IELTS-тен 9.0 балл жинап, сыйға пәтер алған Томирис: ағылшын тілін үйренудің тиімді жолы қандай?

IELTS-тен 9.0 балл жинап, сыйға пәтер алған Томирис: ағылшын тілін үйренудің тиімді жолы қандай?

Ажар Лаубаева
Фото: El.kz коллажы

Әлем бойынша IELTS халықаралық емтиханынан ең жоғары 9.0 балл жинайтындардың үлесі небәрі 0,1-0,3%-ды құрайды. Осы межені бағындырғандардың бірі – 24 жастағы алматылық Томирис Касимова. Ағылшын тілін бала кезінен меңгерген ол бүгінде өзі де жастарды халықаралық емтиханға дайындап жүр. El.kz тілшісіне берген сұхбатында Томирис жоғары балл жинаудың құпиясы, өз тәжірибесінде тиімді болған әдістер мен тіл үйренушілер жиі жіберетін қателіктер туралы айтып берді.

«Writing-тен 8.0 алсам деген мақсатым болды»

Томирис Касимова соңғы жеті жылда IELTS емтиханын алты рет тапсырған. Алғашында шетелдік университетке түсу үшін ағылшын тілін меңгеру деңгейін растауы қажет болса, кейін өзі де мұғалім болып, жастарды халықаралық емтиханға дайындай бастады. Осы уақыт ішінде оның нәтижесі біртіндеп жақсарды. Алдымен 7.5, кейін 8.5 балл жинаған Томирис биыл ең жоғары 9.0 көрсеткішіне қол жеткізді.

Алайда соңғы емтиханға кірерде ол мұндай нәтижені күтпеген. Бұған дейін эссе жазудан бірнеше рет 7.0 балл алғандықтан, бұл жолғы басты мақсаты Writing бөліміндегі көрсеткішін 8.0-ге көтеру еді.

Бастапқыда мұндай нәтижеге қол жеткіземін деп ойлаған жоқпын. Өйткені кез келген емтиханда нәтижеге толық сенімді болу қиын. Дегенмен бұл жолы барынша жақсы нәтиже көрсетуге тырыстым. Сондықтан 9.0 балл алғанымды көргенде қатты таңғалдым. Себебі басты мақсатым Writing бөліміндегі балымды жақсарту болатын, – дейді Томирис.

Фото: Томирис Касимованың жеке мұрағатынан

Ақыры көздеген нәтижесіне жетті. Writing бөлімінен 8.0 балл алса, Listening, Reading және Speaking бойынша ең жоғары 9.0 көрсеткішін тіркеді. Осылайша төрт бөлімнің қорытындысы бойынша жалпы балы да 9.0 болды.

Бұл қуаныштың соңы тағы бір тосынсыйға ұласты. Томирис қазір онлайн ағылшын тілі мектебінде мұғалім болып жұмыс істейді. Оның жетістігін жоғары бағалаған мектептің негізін қалаушы Әсел Амангелді өз командасымен бірге жас маманға бір бөлмелі пәтер сыйлады.

Академиялық жетістігім үшін осындай үлкен сыйлыққа ие боламын деп ойлаған да емеспін. Бұл мен үшін өте күтпеген әрі ерекше қуанышты сәт болды. Әсел Амангелді мен оның командасына шексіз алғысымды білдіремін, – дейді Томирис.

Жоғары балл жинаудың сыры неде?

Ең жоғары балл жинау үшін Томирис соңғы емтиханға үш айға жуық дайындалды. Күн сайын тапсырмалар орындауға орта есеппен екі сағат уақыт бөлді. Дегенмен бұл нәтижеге небәрі үш айда жеттім деу дұрыс емес дейді. Себебі оның артында ағылшын тілін үйренуге жұмсаған жылдар мен алдыңғы емтихандардан алған тәжірибесі бар.

Ағылшын тілін күн сайын қолданамын. Сондықтан маған тек IELTS-ке бағытталған арнайы дайындықты қосу қажет болды. Оған күн сайын шамамен екі сағат уақытымды бөлдім. Әрине, бұл жұмысбастылығыма байланысты өзгеріп отырды, – дейді ол.

