Жаңалықтар

Ербаян Мұхтардың неден көз жұмғаны белгілі болды

24.06.2026 11:04
Диана Орынбасар
Фото: instagram.com/ulpan.sovetbekovna

Денсаулық сақтау министрлігі Ұлттық шұғыл медицинаны үйлестіру орталығымен бірлесіп, Ұлттық ұланның бұрынғы әскери қызметшісі Ербаян Мұхтардың қайтыс болуына байланысты оның отбасы мен жақындарына көңіл айтты.

Ведомствоның мәліметінше, дәрігерлер үш жылға жуық уақыт бойы Ербаян Мұхтардың өмірін сақтап қалу үшін күрескен. Алайда ауыр бас-ми жарақатының салдарынан ми қызметінде қайтымсыз өзгерістер орын алып, науқасты аман алып қалу мүмкін болмаған.

Науқас Мұхтар Ербаян Хамитұлы 2023 жылдан бері мерзімді әскери қызметін өтеу кезінде алған ауыр бас-ми жарақатының салдарынан аса ауыр жағдайда болды. Ұзақ уақыт бойы тұрақты вегетативтік күй сақталды. Респираторлық қолдауды қоса алғанда, қарқынды терапия жүргізілгеніне қарамастан, өмірлік маңызды көрсеткіштердің біртіндеп нашарлауы байқалды. Атап айтқанда, қандағы оттегі сатурациясының төмендеуі, жүрек ырғағының бұзылуы және гемодинамиканың тұрақсыздығы тіркелді. Науқастың жағдайы аса ауыр күйінде қалды. Медицина мамандары тарапынан барлық қажетті реанимациялық және емдік іс-шаралар кешені толық көлемде жүргізілді, – делінген хабарламада.

Министрліктің хабарлауынша, Ішкі істер министрлігі мен Денсаулық сақтау министрлігінің қолдауымен Ербаян Мұхтар ем қабылдау үшін Түркияға жіберілген. Онда дәрігерлер бұрын қойылған диагнозды растаған. Мәліметке сәйкес, 2026 жылдың маусым айында негізгі сырқаттың аясында инфекциялық асқынулар пайда болып, сепсис пен көп ағзалық жеткіліксіздік синдромы дамыған. 23 маусым күні сағат 21:40-та науқастың биологиялық өлімі тіркелді.

Өлімнің тікелей себебі ауыр бас-ми жарақатының салдары мен оған қосылған асқынулар аясында дамыған көп ағзалық жеткіліксіздік синдромы болды. Науқас ең заманауи медициналық жабдықтармен жабдықталған палатада ем қабылдады. Оған заманауи дәрілік терапия жүргізіліп, ерекше күтім жағдайлары қамтамасыз етілді. Медициналық персонал емдеу мен күтімнің барлық қажетті көлемін қамтамасыз етті. Сондай-ақ науқастың туыстарының жан сақтау бөлімшесіне кіруіне мүмкіндік беріліп, сапалы медициналық көмек көрсету үшін барлық қажетті жағдай жасалды, – делінген хабарламада.

Еске салайық, Ұлттық ұланның бұрынғы әскери қызметшісі Ербаян Мұхтар 23 жасында өмірден өтті. Көзі тірі болғанда ол 27 маусым күні 24 жасқа толар еді.

Ербаян Мұхтардың оқиғасы 2023 жылдың соңында қоғамда үлкен резонанс тудырған болатын. Ол Ұлттық ұлан қатарында әскери борышын өтеп жүрген кезде ауыр бас-ми жарақатын алып, комаға түсті.

Әскери бөлім өкілдері сарбаздың дәретханада құлап, басын соғып алғанын мәлімдеген еді. Алайда оның туыстары бұл нұсқаға күмән келтіріп, Ербаянның жарақат алуына өзге жағдайлар себеп болуы мүмкін екенін айтқан.

Алматыдағы Орталық клиникалық ауруханада ем қабылдағаннан кейін Ербаян біраз уақытқа есін жиды. Жақындарының айтуынша, ол ишара арқылы өзіне күш қолданылғанын меңзеген. Кейін оған тағы бір ота жасалып, содан кейін қайтадан комаға түскен.

Алдымен Ербаян Алматыда емделсе, кейін Астанадағы Ұлттық нейрохирургия орталығына ауыстырылды. Шетелде ем қабылдауы үшін оның отбасы қаражат жинау науқанын бастаған болатын.

Қазақстандықтардың қолдауының арқасында 220 миллион теңгеден астам қаржы жиналып, 2024 жылдың күзінде Ербаян Түркияға оңалту және ем қабылдауға жіберілді. Біраз уақыттан кейін оның жағдайы жақсарып, оң өзгерістер байқалған еді. Алайда кейін дәрігерлер денсаулығының қайта нашарлағанын хабарлады.

Жақында Ербаянның жағдайы күрт ауырлап, ол шұғыл түрде Ұлттық шұғыл медицинаны үйлестіру орталығына жатқызылған болатын.

Оқиғадан кейін құқық қорғау органдары қылмыстық іс қозғаған болатын. Кейін Ербаянды емдеген медицина қызметкерлеріне қатысты да жеке тергеу басталды.

Оқи отырыңыз