Халықаралық білім олимпиадасында медаль алған Алдияр Сейтбайдың арманы қандай?

Халықаралық білім олимпиадасында медаль алған Алдияр Сейтбайдың арманы қандай?

Көктем Қарқын
Фото: Ақорда

Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халықаралық пән олимпиадаларының жеңімпаздары мен жүлдегерлерін Ақордада қабылдады. Солардың қатарында информатикадан халықаралық олимпиаданың күміс жүлдегері, Astana IT University студенті Алдияр Сейтбай да бар. Ташкентте өткен додада әлемнің үздік оқушыларымен бәсекеге түскен жас олимпиадашы алдағы уақытта мықты IT маманы болып, Қазақстанның технологиялық дамуына үлес қосуды армандайтынын айтты.

Салтанатты кездесуге физика, химия, биология, математика, информатика, география және лингвистика бағыттарынан 21 лауреат шақырылды. Президент олимпиада жеңімпаздарының табандылығы мен еңбегін атап өтіп, олардың елдің болашағы үшін маңызды рөл атқаратынын айтты.

Олимпиаданың күміс медаль иегері

Президент қабылдаған жас жеңімпаздардың бірі – Астана қаласы әкімдігінің «Дарынды ер балаларға арналған «Білім-инновация» лицей-интернатының түлегі, Astana IT University студенті Алдияр Дулатұлы. Ол информатикадан халықаралық олимпиадада (IOI) күміс медаль иеленді.

Фото: ҚР Оқу-ағарту министрлігі

Биылғы олимпиада 9-16 тамыз аралығында Ташкентте өтті. Алдиярдың айтуынша, жарыстың деңгейі жоғары болған. Ол әлемнің әр елінен келген мықты оқушылармен бәсекеге түсіп, олимпиада барысында мол тәжірибе жинаған.

Олимпиаданың деңгейі өте жоғары болды. Әлемнің мықты оқушыларымен жарысып, көп тәжірибе жинадым. Бәсеке жоғары болғандықтан, мектептен бастап алгоритм мен бағдарламалауды үйреніп, түрлі олимпиадаларға қатысып, тәжірибе жинау керек, – дейді ол.

Жас маманның таңдаған бағыты да информатикамен тікелей байланысты. Қазір Astana IT University-де білім алып жүрген Алдияр болашақта мықты IT маманы болып, Қазақстанның технологиялық дамуына үлес қосуды армандайды.

Ұзақ дайындықтың нәтижесі

Халықаралық жарыстардағы медаль бір күндік дайындықпен келмейді. Қазақстанда дарынды оқушыларды анықтау мектеп кезеңінен басталып, республикалық және халықаралық деңгейге дейін жалғасатын жүйе арқылы жүргізіледі.

2025-2026 оқу жылында 1,6 миллионға жуық оқушы 80-нен астам республикалық зияткерлік жарысқа қатысты. Оқушылардың халықаралық олимпиадаларға дайындығына «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығы және оның өңірлердегі бөлімшелері атсалысады.

Фото: AI көмегімен жасалды

Информатика сияқты пәндерде оқушының тек теориялық білімін емес, алгоритмдік ойлауын және есепті жылдам шешу қабілетін дамыту маңызды. Сондықтан олимпиадаға қатысатын оқушылар мектеп кезінен бастап бағдарламалау тілдерін меңгеріп, күрделі алгоритмдік есептерді шешіп, тұрақты түрде жарыс тәжірибесін жинақтайды.

Алдияр да жоғары бәсекеге дайындалудың жолы үздіксіз ізденістен өтетінін атап отыр.

Бәсеке өте жоғары, сондықтан олимпиадаға дайындықты ерте бастаған маңызды. Мектеп кезінен алгоритм мен бағдарламалаудың негіздерін меңгеріп, түрлі олимпиадаларға тұрақты қатысу арқылы тәжірибе жинау керек. Себебі халықаралық жарыстарда біліммен қатар, жылдам ойлау, күрделі есептерді шешу және уақытты дұрыс пайдалану да үлкен рөл атқарады, – дейді Алдияр.

Мұндай жүйе ауыл оқушыларына да халықаралық деңгейге шығуға мүмкіндік беруге бағытталған. Ауыл мектептерінің оқушылары үшін республикалық олимпиада өткізіліп, үздіктерді анықтау және олардың қабілетін әрі қарай дамытуға жағдай жасалып келеді.

Президентпен кездесу мотивация берді

Қазақстандық оқушылардың халықаралық олимпиадалардағы нәтижесі тек жеке жетістік емес, елдің білім мен ғылым саласындағы әлеуетін көрсететін маңызды көрсеткішке айналып отыр. Биыл физикадан Қазақстан құрамасының 5 мүшесі де алтын медаль иеленіп, ел тарихында алғаш рет осы пән бойынша жалпы есепте бірінші орынға шықты.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев кездесуде халықаралық жарыстарда Қазақстанның көк туын көтеріп жүрген оқушыларға ризашылығын білдіріп, оларды ел мақтанышы деп атады. Мемлекет басшысы жастардың білімге құштарлығы, өз күшіне сенуі және табанды еңбегі болашақта жетістікке жеткізетінін атап өтті.

Фото: Ақорда

Алдияр үшін Президентпен кездесудің өзі халықаралық олимпиададағы жеңістен кейінгі маңызды сәттердің біріне айналған.

Президентпен кездесуден ерекше әсер алдым. Бұл мен үшін үлкен мәртебе әрі елімізді халықаралық аренада танытуға үлкен мотивация болды, – дейді ол.

Жас олимпиадашының ендігі мақсаты – жинаған білімін кәсіби салада қолдану. IT бағытын таңдаған Алдияр болашақта Қазақстанның технологиялық дамуына үлес қосуды көздейді. Оның айтуынша, халықаралық олимпиадада алған тәжірибесі бұл мақсатқа жетуге маңызды негіз болмақ.

Бүгінде мемлекет халықаралық олимпиадалардың жеңімпаздарына қаржылай және білім беру бағытында да қолдау көрсетеді. Алтын медаль иегеріне 1500 АЕК, күміс медаль иегеріне 1000 АЕК, қола жүлдегерге 500 АЕК көлемінде сыйақы қарастырылған. Сонымен қатар жеңімпаздардың ұстаздары да материалдық ынталандырылады.

Бұл қолдау оқушылардың зияткерлік еңбегін бағалаумен қатар, олардың ғылым, технология және басқа да салаларда ел дамуына үлес қосуына жол ашады. Алдияр сияқты жас олимпиадашылар үшін халықаралық жарыстағы медаль – мәреге жеткен нүкте емес, кәсіби жолдың жаңа кезеңіне бастайтын баспалдақ.

Оқи отырыңыз

{