Honda жаңа Avancier кроссоверінің алғашқы суреттерін көрсетті

Honda жаңа Avancier кроссоверінің алғашқы суреттерін көрсетті

Аян Қайырбаев
Фото: kolesa.ru

Honda компаниясы жаңа Avancier кроссоверінің тизер суреттерін жариялады. Алдын ала көрсетілген фотолардан автомобильдің сыртқы дизайны мен кейбір ерекшеліктерін байқауға болады.

Avancier атауы жапон брендінің модельдік қатарында бұрын да болған. Алғашқы буыны 1999-2003 жылдары шығарылған. Ол алтыншы буындағы Accord негізінде жасалған универсал еді. Арада 13 жыл өткен соң компания бұл атауды Қытай нарығына арналған купе үлгісіндегі кроссоверге берді. Қазір бұл модель GAC Honda бірлескен кәсіпорнында өндіріліп жатыр.

Ал таныстырылуға дайындалып жатқан жаңа Avancier – мүлде басқа автомобиль. Алдын ала мәлімет бойынша, оның өндірісі Таиландта жолға қойылады. Кейін кроссовер Жапония, Аустралия және Жаңа Зеландия нарықтарына да шығуы мүмкін. Бұл елдердегі Honda бөлімшелері жаңа модельдің тизерлерін жариялаған.

Жаңа Avancier брендтің биыл көктемде таныстырған дизайн тұжырымдамасы негізінде жасалған алғашқы сериялық модель болмақ. Оның сыртқы келбеті қарапайым пішіндермен және түзу сызықтармен ерекшеленеді.

Тизерлерден автомобильдің алдыңғы жарық жүйесі екі деңгейлі етіп жасалғанын көруге болады. Капоттың астындағы жіңішке көлденең жарықдиодты шамдар күндізгі жүріс шамдарының қызметін атқарса, негізгі фаралар бамперге кіріктірілген. Сонымен қатар кроссоверге есіктің сыртқа қарай жылжып ашылатын тұтқалары, қатты еңкейтілген артқы тіректері және тік әрі көлденең элементтерден тұратын артқы шамдар орнатылған.

Техникалық сипаттамалары әзірге толық жарияланған жоқ. Болжам бойынша, жаңа Avancier Honda Hybrid деп аталатын келесі буындағы гибридті күштік қондырғымен жабдықталады. Оның құрамына көлемі 2,0 литрлік бензин қозғалтқышы кіруі мүмкін.

Сондай-ақ модель үш қатарлы орындықпен жабдықталады деген болжам бар. Honda көліктерінің қатарында ол CR-V кроссоверінен бір саты жоғары орналасуы ықтимал.

Жаңа Honda Avancier-дің ресми тұсаукесері 1 желтоқсанда Таиландта өтеді. Айта кетейік, жапондық автөндіруші бұдан бөлек дизайны ерекше тағы бір кроссоверді таныстыруға дайындалып жатыр.

Оқи отырыңыз

{