Есте сақтау мен зейінді жақсартудың ең арзан әрі тиімді жолы табылды

Есте сақтау мен зейінді жақсартудың ең арзан әрі тиімді жолы табылды

Ажар Лаубаева
Фото: magnific.com

Кітап оқу адамның ой-өрісін кеңейтіп қана қоймай, ми саулығына да пайдалы болуы мүмкін. Кембридж университетінің ғалымдары осы тақырыптағы бірнеше зерттеуді саралап, кітап оқитын адамдардың зейіні мен есте сақтау қабілеті жақсырақ болатынын анықтаған. Оқу күйзелісті азайтып, адамның тынығуына да көмектеседі. Әсіресе жасы ұлғайған шақта кітап оқу миды сергек ұстауға септігін тигізеді.

Кітап оқудың миға қандай пайдасы бар?

Кембридж университетінің профессоры Барбара Сахакиан кітап оқуды миды шынықтыратын қарапайым әдеттердің бірі деп есептейді.

Кітап оқу миды сергек ұстауға, зейін мен ойлау қабілетін дамытуға және адамның өзін жақсы сезінуіне көмектеседі. Сондықтан баланы кітапқа кішкентайынан баулыған дұрыс. Бірақ кітап оқуды бастауға ешқашан кеш емес. Оның пайдасын адам кез келген жаста көре алады, – дейді ол.

Ғалымдар зерделеген еңбектерде кітап оқитын адамдардың зейіні мен есте сақтау қабілетіне қатысты жақсы көрсеткіштер байқалған. Сонымен қатар оқу адамның көңіл күйіне жақсы әсер етіп, күйзелістен арылуына көмектесетіні айтылады.

Соған қарамастан кейінгі жылдары балалар мен жасөспірімдердің кітапқа қызығушылығы азайып барады. PISA 2025 зерттеуінде де әлем бойынша оқушылардың мәтінді оқып, түсіну деңгейі төмендегені байқалған. Мамандар бұған бос уақытта кітап оқитын балалардың азаюы мен телефон, әлеуметтік желі секілді дүниелердің назарды жиі бөлуі әсер етуі мүмкін деп есептейді.

Мысалы, Ұлыбританияда 8-18 жас аралығындағы балалар мен жасөспірімдердің небәрі 36 пайызы бос уақытында кітап оқығанды ұнататынын айтқан. Ал он жыл бұрын олардың үлесі 58,6 пайыз болған.

Баланы кітапқа қалай қызықтырамыз?

Ғалымдардың айтуынша, баланы кітап оқуға баулу үшін бірден қалың роман ұстатудың қажеті жоқ. Ең дұрысы – оның өзі қызығатын дүниеден бастау.

Мәселен, бала белгілі бір фильмді, ойынды немесе кейіпкерді жақсы көрсе, соған жақын кітап тауып беруге болады. Комикс пен суретті кітаптар да жақсы бастама болуы мүмкін. Ең бастысы – кітап оқуды міндетке айналдырып жібермей, баланың өзіне ұнайтын дүниені табуына мүмкіндік беру.

Жасы ұлғайған адамдарға да пайдалы

Кітаптың пайдасы балалық шақпен шектелмейді. Ересектер арасында жүргізілген зерттеулер кітап оқудың күйзелісті азайтып, бойды босатып, тынығуға көмектесетінін көрсеткен. Көркем шығарма оқу өзге адамның ойы мен сезімін түсінуге де септігін тигізуі мүмкін.

Ал егде жаста кітап оқу миды үнемі жұмыс істетіп отырудың бір тәсілі саналады. Ғалымдар ойлануды қажет ететін істермен айналысып жүрген адамдарда жас ұлғайған сайын есте сақтау мен ойлау қабілетінің төмендеуі баяуырақ болуы мүмкін екенін айтады. Мұндай әдеттер деменция қаупінің төмен болуымен де байланысты.

Кітап клубтарының тағы бір артықшылығы бар. Мұнда адам оқығанын өзгелермен талқылап, пікір алмасады, жаңа адамдармен танысады. Бұл әсіресе жасы үлкен кісілер үшін маңызды.

Кітап клубтары адамның жалғыз қалмай, өзгелермен араласып тұруына мүмкіндік береді. Жасы үлкен адамдардың бәрі бірдей спортпен айналыса немесе белсенді шараларға қатыса алмайды. Ал кітап оқып, оны бірге талқылау көпшілікке қолжетімді, – дейді Барбара Сахакиан.

Кітаптың пайдасы жасқа қарамайды

Ғалымдар кітап оқуды ми саулығына пайдалы әрі қолжетімді әдеттердің бірі деп санайды. Дегенмен оқу кезінде мида қандай өзгерістер жүретіні әлі толық зерттелген жоқ.

Зерттеу авторлары баланы кітапқа ерте жастан баулудың маңызына назар аударады. Ол үшін мектептерде кітап оқуға қызығушылықты арттырып, кітапханалар мен кітап клубтарының жұмысын жандандыру қажет. Дегенмен кітаптың пайдасын көру үшін оны міндетті түрде бала кезден оқу шарт емес. Жасы ұлғайған адамдар үшін де кітап оқу миды сергек ұстап, тынығуға көмектеседі.

Оқи отырыңыз

{