Фото: Томирис Касимованың жеке мұрағатынан

Бұл жолғы дайындықтың басты ерекшелігі – Томирис эссе жазуға деген көзқарасын өзгертті. Бұрын алдымен мәтіннің құрылымын жоспарлап, кейін ойын сол қалыпқа сыйғызуға тырысатын. Ал енді керісінше, әуелі не айтқысы келетінін анықтап, ойын жан-жақты ашуға көңіл бөлді. Содан кейін ғана эссенің құрылымын жасады. Осы тәсіл Writing бөліміндегі нәтижесін 7.0-ден 8.0-ге көтеруге көмектесті.

Өз ойымды анық жеткізуге және оны толық дамытуға басымдық бердім. Ол үшін IELTS-тің 8-9 балға арналған ресми бағалау критерийлеріне сүйендім, – дейді Томирис.

Ол дайындық кезінде тек жазба жұмысына ғана көңіл бөлген жоқ. Емтиханда уақыттың шектеулі екенін ескеріп, тапсырмаларды белгіленген мерзімде орындауға машықтанды. Әсіресе асығыс жағдайда ойын жинақтап, шаршаған кезде де зейінін сақтауға мән берді.

Томиристің айтуынша, емтиханнан жоғары балл алу адамның ағылшын тілін қаншалықты жақсы білетініне ғана байланысты емес. Ол үшін тапсырмалардың қалай бағаланатынын түсініп, өз біліміңді сол талаптарға сай көрсете білу де маңызды.

Ағылшын тіліне қызығушылығы мультфильмнен басталған

Томирис ағылшын тілімен алғаш рет төрт-бес жасында танысты. Бала кезінде Dora the Explorer, Funny English сияқты ағылшын тілін үйрететін танымдық мультсериалдарды қызыға көрген. Кейін мектепке дейінгі даярлықта да тіл үйренуді жалғастырды. Ал ағылшын тіліне шындап қызыға бастаған кезі 12 жас шамасы еді. Сол уақытта америкалық блогерлердің YouTube-тегі видеоларын көріп, шетелдік әншілерді тыңдауға әуестенді.

Осылайша ағылшын тілі біртіндеп оның күнделікті өмірінің бір бөлігіне айналды. Жасөспірім кезінде тіл деңгейі B1-B2 шамасына жеткенімен, сөйлеуге келгенде қиналатын. Бұған көбіне ұялшақтығы кедергі болды.

Маған ең қиыны – сөйлеу болды. Ұялшақ болғандықтан, ағылшын тілінде еркін сөйлей алмайтынмын. Кейде қажетті сөздерді еске түсіру немесе грамматикалық құрылымдарды дұрыс қолдану қиынға соғатын. Сондықтан қазір Speaking бөлімінен 9.0 балл жинағаныма қарасам, бұл жетістіктің артында қаншама еңбек жатқанын түсінемін, – дейді ол.

Қазір Томирис ағылшын тілін тек сабақта немесе жұмыс барысында ғана қолданбайды. Интернеттен ақпарат іздеу, қызықтырған тақырыптарын зерттеу, видео көру сияқты күнделікті істерде де осы тілге жүгінеді. Оның тәжірибесінде ең тиімді тәсілдердің бірі – ағылшын тілін арнайы оқитын пән ретінде ғана емес, қарым-қатынас пен ақпарат алудың құралы ретінде пайдалану.

Мен үшін ең маңыздысы қандай да бір ерекше әдіс емес, тіл үйренуге деген көзқарасымды өзгерту болды. Тілді меңгеру белгілі бір межеге жетумен аяқталмайды, бұл – үздіксіз процесс. Әр адамның тіл үйрену жолы әртүрлі. Сондықтан өзіңді өзгелермен салыстырмай, өз қарқыныңмен дамыған маңызды, – дейді Томирис.

Мұғалім болу бастапқы жоспарында болмады

Томирис шетелде білім алуды мектеп кезінен армандаған. Әсіресе 8-9-сыныпта оқып жүргенде өзге елге барып, жаңа ортада өмір сүруге деген қызығушылығы артты. Ол тек ағылшын тілінде білім алуды ғана емес, басқа елдердің мәдениетімен танысып, дүниетанымын кеңейтуді де қалады.

