14 Маусым, 21:04
Президент ат қойған Ақниет пен Бөрте туралы не білеміз?Әлем чемпионатының қатысушыларын жақынырақ таныстыруды жалғастырамыз. Бұл жолы Е тобының өкілдеріне тоқталдық.
Е тобының көшбасшысы деп Германияны айтуға болады. Жалпы, әлем чемпионаты десе алдымен ойға келетін құрамалардың бірі – Германия. Немістер төрт рет әлем чемпионы атанған: 1954, 1974, 1990 және 2014 жылдары. Бұл көрсеткіш бойынша олардан бес мәрте чемпион болған Бразилия ғана алда тұр.
Бұдан бөлек Германия құрамасы әлем чемпионаттарында төрт күміс және төрт қола медаль жеңіп алып, жүлделі орындар саны бойынша да көш бастап келеді. Соңғы чемпиондық атаққа қол жеткізгеніне 12 жыл өтсе де, немістер тағы бір тарихи жетістікке жетуді көздейді.
Әлем чемпионатына жолы қалай түсті?
Германия құрамасы әлем чемпионатына жолдаманы іріктеу кезеңінің соңғы турында ғана ресми түрде рәсімдеді. Шешуші кездесуде Словакияны 6:0 есебімен ойсырата жеңген немістер топтағы басты қарсыласынан басым түсті.
Іріктеу кезеңі өте тартысты өтті. Алғашқы бес турдан кейін Германия мен Словакияның көрсеткіштері бірдей болды: төрт жеңіс және бір жеңіліс. Оның үстіне немістер алғашқы турда дәл осы словактарға есе жіберген еді. Алайда соңғы сында тәжірибе мен шеберлік үстемдік құрып, Германия әлем чемпионатына тікелей жолдама алды.
Команданың басты жұлдызы кім?
Қазіргі Германия құрамасының көшбасшыларының бірі – Флориан Вирц. Еуро-2024 аяқталғаннан бері ол ұлттық құрамадағы ең нәтижелі футболшылар қатарында. Ұлттар лигасында 4 гол соғып, 4 нәтижелі пас берген жартылай қорғаушы әлем чемпионатының іріктеу кезеңінде де маңызды рөл атқарды.
Дегенмен оның «Ливерпульдегі» алғашқы маусымы сәтті болған жоқ. Сондықтан Германияның бүкіл ойыны бір ғана футболшыға тәуелді деп айту қиын. Тәжірибелі Йозуа Киммих те көшбасшылыққа таласа алады. Ал жарақатына байланысты алаңнан тыс қалған Джамал Мусиаланың жоқтығы да команда үшін үлкен шығын.
Нагельсманнның жауапты кезеңі
Германия құрамасын бүгінде Еуропадағы ең әлеуеті жоғары бапкерлердің бірі саналатын Юлиан Нагельсманн жаттықтырады. «Бавариядан» күтпеген жерден кеткеннен кейін ол ұлттық құраманы қабылдап, қысқа уақыт ішінде жаңа буынды қалыптастыруға кірісті.
2026 жылғы әлем чемпионаты Нагельсманн үшін ұлттық құрама тізгініндегі екінші ірі турнир болмақ. Еуро-2024 кезінде Германия сапалы ойын өрнегін көрсетіп, чемпион атанған Испанияға ғана жол берген еді. Алайда Тони Кроос кеткеннен кейін команданың ойыны бұрынғыдай жарқын емес. Оның үстіне бапкердің құрам таңдауы мен кейбір футболшыларға қатысты мәлімдемелері де жиі талқыға түсуде.
Құраманың әлсіз тұстары
Германия дәстүрлі түрде фавориттердің қатарында болғанымен, қазіргі құраманың да мәселелері аз емес. Ең алдымен командада Тони Кроос секілді ойын тағдырын шешетін жүйе құраушы футболшы жетіспейді.
