21.05.2026
17:15
176
Жаңалықтар

Гормондар бізді қалай басқарады? Көңіл күйдің артындағы құпия

Тез шаршап, ештеңеге зауқымыз соқпай, ұйқымыз қанбай жүрсе, көбіміз бірден «гормоннан шығар» деп ойлаймыз. Расында, соңғы жылдары гормон туралы әңгіме көбейді. Біреу күйзеліске түссе де, ашуланса да, семірсе де, тіпті ғашық болса да кінәні гормоннан іздейді.

Бірақ гормон деген не өзі? Ол адамды шынымен «басқара» ала ма? El.kz тілшісі эндокринолог-диетолог Ләззат Жанұзақовамен сөйлесіп, гормондардың қызметіне үңілді.

Гормон деген не?

Эндокринологтың айтуынша, гормондар біздің көңіл күйімізге, эмоциямызға, тәбетімізге, ұйқымызға, тіпті өмірге деген құштарлығымызға дейін әсер етеді.

Гормон – ағзадағы барлық процесті басқаратын биологиялық белсенді зат. Олар эндокриндік бездерден бөлінеді. Эндокриндік бездерге гипофиз, қалқанша без, айырша без, ұйқы безі, аналық және аталық бездер жатады. Осы бездерден бөлінетін гормондар зат алмасуға, ұйқыға, тәбетке, салмаққа, көңіл күйге және репродуктивті жүйеге әсер етеді, – дейді дәрігер.

Қазір ғалымдар адам ағзасында 50-ден астам гормон барын анықтады. Олар жүздеген процесті басқарады.

Гормондардың негізгі қызметі – зат алмасуды реттеу. Олар қандағы қант деңгейін бақылайды, салмақ пен тәбетті басқарады, ұйқы мен энергияға әсер етеді. Сонымен қатар етеккір циклі мен жүктілікке қатысады, стресс пен көңіл күйді реттейді. Тері мен шаштың жағдайына да ықпал етеді, – дейді Ләззат Жанұзақова.

Гормондардың көңіл күйге әсері

Мида нейромедиатор деп аталатын химиялық заттар бар. Соның ішінде серотонин мен дофамин адамның көңіл күйіне жауап береді.

  • Серотонин – тыныштық пен тұрақтылық гормоны;
  • Дофамин – мотивация мен ләззат гормоны.

Ал гормондар осы заттардың жұмысына әсер етеді. Мысалы, әйел ағзасындағы эстроген серотонин деңгейін көтеруі мүмкін. Сондықтан кей кезде адам өзін сергек әрі бақытты сезінеді. Ал гормон төмендегенде көңіл күй құлдырап кетеді.

Сол себепті етеккір алдында кей әйелдердің ашуланшақ болып, жылағыш болып кетуі – жай еркелік емес, ағзадағы химиялық өзгеріс.

Гормондардың бұзылғанын қалай білуге болады?

Фото: ЖИ / Ләззат Жанұзақова

Эндокринологтың пікірінше, қыздар ұлдарға қарағанда жасөспірім шақтан бастап депрессияға екі есе көп түседі. Бұған гормондық өзгерістер әсер етуі мүмкін. Әсіресе етеккір циклі кезінде, жүктілік уақытында, босанғаннан кейін, менопауза кезінде гормондар қатты ауытқиды.

Көп жағдайда әлсіздік, тез шаршау, салмақтың күрт қосылуы немесе азаюы, терінің құрғауы, тәттіге құмарлық – гормондық жүйе бұзылысының белгілері болуы мүмкін. Кейде науқастар «ісінуден арыла алмай жүрмін» деп шағымданады. Тершеңдік, қолдың дірілдеуі, іштің қатуы немесе өтуі де гормондық өзгерістердің белгісі саналады, – дейді Ләззат Жанұзақова.

Дәрігердің айтуынша, әйелдерде инсулин гормонының бұзылысы жиі кездеседі. Сондай-ақ қалқанша безі мен аналық без қызметіндегі өзгерістер де әйелдер арасында көп байқалады. Менопауза бір адамда 30 жаста басталса, енді бірінде 40 жастан кейін басталуы мүмкін. Бұл кезеңде гормондардың белсенділігі төмендей бастайды.

