы бойынша Starlink қызметін пайдаланушылар саны 12 миллионнан асты.

Компания IPO құжаттарында Starlink Mobile қызметінің әлеуетті нарығының көлемі 740 млрд долларға жетуі мүмкін екенін мәлімдеген.

Бәсекелестер де әрекетке көшті

SpaceX-тің бұл бағыты басқа компанияларды да ынталандырып отыр. АҚШ-тың Rocket Labкомпаниясы жақында спутниктік байланыс операторы Iridium-ды сатып алып, өз спутниктері арқылы байланыс қызметін ұсынуға дайындалып жатыр.

Әуе-ғарыш саласының мамандарының айтуынша, спутниктік байланыс технологиясы әр буын сайын жерүсті инфрақұрылымын жаңартуды қажет етпейді және спутниктер орбитаға шығарылғаннан кейін қызмет көрсету шығындары өте төмен болады. Сондықтан бұл технология коммерциялық деңгейде іске қосылса, әлемдік ұялы байланыс нарығын түбегейлі өзгертуі мүмкін.

Оқи отырыңыз