2020 жылы Алматыдағы қыздар лицейін тәмамдаған соң Гонконгтағы университетке оқуға түсті. Алайда алғашқы курсты қашықтан оқуға тура келді. Кейін Канададағы Торонто университетіне ауысып, халықаралық даму және мемлекеттік саясат бағыттары бойынша білімін жалғастырды.

Мектепте оқып жүргенде Томирис химия пәніне қызығып, олимпиадаларға қатысқан. Алайда болашақ мамандығын таңдауға келгенде әлеуметтік ғылымдарға басымдық берді. Оның бұл шешіміне жаратылыстану ғылымдарына деген қызығушылығы да әсер еткен.

Қоғам да атомдар сияқты жеке бөліктерден тұрады. Ал мені сол бөліктердің өзара байланысы, адамдардың мінез-құлқы және қоғамның қалай жұмыс істейтіні қызықтырады. Сондықтан халықаралық даму мен мемлекеттік саясат салалары менің қызығушылықтарыма сай келді, – дейді ол.

Гонконг пен Канадада білім алу барысында Томирис екі елдің оқу жүйесіндегі ерекшеліктерді де байқады. Оның айтуынша, Гонконгта кей пәндердің қорытынды бағасы көлемді жобалардың нәтижесіне байланысты қойылса, Торонто университетінде емтихандарға көбірек мән беріледі.

Дегенмен отбасылық жағдайына байланысты Томирис үшінші курста оқуын уақытша тоқтатып, Алматыға оралды. Жақындарына қолдау көрсету үшін жұмыс іздей бастаған кезде ағылшын тілінен сабақ беру мүмкіндігіне назар аударды. Осылайша бұрын өзі талай рет тапсырған халықаралық емтиханға енді өзгелерді дайындауға кірісті. 

Бастапқыда мұғалім болуды жоспарлаған жоқпын. Бірақ отбасымызда қиындықтар туындағанда жақындарыма қалай қолдау көрсете алатынымды ойладым. Сөйтіп, ағылшын тілінен сабақ беріп, оқушыларды IELTS емтиханына дайындай бастадым, – дейді Томирис. 

Ол 2024 жылдан бері жастарды IELTS емтиханына дайындап келеді. Ал 2025 жылы кезінде өзі білім алған ағылшын тілі мектебіне мұғалім болып орналасты. Қазір оқушыларға онлайн сабақ береді.

Алғашында педагогикалық тәжірибесінің жоқтығы біраз қиындық туғызды. Өйткені тілді жақсы меңгеру мен оны өзгеге түсінікті етіп үйрету екі бөлек нәрсе. Сондықтан Томирис оқыту әдістерін өз бетінше зерттеп, сабақ берген сайын тәжірибесін толықтыра түсті. Қазір кәсіби біліктілігін арттыру үшін CELTA бағдарламасы бойынша білімін жетілдіріп жүр.

Қазір мұғалім болып жұмыс істеп жүрген Томирис университеттегі оқуын да аяқтауды жоспарлап отыр. Дегенмен шетелге қашан оралып, білімін жалғастыратынын әзірге нақты шешкен жоқ.

«Жоғары балл алу үшін ағылшын тілін білу ғана жеткіліксіз»

Бүгінде жастарды IELTS емтиханына дайындап жүрген Томирис шәкірттерінің білімінен бір мәселені жиі байқайды. Кейбірі ағылшын тіліндегі сөздерді жақсы білгенімен, ойын жүйелі жеткізуге немесе оқыған мәтінінің мәнін терең түсінуге қиналады. Оның ойынша, мұндай қиындық тек тіл білумен байланысты емес. Кітап оқуға аз уақыт бөлу, ақпаратты талдамай, дайын күйінде қабылдау да әсер етеді.

IELTS адамның интеллект деңгейін тексермейді. Дегенмен белгілі бір дәрежеде ойлануды, өз көзқарасын қалыптастыруды және әлеуметтік мәселелерге қатысты ойын жеткізе білуді талап етеді. Сондықтан жоғары балл алғысы келетін жастарға сыни ойлау қабілеті мен оқыған мәтінді түсіну дағдыларын дамытуды ұсынар едім, – дейді Томирис.