Қақпашылар мәселесі де алаңдатады. Оливер Бауманн сенімді ойын көрсеткенімен, әлемдік деңгейдегі жұлдыз санатына жатпайды. Ал Мануэль Нойер 40 жасқа жақындап қалды және ұзақ турнирлік маусымға қаншалықты дайын екені белгісіз.
Қорғаныстың оң қапталында Йозуа Киммих ойнауға мәжбүр, өйткені бұл позицияда балама аз. Сол қапталда да қорғаныс әрекеттеріне қатысты сұрақтар бар. Ал шабуыл шебінде талантты ойыншылар жеткілікті болғанымен, нәтижеге кепіл бола алатын нағыз көшбасшы әзірге байқалмайды.
2026 жылғы әлем чемпионатының ең ерекше қатысушыларының бірі – Кюрасао құрамасы. Алғашқы ойынында Германиямен кездесіп, азулы қарсылас қақпасына бір гол салып үлгерді. Бірақ ойын нәтижесі бойынша тас-талқан боп ұтылды. Халқы небәрі 185 мың адамды құрайтын мемлекет әлем чемпионатына жолдама алған ең шағын ел ретінде тарихқа енді.
Бірнеше жыл бұрын ғана Кюрасао Солтүстік және Орталық Америка аймағындағы іріктеу кезеңдерінің алғашқы сатыларынан аса алмайтын. Бүгінде жағдай түбегейлі өзгерді.
Жолдамаға қалай қол жеткізді?
Кюрасао АҚШ, Канада және Мексиканың турнир қожайыны ретінде автоматты түрде жолдама алуын тиімді пайдаланды. Іріктеу кезеңінде команда бірде-бір рет жеңілмей, Ямайка, Тринидад және Тобаго мен Бермуд аралдарынан озып шықты.
Шешуші матчта олар Ямайкаға қарсы ойында тең есепті сақтап қалып, тарихи нәтижеге қол жеткізді.
Команда көшбасшысы
Құраманың басты тұлғаларының бірі – Леандро Бакуна. Қазір ол Түркияның екінші дивизионында өнер көрсеткенімен, кезінде Англия Премьер-лигасында «Астон Вилла» сапында ойнаған тәжірибелі футболшы.
34 жастағы жартылай қорғаушы – Кюрасао құрамасының капитаны, рекордсмендерінің бірі және ұлттық құраманың тарихындағы ең нәтижелі ойыншылардың қатарында.
78 жастағы бапкердің соңғы миссиясы
Кюрасао құрамасын футбол әлеміндегі әйгілі маман Дик Адвокат жаттықтырады. 78 жастағы нидерландтық бапкер – әлем чемпионатындағы ең егде жаттықтырушы.
Ол бірнеше буын футболшылармен жұмыс істеп, бес түрлі онжылдықта бапкерлік қызмет атқарған. Тіпті 1994 жылғы әлем чемпионатында Нидерланд құрамасын да басқарған.
Биыл көктемде қызының денсаулығына байланысты қызметінен уақытша кеткенімен, кейін командаға қайта оралды. Сондықтан Кюрасаоның әлем чемпионатына қатысуы тек футболдық емес, адамдық тұрғыдан да әсерлі оқиғаға айналып отыр.
Команданың ерекшелігі
Кюрасао құрамасының негізін Нидерландта туған немесе сол елдің футбол мектебінен өткен ойыншылар құрайды. Олардың қатарында «Манчестер Юнайтед» академиясының түлегі Тайит Чонг, ПСВ қорғаушысы Армандо Обиспо және басқа да тәжірибелі футболшылар бар.
Команда нидерландтық футбол стилін ұстанады. Көбіне 4-3-3 схемасымен ойнап, комбинациялық шабуылдарға басымдық береді. Бұл ойын үлгісі тіпті Солтүстік Америкадағы қиын алаңдарда да өз тиімділігін көрсетіп үлгерді.
Кюрасао үшін әлем чемпионатына қатысудың өзі тарихи жетістік саналады. Алайда бұл команда турнирдің басты тосынсыйларының біріне айналуға ниетті.
