Холера өршіп барады: бес жылда қауіпті инфекцияны жұқтырғандар саны 175% артқан

Холера өршіп барады: бес жылда қауіпті инфекцияны жұқтырғандар саны 175% артқан

Мадина Асылбекова
Фото: unsplash.com/National Institute of Allergy and Infectious Diseases

XXI ғасырда холера әлі де су арқылы таралатын ең қауіпті жұқпалы аурулардың бірі саналады. Кейінгі жылдары дерттің таралу қарқыны тіпті күшейген.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДҰ) мәліметінше, 2021-2025 жылдар аралығында тіркелген жағдайлар саны 175 пайыз өсіп, 614 мыңнан асты. Алайда сарапшылар нақты көрсеткіш бұдан әлдеқайда жоғары болуы мүмкін екенін айтады.

Мамандар пікірінше, холерадан болатын өлім-жітімнің басты себебі бактерияның аса қауіптілігінде емес, таза ауыз су мен медициналық көмектің қолжетімсіз болуында.

Холераның су арқылы тарайтынын дәлелдеген дәрігер

Қазіргі эпидемиология ғылымының негізін қалаушылардың бірі саналатын лондондық дәрігер Джон Сноу 1854 жылы болған холера індетін зерттеу арқылы аурудың таралу жолын анықтады. Ол науқастардың тұрған жерін картаға түсіріп, жұқпаның негізгі ошағы Брод-стриттегі қоғамдық су сорғысы екенін дәлелдеді.

Оқи отырыңыз:

Дәрігердің ұсынысымен билік су сорғысының тұтқасын алып тастағаннан кейін індеттің таралуы тоқтаған. Осылайша, холераның лас ауыз су арқылы жұғатыны дәлелденіп, сол кезеңде кең тараған «ауруды лас ауа таратады» деген түсінік жоққа шығарылды.

Емдеу оңай болғанымен, таза су бәріне бірдей қолжетімді емес

Дамыған елдерде холера бүгінде сирек кездесетін ауруға айналғанымен, кедей мемлекеттерде ол әлі де мыңдаған адамның өмірін жалмап келеді. Сарапшылар бағалауынша, әлемде жыл сайын төрт миллионға дейін адам холера жұқтырып, шамамен 143 мың адам көз жұмуы мүмкін.

Ауруды ағзаны қатты сусыздандыратын бактерия қоздырады. Дәрігерлердің айтуынша, науқасты құтқару үшін көп жағдайда таза су, қант және тұздан дайындалған қарапайым ерітіндінің өзі жеткілікті. Уақтылы ем көрсетілсе, өлім-жітім деңгейі бір пайыздан аспайды.

Алайда мәселенің түйіні – аурудың таралу көзі саналатын лас ауыз судың емдеу үшін де қажет болуы. Қазіргі таңда әлемде екі миллиардтан астам адам қауіпсіз ауыз суға тұрақты қол жеткізе алмайды. Бұл бактерияның кең таралуына қолайлы жағдай қалыптастырады.

Соғыс пен апаттар індеттің таралуын күшейтеді

Холераның таралуына табиғи апаттар, жедел урбанизация және қарулы қақтығыстар да әсер етеді. Соғыс салдарынан ауруханалар мен су тазарту жүйелері істен шығып, адамдар адам көп шоғырланған лагерьлерде өмір сүруге мәжбүр болады.

Мұның айқын мысалы – Судан. Елде үш жылға созылған қарулы қақтығыстан кейін 2026 жылдың жазында холера өрши түскен. Қазіргі уақытта медициналық мекемелердің шамамен 40 пайызы жұмыс істемейді. Соның салдарынан инфекциядан болатын бастапқы өлім-жітім деңгейі 13 пайыздан асып кеткен.

Вакцина тапшы

Жағдайды екі дозалық ауыз арқылы қабылданатын вакцина тапшылығы одан әрі күрделендіріп отыр. Осыған байланысты Халықаралық үйлестіру тобы қолда бар қорды көбірек адамға жеткізу үшін әр адамға бір ғана доза бөлуді қолға алған.

Мамандардың айтуынша, 2030 жылға қарай холерадан болатын өлім-жітімді 90 пайызға дейін азайтуға мүмкіндік бар. Өйткені бұл үшін қажетті әрі қолжетімді құралдар бұрыннан белгілі. Холера дәрі-дәрмектің арқасында емес, халық таза ауыз сумен, сенімді коммуналдық жүйемен және сапалы медициналық қызметпен қамтамасыз етілген жерде ғана шегінеді.

Иллинойс университетінің эпидемиология және биостатистика кафедрасының доценті Кэтрин Л. Уоллестің айтуынша, холераны адамзат толық жеңген жоқ.

Студенттеріме Джон Сноу мен Брод-стриттегі су сорғысының оқиғасын айтқанда, холераны шешімі табылған мәселе емес, әлі де өзекті проблема ретінде қарастырғанын қалаймын. Бұл ауру бактерия әлсірегендіктен немесе адамзат оны толық жеңгендіктен емес, таза су жүйесі мен тиімді медицина құрылған жерлерде ғана кейін шегінді. Ал мұндай инфрақұрылым жоқ немесе қираған өңірлерде індет қайта өршиді, – дейді ғалым.

Оқи отырыңыз

{