27.04.2026
17:32
249
Жаңалықтар

Geely-дің алғашқы роботаксиі қандай болмақ

Қытайдың Geely, Afari Technology және CaoCao Mobility секілді ірі компаниялары Бейжің автосалонында болашақтың көлігі саналатын ерекше жобаны таныстырды.

Олар арнайы жолаушылар тасымалына арналған роботаксидің прототипін көпшілік назарына ұсынды. EVA Cab деп аталған бұл көлік 2027 жылға қарай сериялық өндіріске шығып, қала ішінде коммерциялық қызмет көрсете бастайды деп жоспарланып отыр.

Ең басты ерекшелігі – бұл автомобиль халықаралық классификация бойынша төртінші деңгейдегі автономды жүйемен жабдықталған, тиісінше көлік көп жағдайда жүргізушісіз-ақ қозғала алады.

Ерекше дизайн

EVA Cab сыртқы дизайнымен бірден көзге түседі. Алдыңғы бөлігі ұзартылып жасалған, шамдары жоғары орналасқан. Кузовы минивэн үлгісінде болғанымен, пішіні барынша аэродинамикалық етіп ойластырылған.

carscoops.com

Көліктің бүйірінде электрлі сырғымалы есіктер орнатылған, тұтқалары жасырын. Дөңгелек дискілері де жел кедергісін азайтатындай арнайы пішінде жасалған. Артқы бөлігінде ірі спойлер мен сыртқы байланысқа арналған қосымша экран орналасқан.

Жалпы алғанда, бұл көлік тек тасымал құралы емес, қаладағы цифрлық экожүйенің бір бөлігіне айналатындай әсер қалдырады.

«Смарт-кеңістік»

EVA Cab салоны төрт жолаушыға арналған. Ішкі кеңістік мүмкіндігінше жайлы әрі функционалды.

https://www.drive.com.au/

Орындықтардың арасында кең консоль бар, ал алдыңғы орындықтарды қажет кезде бүктеп, аяқ созуға қосымша орын ашуға болады. Төбесіне орнатылған Galaxy Skyroof панорамалық шынысы салонды жарық әрі кең етіп көрсетеді.

Көліктің ішінде жасырын түрде шығатын дисплей панелі бар, ал есік қаптамалары Drifting Galaxy стилінде безендірілген. Интерьерде табиғи ағаш элементтері қолданылған.

Ең қызығы, көлікпен байланыс толықтай жасанды интеллект арқылы жүзеге асады, бұл дегеніміз – жолаушы көлікпен «сөйлесе» алады деген сөз.

Технологиясы қандай?

Инженерлердің айтуынша, EVA Cab ең заманауи технологиялармен жабдықталған. Оның негізінде жасанды интеллектке сүйенген жаңа буындағы электронды архитектура жатыр.

drive.com.au 

Көлікте:

  • 2160 сызықты жоғары дәлдіктегі цифрлық лидар
  • автономды жүргізуге арналған L4 деңгейіндегі бағдарламалық жүйе
  • үш қуатты чип: NVIDIA SuperChip, NVIDIA Thor U және Qualcomm Snapdragon 8397 қолданылған.

Осы жүйелердің жалпы өнімділігі секундына 3000 триллион операциядан асады. Бұл – көліктің жолдағы жағдайды өте жылдам талдап, өздігінен шешім қабылдай алатынын білдіреді.

Қашан жолға шығады?

drive.com.au 

Жоба авторларының айтуынша, барлық сынақтар мен сертификаттау кезеңі аяқталған соң, EVA Cab 2027 жылдан бастап қала ішіндегі мобильді сервис жүйесіне енгізіледі. Тиісінше алдағы бірнеше жылда жүргізушісіз такси күнделікті өмірдің бір бөлігіне айналуы мүмкін.