13 Қыркүйек, 13:28
Қаскелең мен Шамалған атауы қайдан шыққан? Жоңғар қолбасшылары туралы аңызҚазақстанда ғылымға бөлінетін мемлекеттік қаржы соңғы жылдары айтарлықтай артты. Алайда бюджеттен бөлінген қаражаттың экономикаға нақты қандай нәтиже әкеліп жатқаны туралы сұрақтар бар. Құрылтай депутаты Тілектес Адамбеков Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбекке осы мәселе бойынша депутаттық сауал жолдады.
Ресми мәлімет бойынша, 2023 жылдан бері ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарға (ҒЗТКЖ) жұмсалатын ішкі шығындар екі еседен астам өсіп, 121,5 млрд теңгеден 2026 жылға қарай 260 млрд теңгеге жеткен. 2025 жылы Қазақстанда 1200-ден астам ғылыми зерттеу аяқталып, 241 инновациялық жоба жүзеге асырылып жатыр. Олардың 30-дан астамы халықаралық нарыққа шыққан.
Дегенмен депутаттың пікірінше, ғылымға құйылған қаржының көлемін ғана емес, оның нақты экономикалық қайтарымын да бағалау қажет.
Бюджет тапшылығы жағдайында қаржыландыру көлемі мен іске асырылған жобалардың саны ғана емес, мемлекет салған инвестициялардың нақты қайтарымын бағалау маңызды, – деді Тілектес Адамбеков.
Зерттеудің нәтижесі өндірісте қолданыла ма?
Депутат мемлекет қаржысының ғылымға бағытталуы елдің технологиялық дамуына серпін беруі тиіс екенін атап өтті. Оның сөзінше, зерттеулердің нәтижесі өндірісте қолданылып, жаңа өнімдер мен жұмыс орындарын қалыптастыруға, салық түсімдері мен экспорт көлемін арттыруға ықпал етуі маңызды.
Бұл ретте мемлекет ғылымды коммерцияландыруға да басымдық беріп отыр. Ресми мәліметке сәйкес, бұған дейін коммерцияландыру жобаларының аясында 208 жоба қолданысқа енгізіліп, 180-нен астам өндіріс сатылым кезеңіне шыққан. Бұл жобалардың экономикадағы жалпы үлесі 118,7 млрд теңге болған, сондай-ақ 2 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылған және 25 жоба экспортқа шыққан.
Ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарды қаржыландыруға бағытталған әрбір теңге бюджет қаражаты қандай көлемде экономикалық әсер, қосылған құн, салықтық түсім немесе экспорттық кіріс әкелді? – деп сұрады депутат.
Ол сондай-ақ зерттеу нәтижелерінің өндіріске енгізілу деңгейіне қатысты нақты статистика қажет екенін айтты. Яғни ғылыми жоба грант алып, зерттеу аяқтағаннан кейін оның тағдыры қандай болады? Қаншасы нақты технологияға айналады, қаншасы бизнеске беріледі немесе жеке инвестиция тартады деген сұрақтарға жауап болуы тиіс.
Мәселен, 2024-2026 жылдарға арналған ғылым бюджеті 703,6 млрд теңге болып бекітілген. 2024 жылдың өзінде ғылымды дамытуға республикалық бюджеттен 177,3 млрд теңге бағытталған. Оның ішінде гранттық қаржыландыруға, коммерцияландыру жобаларына және базалық қаржыландыруға қаражат қарастырылған.
Нәтижелері өндіріске енгізілген, коммерцияландырылған немесе жеке инвестиция тартуға мүмкіндік берген ғылыми жобалар үлесі қандай? – деді Тілектес Адамбеков.
Салыстырмалы талдау керек
Депутат ғылым саласындағы бағыттардың тиімділігіне салыстырмалы талдау жүргізу мәселесін де көтерді. Оның айтуынша, мемлекет қай салаларға қаржы бөлгенде жоғары экономикалық нәтиже алынатынын, ал қай бағыттарда практикалық нәтиже төмен екенін білуі керек.
Бұл сұрақтың өзектілігі ғылымға бөлінетін қаражаттың одан әрі ұлғаюымен де байланысты. 2026-2028 жылдарға арналған республикалық бюджетте Ғылым және жоғары білім министрлігіне 220,6 млрд теңге қарастырылған, оның 209,8 млрд теңгесі ғылымды дамыту бағдарламасына бағытталған.
Қандай салалар ең жоғары экономикалық қайтарым көрсетеді, ал қай бағыттар практикалық нәтижелердің жоқтығымен сипатталады? Егер мұндай бағыттар анықталса, олардың төмен нәтижелілігінің негізгі себептері қандай? – деп сауал жолдады Құрылтай депутаты.
Осылайша, депутаттың сауалы ғылымды қаржыландыру көлемінен оның нақты нәтижесіне назар аударуды ұсынады. Яғни мәселе тек «ғылымға қанша ақша бөлінді?» деген сұрақпен шектелмей, «сол қаржы қандай технологияға, өнімге, жұмыс орнына, салық түсіміне немесе экспорттық табысқа айналды?» деген көрсеткіштер арқылы бағалануы қажет.
Жеке инвестицияның үлесі қандай?
АЙта кету керек, ғылымды тек бюджет есебінен дамыту ұзақ мерзімді перспективада жеткіліксіз болуы мүмкін. Сондықтан жеке бизнестің ғылыми жобаларға қаржы салуы да маңызды көрсеткіштердің бірі.
Министрліктің мәліметінше, 2025 жылдың қорытындысы бойынша ғылыми жобаларға салынған жеке инвестициялар көлемі 24 млрд теңгеге жеткен. Сонымен бірге жобалар аяқталған кезде жеке қаржыландыру үлесін 32%-ға дейін жеткізу жоспарланып отыр.
Бұл бағыттағы мақсат – ғылыми әзірлемелерді тек мемлекеттік грантпен шектемей, оларды бизнеске қажетті технологиялар мен өнімдерге айналдыру.
Мысалы, «Жас ғалым» бағдарламасы аясында 2021-2024 жылдары 2 мыңнан астам ғылыми жоба іске асырылған. Осы жобалар барысында 10 зертхана, бес спин-офф цехы және үш стартап іске қосылған. Сонымен қатар жеке ұйымдармен ғылымды қажетсінетін қызметтер көрсету бойынша 468 млн теңгеге 14 шарт жасалып, 788,9 млн теңге жеке қоса қаржыландыру тартылған.
Дегенмен мұндай жобалардың жалпы ғылымға бөлінетін мемлекеттік қаражатқа шаққандағы үлесі және олардың кейінгі экономикалық нәтижесі туралы толық картина қажет. Депутаттың сауалы да осы мәселеге бағытталған.
13 Қыркүйек, 13:28
Қаскелең мен Шамалған атауы қайдан шыққан? Жоңғар қолбасшылары туралы аңыз11 Қыркүйек, 12:07
Бала көргенін қайталайды: танымал мультфильмдерді көрсеткенде ата-ана нені ескеруі керек11 Қыркүйек, 09:00
«Ұял» дегенде бетін басады: Челси есімді ит қазақша бұйрықтарды қалай үйренді?10 Қыркүйек, 12:44
«Маугли қыз»: 17 жастағы қырғыз қызының ерекше қабілеті көпшілікті таңғалдырды