Кот-д’Ивуар құрамасы үшін 2026 жылғы әлем чемпионаты тарихтағы төртінші мундиаль болмақ. Бұған дейін африкалық команда 2006, 2010 және 2014 жылдары қатарынан әлем біріншілігіне қатысқан. Алайда сол турнирлердің ешқайсысында топтық кезеңнен аса алмады. Үш чемпионатта да ивуарлықтар бір жеңіске қол жеткізіп, өз топтарында үшінші орынмен шектелген еді.
Әлем чемпионатына сенімді жолмен өтті
Кот-д’Ивуар іріктеу кезеңінде өте жоғары деңгейде өнер көрсетті. Команда 30 мүмкін ұпайдың 26-сын еншілеп, өз тобында бірінші орын алды.
Оларға соңына дейін Пьер-Эмерик Обамеянг бастаған Габон құрамасы қысым көрсеткенімен, ивуарлықтар көш басындағы орнын сақтап қалды. Қалған қарсыластары – Гамбия, Кения, Бурунди және Сейшел аралдары әлдеқайда төмен нәтиже көрсетті.
Ең әсерлі көрсеткіштердің бірі – голдар айырмасы. Кот-д’Ивуар іріктеу кезеңінде қарсыластар қақпасына 25 гол соғып, өз қақпасына бірде-бір доп жіберген жоқ. Африка құрамалары арасында мұндай нәтижеге ешкім қол жеткізе алмады.
Жаңа буынның жарқын өкілі
Қазіргі құраманың басты үміттерінің бірі – 23 жастағы Амад Диалло. Ол әзірге әлемдік деңгейдегі жұлдыз мәртебесіне толық жете қоймағанымен, Кот-д’Ивуар футболының ең перспективалы ойыншыларының бірі саналады.
Амад Африка Ұлттар кубогында өзін жақсы қырынан көрсетіп, үш гол мен бір нәтижелі пастың авторы атанды. Сонымен қатар ол Англияның әйгілі «Манчестер Юнайтед» клубында тұрақты түрде алаңға шығып жүр. Талантты шабуылшыдан болашақта үлкен жетістіктер күтіледі.
Фаэнің ерекше тарихы
Құраманы 42 жастағы Эмерс Фаэ жаттықтырады. Оның есімі Кот-д’Ивуар футболының тарихында ерекше орын алады.
Екі жыл бұрын ұлттық құрама өз жерінде өткен Африка Ұлттар кубогында чемпион атанды. Бір қызығы, турнир басталған кезде Фаэ бас бапкер емес еді. Ол сол кездегі жаттықтырушы Жан-Луи Гассе құрамынан кеткеннен кейін команданы қабылдап, күтпеген жерден елді тарихи жеңіске жеткізді.
2026 жылғы Африка Ұлттар кубогында бұл жетістікті қайталау мүмкін болмады. Команда ширек финалда жарыс жолынан шықты. Алайда әлем чемпионатына сенімді түрде жолдама алуы Фаэ жұмысының жемісі екенін көрсетеді.
Команданың әлеуеті жоғары
Кот-д’Ивуар құрамасы бүгінде Африкадағы ең мықты ұжымдардың бірі саналады. Команда жақында ғана құрлық чемпионы атанды, жаңа буын футболшылары қалыптасып келеді.
Шабуыл шебінде Амад Диалломен қатар небәрі 19 жастағы Ян Диоманде ерекше көзге түсуде. Ол қазір Германияның «Лейпциг» клубындағы ең жарқын ойыншылардың бірі саналады.
Жартылай қорғауда тәжірибелі Франк Кессье әлі де команданың негізгі тіректерінің бірі болып қала береді. Қорғаныста Гела Дуэ сенімді ойынымен ерекшеленеді.
Әр позицияда сапалы ойыншылардың болуы Кот-д’Ивуарды әлем чемпионатындағы қауіпті қарсыластардың қатарына қосады.
