Өмір үшін үш жыл күресті: Ұлттық ұлан сарбазы Ербаян Мұхтар көз жұмды

 Әлеуметтік желі
Фото: Әлеуметтік желі

Қазақстан жұртшылығына есімі кеңінен танылған Ұлттық ұланның мерзімді әскери қызметшісі Ербаян Мұхтар көз жұмды.

Қаралы хабарды оның анасы Гүлсім Камиева жеткізді.

Қазіргі уақытта Ербаянның нақты неден қайтыс болғаны ресми түрде жарияланған жоқ.

Еске салсақ, Ербаян Мұхтардың оқиғасы 2023 жылдың соңында қоғамда үлкен резонанс тудырған болатын. Ол Ұлттық ұлан қатарында әскери борышын өтеп жүрген кезде ауыр бас-ми жарақатын алып, комаға түсті.

Әскери бөлім өкілдері сарбаздың дәретханада құлап, басын соғып алғанын мәлімдеген еді. Алайда оның туыстары бұл нұсқаға күмән келтіріп, Ербаянның жарақат алуына өзге жағдайлар себеп болуы мүмкін екенін айтқан.

Алматыдағы Орталық клиникалық ауруханада ем қабылдағаннан кейін Ербаян біраз уақытқа есін жиды. Жақындарының айтуынша, ол ишара арқылы өзіне күш қолданылғанын меңзеген. Кейін оған тағы бір ота жасалып, содан кейін қайтадан комаға түскен.

Алдымен Ербаян Алматыда емделсе, кейін Астанадағы Ұлттық нейрохирургия орталығына ауыстырылды. Шетелде ем қабылдауы үшін оның отбасы қаражат жинау науқанын бастаған болатын.

Қазақстандықтардың қолдауының арқасында 220 миллион теңгеден астам қаржы жиналып, 2024 жылдың күзінде Ербаян Түркияға оңалту және ем қабылдауға жіберілді. Біраз уақыттан кейін оның жағдайы жақсарып, оң өзгерістер байқалған еді. Алайда кейін дәрігерлер денсаулығының қайта нашарлағанын хабарлады.

Жақында Ербаянның жағдайы күрт ауырлап, ол шұғыл түрде Ұлттық шұғыл медицинаны үйлестіру орталығына жатқызылған болатын.

Отбасының мүддесін қорғап жүрген заңгер Инга Иманбайдың айтуынша, Ербаянның ата-анасына ауруханадан қоңырау шалып, оның жүрегі тоқтап қалғанын хабарлаған.

Жарты сағат бұрын Ербаянның ата-анасы хабарласты. Оларға ауруханадан қоңырау шалып, жүрегінің тоқтап қалғанын айтқан. Ата-анасы сол кезде ауруханаға бара жатқан. Біз екі жыл бойы Ербаянның өмірі үшін бірге күрестік. Қазір қандай күйде екенімді сөзбен жеткізу өте қиын, – деді заңгер.

Оқиғадан кейін құқық қорғау органдары қылмыстық іс қозғаған болатын. Кейін Ербаянды емдеген медицина қызметкерлеріне қатысты да жеке тергеу басталды.

Оқи отырыңыз