«Халық психологиясы экономиканы қалай өзгертеді»: АҚШ ғалымдары Нобель сыйлығын иеленді

«Халық психологиясы экономиканы қалай өзгертеді»: АҚШ ғалымдары Нобель сыйлығын иеленді

Назерке Чакирбаева
Фото: NobelPrize

2026 жылғы экономика саласындағы Нобель сыйлығы америкалық экономистер Роберт Холл мен Майкл Вудфордқа берілгені хабарланды. Олардың зерттеулері экономикалық дағдарыс кезінде мемлекет пен орталық банктердің қандай шешім қабылдауы керегін анықтауға арналған.

Ғалымдар экономиканың құлдырауы мен қайта өсуіне әсер ететін факторларды зерттеп, қаржы саясатының ықтимал нәтижелерін бағалауға мүмкіндік беретін макроэкономикалық модельдер әзірлеген.

Бұл модельдер мемлекетке пайыздық мөлшерлемені өзгерту, бюджет шығындарын реттеу және экономиканы қолдау шараларының салдарын алдын ала бағалауға көмектеседі.

Халықтың ертеңгі күнге сенімі экономикаға қалай әсер етеді?

Экономика үнемі бірқалыпты дамымайды. Кей кезеңде өндіріс көлемі ұлғайып, тұтыну артады. Ал экономикалық белсенділік төмендеген кезде кәсіпорындардың табысы азайып, халықтың сатып алу мүмкіндігі шектелуі мүмкін.

Мұндай жағдайда орталық банктер экономиканы ынталандыру үшін пайыздық мөлшерлемені төмендетуі мүмкін. Ал инфляциялық қысым күшейгенде мөлшерлемені көтеру арқылы сұранысты тежеуге тырысады.

Алайда зерттеушілердің еңбегінде тағы бір маңызды факторға назар аударылады. Ол – халық пен кәсіпкерлердің болашақтан не күтетіні. Мәселен, азаматтар алдағы уақытта баға өседі деп күтсе, тауарды ертерек сатып алуға ұмтылуы мүмкін. Ал кәсіпкерлер болашақ шығындар мен сұранысты ескере отырып, өнім бағасын немесе инвестициялық жоспарын өзгертеді.

Демек, экономиканың дамуына бүгінгі көрсеткіштер ғана емес, адамдардың ертеңгі күнге қатысты болжамдары да ықпал етеді.

Орталық банк мәлімдемесінің маңызы қандай?

Зерттеудің негізгі тұжырымдарының бірі – орталық банктер мен үкіметтердің алдағы саясатын түсіндіруі халық пен бизнестің экономикалық шешімдеріне әсер ете алады.

Егер азаматтар мен кәсіпкерлер пайыздық мөлшерлеменің, инфляцияның немесе мемлекеттік шығындардың болашақта қалай өзгеруі мүмкін екенін түсінсе, өздерінің қаржылық жоспарларын соған қарай бейімдейді.

Осылайша экономикалық саясат тек қабылданған шешімдер арқылы емес, сол шешімдерге қатысты қалыптасқан күтулер арқылы да әсер етеді.

Зерттеудің тәжірибелік маңызы неде?

Мұндай экономикалық модельдер дағдарыс кезінде қабылданатын шаралардың ықтимал нәтижелерін салыстыруға мүмкіндік береді. Атап айтқанда, олар энергия бағасының күрт өзгеруі немесе тұтыну көлемінің күтпеген ауытқуы сияқты жағдайлардың экономикаға әсерін талдауға қолданылады.

Зерттеудің маңызы – экономикалық қиындықтарға жауап беру кезінде тек қазіргі жағдайды бағалаумен шектелмей, халық пен бизнестің болашақтағы әрекетін де ескеру қажеттігін көрсетуінде.

Ғалымдардың еңбегі әлем елдеріне қалай көмектеседі?

Нобель комитетінің төрағасы Йон Хасслердің айтуынша, лауреаттардың зерттеулері орталық банктер мен үкіметтер қолданатын экономикалық модельдердің ғылыми негізін қалыптастырды. Бұл модельдер энергия дағдарысы немесе халықтың тұтыну әдеті күрт өзгерген жағдайда экономикалық саясатты тиімді жоспарлауға мүмкіндік береді.

Швеция Корольдік ғылым академиясының мәліметінше, ғалымдардың еңбектері бүгінде әлемнің көптеген елінде экономиканы тұрақтандыру шараларын әзірлеуге пайдаланылады.

Айта кетейік, экономика саласындағы сыйлықтың биылғы ақшалай мөлшері – 12 миллион швед кронасы. Бұл қаржы екі лауреатқа тең бөлінеді.

Айта кетейік, бұған дейін Нобель сыйлығының медицина, физика, химия, әдебиет және бейбітшілік саласы бойынша иегерлері анықталған еді.

Оқи отырыңыз

{