Холанд пен Кейн: 2026 жылғы әлем чемпионатының жартылай финалына кім жолдама алады?

Холанд пен Кейн: 2026 жылғы әлем чемпионатының жартылай финалына кім жолдама алады?

Асқар Таудай
Фото: Global Look Press

12 шілдеде Норвегия мен Англия құрамалары 2026 жылғы футболдан әлем чемпионатының ширек финалында кездеседі. Матч АҚШ-тың Майами-Гарденс қаласындағы Hard Rock Stadium аренасында өтеді, деп хабарлайды Еl.kz интернет порталы. 

Норвегия бұл әлем чемпионатында сенімді ойын көрсетіп келеді. Топтық кезеңде Иракты (4:1) және Сенегалды (3:1) жеңіп, плей-офф жолдамасын мерзімінен бұрын қамтамасыз етті. Соңғы турда бас бапкер Столе Сольбаккен негізгі құрамға демалыс беріп, Франциядан (1:4) жеңілді.

Плей-офф кезеңінде бұл шешім өз нәтижесін берді. Норвегия 1/16 финалда Кот-д'Ивуарды (2:1), ал 1/8 финалда Бразилияны (2:1) жарыс жолынан шығарды. Осылайша команда өз тарихында алғаш рет әлем чемпионатының ширек финалына шықты. Бұған дейін норвегиялықтар тек 1938, 1994 және 1998 жылдардағы мундиальдарға ғана қатысқан.

Команданың басты шабуыл күші – Эрлинг Холанд. Ол турнирде 7 гол соғып, үздік сұрмергендер тізімінде Килиан Мбаппен мен Лионель Мессиден (8 гол) кейін үшінші сатыға жайғасты. Мартин Эдегор мен Андреас Шельдеруп үш нәтижелі пас берсе, Патрик Берг екі ассисттің авторы атанды. Сондай-ақ Антонио Нуса, Тело Осгор, Лео Эстигор және Маркус Педерсен бір-бір голдан соқты.

Англия құрамасы да топтық кезеңнен қиындықсыз өтті. «Үш арыстан» Хорватияны (4:2) және Панаманы (2:0) жеңіп, Ганамен (0:0) тең түсті.

Алайда плей-офф кезеңінде ағылшындарға оңай болған жоқ. Алдымен ДР Конгоны (2:1) жеңу үшін камбэк жасауға тура келді. Кейін 1/8 финалда ойыншы саны аз болса да, турнир қожайындарының бірі Мексиканы 3:2 есебімен ұтты.

Англия құрамасының басты көшбасшылары – Харри Кейн мен Джуд Беллингем. Кейннің еншісінде 6 гол болса, Беллингем 4 мәрте мергендігімен көзге түсті. Екеуі де бір-бір нәтижелі пас берген. Букайо Сака үш ассист жасаса, Энтони Гордон – екі, Деклан Райс пен Эллиот Андерсон бір-бір нәтижелі паспен ерекшеленді. Маркус Рэшфорд та бір гол соқты.

Командалардың кадрлық жағдайы

Норвегия құрамасы ширек финалға толық құраммен келіп отыр. Жарақат алған немесе ойыннан шеттетілген футболшылар жоқ. Ал Англия сапында екі маңызды шығын бар. Қорғаушы Джарелл Куанса өткен матчтағы қызыл қағазына байланысты бұл кездесуге қатыспайды. Тәжірибелі жартылай қорғаушы Джордан Хендерсон Мексикамен өткен ойыннан кейін қолын жарақаттап алып, турнирдің қалған бөлігін өткізіп алады.

Сондай-ақ қорғаушы Рис Джеймстің алаңға шығуы да күмәнді. Ол сан бұлшықетіндегі жарақатына байланысты әлем чемпионатындағы соңғы үш матчты өткізіп жіберді.

Өзара кездесулер тарихы

Норвегия мен Англия ресми турнирлерде төрт рет кездескен. 1982 жылғы әлем чемпионатының іріктеуінде ағылшындар өз алаңында 4:0 есебімен жеңсе, сырт алаңда 1:2 есебімен есе жіберді. Ал 1994 жылғы әлем чемпионатының іріктеуінде Лондонда 1:1 есебі тіркеліп, Ослода норвегиялықтар 2:0 есебімен жеңіске жеткен.

Командалар бұдан бөлек 10 жолдастық матч өткізген. Оның жетеуінде Англия жеңіп, үшеуі тең аяқталған. XXI ғасырда екі рет кездесіп, екі ойында да Англия 1:0 есебімен басым түсті.

Бұл ширек финалдың ең тартысты кездесулерінің бірі болуы мүмкін. Норвегия әлем чемпионатындағы бес матчтың бәрінде гол соғып, өз қақпасына да гол жіберген. Ал Англия төрт кездесуде кемінде екі голдан соқты. Эрлинг Холанд, Харри Кейн және Джуд Беллингем шабуылда жоғары нәтижелілік көрсетіп жүр. Ал Мартин Эдегор, Андреас Шельдеруп, Букайо Сака мен Энтони Гордон серіктестеріне жиі гол соқтыратын шешуші пастарымен ерекшеленіп отыр. 

 

Оқи отырыңыз

{