Ағзадағы гормондардың қызметі

Ләззат Жанұзақова адам ағзасына тікелей әсер ететін негізгі гормондарды атады:

Фото: ЖИ
  • Инсулин гормоны қандағы қантты реттеп, зат алмасуға қатысады. Ал тиреоидты гормондар қалқанша безінен бөлінеді. Олар зат алмасу мен энергияға жауап береді.
  • Біз қорыққанда, уайымдағанда немесе күйзеліске түскенде бүйрекүсті безі кортизол бөледі. Оны «стресс гормоны» деп атайды. Қысқа уақытта кортизол пайдалы. Ол ағзаны қауіптен қорғайды. Бірақ стресс ұзаққа созылса, кортизол миға зиянын тигізе бастайды.
  • Эстроген гормоны әйел денсаулығына, теріге, сүйекке және етеккір цикліне жауап береді.
  • Прогестерон гормоны жүктілік пен етеккір циклін қолдайды.
  • Тестостерон гормоны энергияға, бұлшықетке және либидоға жауап береді. Бұл гормон әйелдерде де, ерлерде де болады. Алайда ер адамдарда тестостерон деңгейі салыстырмалы түрде жоғары келеді.
  • Пролактин – сүт бөлінуіне жауап беретін гормон. Ол жүктілік кезінде ана ағзасында белсенді бөлінеді.
  • Мелатонин – ұйқы гормоны.

Дұрыс ұйықтамаған адамның мелатонин деңгейі бұзылады. 6 сағаттан аз немесе 8 сағаттан көп ұйықтау денсаулыққа зиян. Ересек адамға орта есеппен 7 сағат ұйқы жеткілікті. Ол үшін кешкі сағат 22:00-ге дейін ұйықтап, таңғы 06:00-07:00 аралығында тұрған дұрыс, – дейді эндокринолог.

Фото: ВВС

Оның айтуынша, түнде мелатонинмен қатар соматотропты гормон да бөлінеді. Бұл – өсу гормоны. Ол балалардың бой өсуіне, ал ересектердің бұлшықетіне әсер етеді.

 Көп ата-ана «баламның бойы өспей қалды» деп шағымданады. Мұның бір себебі – түнгі ұйқы режимінің дұрыс болмауы, – дейді эндокринолог.

Ер адамдарға гормон әсер етпей ме?

Ер адамдарға да гормон әсер етеді. Жас ұлғайған сайын ер адамдарда тестостерон азаяды. Бұл энергияның төмендеуіне, ашуланшақтыққа, мотивацияның жоғалуына әсер етуі мүмкін.

Бірақ қоғамда ер адамдардың эмоционалдық жағдайы жайлы аз айтылатындықтан, бұл тақырып көп зерттеле бермейді.

«Махаббат гормоны» шынымен бар ма?

Иә. Ол – окситоцин. Бұл гормон адам өзін қауіпсіз сезінгенде, құшақтасқанда, сәбиін емізгенде, ғашық болғанда бөлінеді, – дейді эндокринолог.

Ғалымдар окситоцин адамдарды мейірімдірек, сенгіш әрі жанашыр етуі мүмкін дейді. Сондықтан оны кейде «махаббат гормоны» деп атайды.

Гормондар теңгерімі бұзылған кезде адамда депрессия, үрей, ашушаңдық және апатия пайда болуы мүмкін. Мотивация төмендеп, ертеңге деген құлшыныс азаяды. Мысалы, қалқанша безінің қызметі төмендеген адам өзін әлсіз әрі көңілсіз сезінеді. Бұл жағдай гипотиреоз деп аталады. Ол кортизол деңгейіне де әсер етуі мүмкін, – дейді Ләззат Жанұзақова.

Эндокринологтың айтуынша, көп адам бір гормонның екінші гормонға әсер ететінін біле бермейді. Ағзадағы ішкі секреция бездерінің жұмысын тек симптомдар мен арнайы анализдер арқылы ғана анықтауға болады.

Гормонды «кінәлай» берген дұрыс па?

Гормондар расында біздің эмоциямызға әсер етеді. Бірақ барлық мәселені тек гормонмен түсіндіру дұрыс емес. Ұйқының аздығы, шаршау, дұрыс тамақтанбау, стресс, жалғыздық та адамның психикасына қатты әсер етеді.

Дегенмен ғылым бір нәрсені нақты дәлелдеп отыр: адам тек ой мен мінезден тұрмайды. Біздің сезімімізге кейде көзге көрінбейтін кішкентай химиялық заттар да ықпал етеді.

Сондықтан кейде «неге көңіл күйім жоқ?» деген сұрақтың жауабы мінезде емес, ағзаның ішінде жатуы мүмкін.