«Гормондар зиян»: Контрацепция туралы қандай мифтер бар?

«Гормондар зиян»: Контрацепция туралы қандай мифтер бар?

Көктем Қарқын
Фото: El.kz

Қазақстандық әйелдердің 47,7%-ы жүктілікке немесе бала күтіміне байланысты мансаптық жоспарын өзгертуге мәжбүр болған. Ал бала сүюді кейінге қалдыруға қаржылық жағдай, мансап, тұрақты қарым-қатынастың болмауы және психологиялық дайындық сияқты факторлар әсер етеді. Астанада өткен дөңгелек үстелде мамандар әйелдердің репродуктивті денсаулығы, контрацепция және отбасын жоспарлау мәселелерін талқылады.

Бүгін «Гедеон Рихтер Қазақстан» компаниясының қолдауымен «Рөлдер теңгерімі: әйелдер мансап құрып, отбасын қалай жоспарлайды?» атты дөңгелек үстел өтті. Кездесуде қазақстандық әйелдер арасында жүргізілген «Мансап, отбасы және өмірлік жоспарлар: әйелдер болашағына қатысты шешімдерді қалай қабылдайды?» атты сауалнаманың нәтижелері таныстырылды.

Фото: El.kz

Іс-шарада әйелдердің кәсіби дамуы мен ана болу арасындағы байланыс, жүктілікті жоспарлау, гормоналды контрацепция және репродуктивті денсаулық туралы ақпараттың қолжетімділігі сөз болды.

Бала сүюді кейінге қалдыру

«Гедеон Рихтер» компаниясының Орталық және Шығыс Азия кластерлері бойынша PR және корпоративтік әлеуметтік жауапкершілік жөніндегі сарапшысы Динара Бірмағанбетова сауалнама нәтижелерін таныстырды.

Зерттеу деректеріне сәйкес, бала сүюді кейінге қалдырудың негізгі себептерінің бірі – қаржылық жағдай. Сауалнамаға қатысқандардың 18,8%-ы осы факторды атаған. Ал 17,2%-ы мансаптық жоспарларын, 15,6%-ы тұрақты қарым-қатынастың болмауын көрсеткен. Қатысушылардың 14,1%-ы денсаулығына, тағы 14,1%-ы психологиялық тұрғыдан дайын еместігіне байланысты бала сүюді кейінге қалдыратынын айтқан.

Фото: El.kz

Бұл көрсеткіштер әйелдердің репродуктивті шешімдеріне бір ғана себеп әсер етпейтінін аңғартады. Бірі алдымен қаржылық тұрақтылыққа қол жеткізгісі келсе, енді бірі кәсіби дамуын жалғастыруды немесе отбасылық жағдайын реттеуді маңызды санайды.

Демек, отбасын жоспарлау мәселесін тек әйелдің жеке таңдауымен байланыстыру жеткіліксіз. Мұнда әлеуметтік жағдай, денсаулық, серіктестің қолдауы және жұмыс орнындағы мүмкіндіктер де маңызды рөл атқарады.

Әрбір екінші әйел мансабын өзгертеді

Зерттеуде ана болудың әйелдердің кәсіби өміріне ықпалына да назар аударылған.

Сауалнамаға қатысқан әйелдердің 47,7%-ы жүктілікке немесе бала күтіміне байланысты мансаптық жоспарларын өзгертуге мәжбүр болған. Оның ішінде 27%-ы мұндай жағдайды бірнеше рет бастан өткерген. Ал 35,1%-ы декреттік демалыстан кейін жұмысқа оралғанда қиындықтарға тап болған.

Фото: El.kz

Бұл – әйелдер үшін ана болу мен мансапты қатар алып жүру әлі де оңай емес екенін көрсететін деректер. Декреттен кейін жұмысқа оралған әйел бұрынғы қызметіне қайта бейімделуге, кәсіби дағдыларын жаңартуға немесе мансаптық мүмкіндіктерін қалпына келтіруге мәжбүр болуы мүмкін.

Мұндай жағдайда жұмыс берушінің қолдауы, икемді жұмыс кестесі және бала күтіміне қолайлы жағдайдың болуы маңызды. Өйткені отбасын жоспарлау туралы шешімге тек әйелдің қалауы емес, баланы дүниеге әкелгеннен кейінгі өмір жағдайы да әсер етеді.

«Гормондар зиян» деген пікір миф пе?

Дөңгелек үстелде контрацепцияға қатысты қоғамда кең тараған түсініктер де талқыланды. Жоғары санатты акушер-гинеколог, медицина ғылымдарының докторы, профессор Талшын Үкібасова гормоналды контрацепция туралы пікірлерге тоқталды.

Фото: El.kz

Тіпті дәрігерлердің өздерінің ішінде де жалған мифтер көп. Соның ішінде «гормондар зиян» деген пікір бар. Гормон деген жалпылама сөз. Ал оның түрі өте көп. Қазір жыл өткен сайын гормоналды контрацептивтер жақсарып жатыр. Олардың сапасы артып, құрамы өзгеруде. Мысалы, эстрадиол әйелдің өз ағзасында, аналық безінде түзілетін гормонға өте жақын құрамда қолданылып жүр. Әрбір әйелге өзіне үйлесімді препарат тағайындауға болады. Бұл дәрігердің біліктілігіне байланысты. Әйелдің салмағын, әлеуметтік жағдайын, денсаулығын ескере отырып, жеке препарат таңдауға болады. Ал оны дұрыс қолдану тәртібін дәрігер түсіндіруі керек, – дейді Талшын Үкібасова.