Сондықтан ол шәкірттеріне тек жаңа сөз жаттап, грамматикалық ережелерді қайталаумен шектелмеуге кеңес береді. Көркем әдебиет оқу, түрлі тақырыпта әңгімелесу, өз ойын дәлелдеп үйрену де тіл меңгерудің маңызды бөлігі. Өйткені емтиханда сөздерді дұрыс қолданумен қатар, не айтқың келетінін анық білу де қажет.

Әңгіме барысында Томирис Қазақстан мектептеріндегі ағылшын тілін оқыту мәселесіне де тоқталды. Оның байқауынша, кей мектептерде бұл пәнге математика немесе жаратылыстану ғылымдары сияқты мән берілмейді. Соның әсерінен оқушылардың бір бөлігі шет тілін үйренуге тек жоғары сыныптарда, шетелдік университетке түсу қажеттігі туындағанда ғана ден қояды.

Томирис мұны өзгерту үшін балаларды сабақта алған білімін күнделікті өмірде қолдануға көбірек ынталандыру қажет деп санайды. Оқушы тілді тек баға алу үшін емес, өзіне қызықты ақпаратты іздеу, өзгелермен сөйлесу және жаңа дүниені тану үшін пайдаланса, оны меңгеру де жеңілдей түседі.

Ал соңғы жылдары тіл үйренуде жиі қолданылатын жасанды интеллект құралдарына Томирис пайдалы көмекші ретінде қарайды. Олар ақпарат іздеуге, тапсырмаларды түсінуге және өз бетінше жаттығуға мүмкіндік береді. Бірақ мұғалімнің орнын толық басады дегенге келіспейді.

Жасанды интеллект ақпаратты тиімді жеткізіп, оқу процесін жеңілдетуі мүмкін. Бірақ мұғалімнің міндеті тек білім берумен шектелмейді. Ол оқушыға қолдау көрсетіп, жігерлендіріп, оның жеке қажеттіліктерін түсіне алады. Сондықтан жасанды интеллект мұғалімді толығымен алмастыра алмайды, – дейді ол.

«Колумбия университетінде оқу – бала күнгі арманым»

Томирис алдағы уақытта мұғалімдік қызметін жалғастырумен қатар, жоғары білімін аяқтап, ғылыми зерттеулермен де айналысқысы келеді. Қазір ол АҚШ-тағы Колумбия университетіне ауысу мүмкіндігін қарастырып жүр. Бұл оқу орнында білім алу – оның көптен бергі арманы.

Columbia University-де оқу бала кезімнен келе жатқан арманым. Маған бұл университеттің Нью-Йорк қаласында орналасқаны ерекше ұнайтын, – дейді ол.

Болашақта Томирис экономика саласына, соның ішінде білім беру экономикасына ден қойғысы келеді. Оны білім беру жүйесіне бөлінетін қаржының қалай жұмсалатыны, ресурстардың қалай үлестірілетіні және сапалы білімнің ел дамуына ықпалы қызықтырады.

Білімнің жеке адамның дамуына ғана емес, жалпы қоғамның экономикалық өсуіне қалай әсер ететінін тереңірек түсінгім келеді, – дейді Томирис.

Оның қызығушылығы тек ағылшын тілімен шектелмейді. Бұған дейін француз және түрік тілдерін үйренген. Қазір корей тілін Pre-Intermediate деңгейінде меңгеріп жүр, ал келешекте қытай тілін де оқуды жоспарлайды.

Сабақтан бос уақытында достарымен кездесіп, кофеханада әңгімелескенді ұнатады. Сондай-ақ тәуелсіз кино мен деректі фильмдерді қызыға көреді.

Томирис болашағын тек мұғалімдікпен байланыстырмайды. Білім беру саласындағы жұмысын жалғастыра жүріп, ғылыми зерттеулерге де уақыт бөлгісі келеді. Шығармашылыққа деген қызығушылығын да назардан тыс қалдырмақ емес.

Мен үшін ең маңыздысы – үнемі даму, жаңа нәрселерді үйрену және өз қызығушылықтарымды әртүрлі салаларда жүзеге асыру, – деп түйіндеді Томирис Касимова.

Оқи отырыңыз

{