21.05.2026
10:42
127

Еркебұлан Еңсегенов – Азия чемпионатының қола жүлдегері

Моңғолия астанасы Ұлан-Батырда таеквондодан (WT) ересектер арасындағы Азия чемпионаты басталды. Ерлер арасында 54 келіге дейін салмақта өнер көрсететін Еркебұлан Еңсегенов турнирдің қола жүлдесін еншіледі.

 Жарыстың алғашқы күнінде 20 жастағы отандасымыз Еркебұлан Еңсегенов ел қоржынына алғашқы жүлдені салды. Ерлер арасында 54 келіге дейінгі салмақта сынға түскен ол мансабындағы ең жоғары жетістігіне қол жеткізді. 

Құрлықтық чемпионаттың іріктеу кезеңінде Еркебұлан Қытай спортшысын, ширек финалда Филиппин өкілін жолдан ығыстырды. Ал жартылай финалда Иордания спортшысына қарсы өткен кездесуде, өкінішке қарай, 1:2 есебімен қарсыласқа жол берді. 

фото: Қазақстан таеквондо федерациясы

Айта кетерлігі, бұл Еркебұлан Еңсегеновтың ересектер сапындағы алғашқы Азия чемпионаты болатын. Еркебұлан жастар арасындағы бірнеше доданың жеңімпазы. Өзі турнирлерде Астана қаласы атынан сынға түседі. Болашағынан үлкен үміт күттіретін таеквондошылардың бірі. 

Азия чемпионаты 24 мамырға дейін жалғасады. Еңсегеновтен бөлек, 19 спортшы өнер көрсетеді. Маңызды турнир алдында құрама бапкері Есбол Сұлтанов мәлімдеме жасап, Азия чемпионатына тас-түйін дайындықпен келгенін айтқан. 

Бұл G4 категориясындағы маңызды турнир.Лос-Анджелестегі Олимпиада алдында рейтинг ұпайын жинауға таптырмас мүмкіндік. Сондықтан барлық қатысушы барын салып, Олимпиада жолдамасына ілігу жолында күреседі, – деді ол.

фото: Қазақстан таеквондо федерациясы

Ерлер арасында сынға түсетіндер: 

  • Жавохирхон Исламов (-58 кг);
  • Әзім Ниязов (-63 кг);
  • Самирхон Абабакиров (-63 кг);
  • Сұлтанбек Орынбек (-68 кг);
  • Елдар Бірімбай (-74 кг);
  • Мерген Ғаниев (-80 кг);
  • Батырхан Төлеуғали (-80 кг);
  • Мейір Нұрғазин (-87 кг);
  • Бейбарыс Қабылан (+87 кг).

Әйелдер арасында жарысқа қатысатындар:

  • Айдана Құмартаева (-46 кг);
  • Нодира Ахмедова (-49 кг);
  • Азиза Қаражанова (-53 кг);
  • Айдана Сүндетбай (-53 кг);
  • Тоғжан Қазынабек (-57 кг);
  • Камила Аймұқашева (-62 кг);
  • Аяулым Асқар (-67 кг);
  • Назым Махмұтова (+73 кг);
  • Ақсәуле Ерқасымова (+73 кг).
фото:Қазақстан таеквондо федерациясы

Таеквондодан Азия чемпионаты екі жылда бір рет ұйымдастырылады. Бұдан бұрын 2024 жылы Вьетнамның Дананг қаласында өтті. Сол тұста еліміз жалпыкомандалық есепте 8 орын алды. 57 келі салмақта Мария Севостьянова турнирдің күміс жүлдесін иеленіп, ел мерейін асырған еді. Енді Қазақстан құрамасы рейтингте алға шығу үшін барын салады. Оның үстіне осы чемпионатқа кіл мықтылар аттанды.