Маманның пікірінше, гормоналды контрацепцияны біржақты бағалау дұрыс емес. Себебі гормоналды препараттардың құрамы, әсер ету механизмі және қолдануға болатын жағдайлары әртүрлі.

Гормоналды контрацептивтер 

Бұл – жүктіліктің алдын алу үшін гормондардың әсерін пайдаланатын препараттар. Олардың кейбірі эстроген мен прогестиннің қосындысынан тұрса, енді бірі тек прогестинді қамтиды. Әсер ету механизмі препараттың түріне байланысты: овуляцияны тежеуі, жатыр мойны шырышының қасиетін өзгертуі немесе басқа жолдармен жүктіліктің алдын алуы мүмкін.

Фото: El.kz

Заманауи препараттардың құрамы жетілдіріліп жатқанымен, бұл олардың барлығы кез келген әйелге жарамды дегенді білдірмейді. Мысалы, эстроген бар контрацептивтер кейбір әйелдерге, соның ішінде қан ұю қаупі жоғары адамдарға сәйкес келмеуі мүмкін. Сондықтан препаратты өз бетінше таңдауға немесе басқа адамның тәжірибесіне сүйеніп қабылдауға болмайды.

Дәрігер контрацепция әдісін таңдағанда әйелдің денсаулығын, ауру тарихын, қабылдап жүрген дәрілерін және болашақта бала сүю жоспарын ескеруі керек. Препаратты қалай және қашан қолдану керектігі жөніндегі нұсқаулықты да нақты түсіндіргені маңызды.

Гинекологқа тек жүкті кезде келеді

Акушер-гинеколог дәрігер Сұңқар Хангелдина әйелдердің репродуктивті денсаулығы туралы ақпаратты ерте жастан алуы және гинекологқа қаралуға қатысты қалыптасқан стереотиптерді өзгерту қажеттігіне назар аударды.

Перзентханадан шыққан кезде құжатқа алты айдан кейін контрацепцияның түрін таңдау керек деп жазылады. Аборт пен түсіктен кейін де солай жазылып тұрады. Біздің елімізде гинекологтар жұмыс істемей немесе дұрыс ақпарат бермей жатыр деп айта алмаймыз. Мектептен бастап қыз баланың жыныстық сауаттылығын үйрету керек пе? Әлде министрлікпен бірігіп ақпарат таратуды жақсарту керек пе? Бұл сұрақтарға біз жауап іздеп жатырмыз. Қазақ қоғамында әйелдер гинекологқа көп жағдайда босанатын кезде ғана келеді. Осы стереотипті бұзуымыз керек, – дейді Сұңқар Хангелдина.

Маман көтерген мәселе репродуктивті денсаулық туралы білімнің маңызын көрсетеді. Гинекологқа қаралу тек жүктілік кезінде немесе белгілі бір шағым пайда болғанда ғана қажет емес. Дәрігерге профилактикалық мақсатта жүгіну, етеккір цикліне қатысты өзгерістерді талқылау, контрацепция әдісін таңдау және репродуктивті денсаулық туралы сұрақтарға жауап алу да маңызды.

Фото: El.kz

Мәселен, етеккір кезінде қатты ауырсыну, циклдің айтарлықтай өзгеруі немесе әдеттен тыс қан кету байқалса, оны қалыпты жағдай деп қабылдап жүре бермей, дәрігермен кеңескен жөн. Мұндай белгілердің себебін тексеру арқылы анықтауға болады.

Жыныстық сауаттылық та осының бір бөлігі. Ол тек жыныстық қатынас туралы ақпаратпен шектелмейді. Адам өз денесін түсінуі, жеке шекарасын білуі, жүктіліктің алдын алу жолдары мен жыныстық жолмен берілетін инфекциялардан қорғану туралы сенімді ақпарат алуы керек.

Отбасын жоспарлау – тек әйелдің міндеті емес

Зерттеу нәтижелері мен мамандардың пікірлері әйелдердің бала сүю туралы шешіміне қаржылық тұрақтылық, денсаулық, психологиялық дайындық және мансаптық жоспарлар әсер ететінін көрсетеді.

Сонымен бірге жүктілікті жоспарлау жауапкершілігін тек әйелдің мойнына артуға болмайды. Бұл – ерлі-зайыптылардың ортақ шешімі. Серіктестің қолдауы, баланы күту міндеттерін бөлісу және отбасындағы жауапкершіліктің тең бөлінуі әйелдің кәсіби дамуына да ықпал етеді.

Фото: El.kz

Ал қоғам деңгейінде репродуктивті денсаулық туралы сенімді ақпараттың қолжетімді болуы, дәрігерге қаралу мәдениетін қалыптастыру және декреттен кейін жұмысқа оралатын әйелдерді қолдау маңызды.

Отбасын жоспарлау әр адамның жеке таңдауына негізделуі керек. Әйелдің қашан ана болатынына қатысты шешім оның денсаулығы, қалауы және өмірлік жоспары ескеріле отырып қабылданғаны жөн. Ал мансап пен отбасын үйлестіру үшін жеке шешіммен қатар, қоғам мен жұмыс берушілердің қолдауы да қажет.

Оқи отырыңыз

{