Эквадор құрамасы тарихында бесінші рет әлем чемпионатына қатысқалы отыр. XXI ғасырда бұл команда тек екі мундиальды ғана жіберіп алды. Бұған дейін үш рет топтық кезеңнен аса алмаса, 2006 жылы плей-оффқа шығып, тарихи нәтижеге қол жеткізген болатын.
Сол жылы эквадорлықтар топтық кезеңде Германиямен кездесіп, кейін 1/8 финалда Англияға есе жіберген еді.
Қорғанысы – басты қаруы
Эквадор әлем чемпионатының оңтүстікамерикалық іріктеу кезеңін екінші орынмен аяқтады. Команда 29 ұпай жинап, тек Аргентинаға жол берді.
Эквадордың басты ерекшелігі – мықты қорғаныс. Іріктеу кезеңіндегі 18 матчта олар небәрі бес гол ғана жіберіп алды. Бұл көрсеткіш бойынша бүкіл Оңтүстік Америкада теңдессіз нәтиже көрсетті.
Дегенмен шабуыл шебінде мәселелер байқалды. Гол соғу көрсеткіші бойынша Эквадор тек Перу мен Чилиден ғана жоғары тұрды.
Құраманың көшбасшысы
Эквадордың басты жұлдызы – Мойсес Кайседо. 2023 жылы «Челси» клубы оны 116 миллион еуроға сатып алып, футбол тарихындағы ең қымбат трансферлердің бірін жүзеге асырды.
Кайседо бүгінде әлемдегі ең мықты қорғаныс бағытындағы жартылай қорғаушылардың бірі саналады. Ол еңбекқорлығымен, сенімді ойынымен және алаңдағы тәртібімен ерекшеленеді.
Ұлттық құрама үшін де ол көшбасшы әрі негізгі тұлғалардың бірі.
Бьелса мектебінің шәкірті
Эквадор құрамасын аргентиналық маман Себастьян Беккасесе жаттықтырады. Ол кәсіби футболшы ретінде танылмағанымен, бапкерлік тәжірибесі жиырма жылдан асады.
Беккасесе өзін әйгілі Марсело Бьелсаның идеяларын жалғастырушылардың бірі санайды. Сондықтан Эквадор құрамасы да жоғары қарқынға, белсенді прессингке және батыл футболға негізделген ойын үлгісін ұстанады.
Тарихтағы ең мықты буын
Сарапшылар пікірінше, қазіргі Эквадор құрамасы – ел тарихындағы ең талантты буындардың бірі.
Мойсес Кайседо «Челсиде» ойнаса, Вильян Пачо – «Пари Сен-Жерменнің», Пьеро Инкапье – «Арсеналдың» негізгі ойыншыларының қатарында. Сонымен қатар Еуропаның жетекші клубтарына ауысуға жақын тұрған жас таланттар да аз емес.
Бұл жетістіктердің артында «Индепендьенте дель Валье» академиясының еңбегі жатыр. Соңғы жылдары дәл осы клуб Эквадор футболының басты кадр ұстаханасына айналып, ұлттық құраманың негізгі ойыншыларын тәрбиелеп шығарды.
Сондықтан қазіргі Эквадор құрамасы әлем чемпионатында кез келген қарсыласқа қиындық туғыза алатын ұжымдардың бірі саналады.
14 Маусым, 21:04
Президент ат қойған Ақниет пен Бөрте туралы не білеміз?8 Маусым, 16:10
Жолы болмаған чемпион: Германияға 30 жылдан кейінгі жеңісті сыйлаған Зверев кім?2 Маусым, 18:20
Ушу-саньда төңірегіндегі у-шу: Нұрсұлтан Тұрсынқұлов стипендия ала алмай жүр22 Мамыр, 12:15
«Егер кетпесем, кейін өкінетін едім»: Қытайдағы қазақ футболшысы Еуропадан қалай шақырту алды