19 Қараша, 15:00
Алты жыл күткен тарихи оқиға: Қазақстанда UFC турнирі қашан өтеді?Қазақстанда мемлекеттік органдардың азаматтарды әуре-сарсаңға салып, өтініштерін бір мекемеден екіншісіне қайта-қайта жолдауына тосқауыл қойылмақ. Енді жауапты ведомстволар шағымды неге өздері қарай алмайтынын заң жүзінде негіздеуге міндетті.
2026 жылғы 8 қарашадан бастап күшіне енген жаңа талапқа сәйкес, азаматтың өтініші мемлекеттік органдар арасында үш реттен артық жолданған жағдайда, тиісті мекеме оның себебін жазбаша түсіндіруі керек. Ол үшін өтінішті басқа органға жіберудің заңды негізін көрсетіп, екі мекеменің де өкілеттігін растайтын құқықтық нормаларға сүйенуі тиіс.
Яғни мемлекеттік орган азаматтың мәселесін өз құзыретіне жатпайды деп басқа мекемеге жібере салмай, мұндай шешімнің заңдылығын дәлелдеуі қажет.
Бір шағым, бірнеше мекеме, нәтиже жоқ
Азаматтардың өтінішін қараудағы кемшіліктер Президент Әкімшілігінің Өтініштердің қаралуын бақылау бөлімі жетекшілік еткен кеңесте талқыланды. Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінде өткен жиынға орталық мемлекеттік органдардың, құқық қорғау және сот органдарының, сондай-ақ әкімдіктердің өкілдері қатысты.
Өтініштерге жүргізілген талдау кейінгі жылдары азаматтардың мемлекеттік органдардан алатын жалпылама жауаптарына және шағымдарының бірнеше мекеме арасында қайта-қайта жолдануына қатысты наразылығы артқанын көрсетті. Мысалы, азамат өз мәселесін шешу үшін мемлекеттік мекемеге өтініш жазады. Бірақ бір мекеме оны екіншісіне, ал екіншісі үшіншісіне жолдайды. Осылайша, азаматтың мәселесі шешілмей, уақыт созылып, әуре-сарсаңға түседі.
Кеңесте Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитеті өтініштерді негізсіз қайта жолдау деректеріне қатысты статистика мен нақты мысалдарды ұсынды. Сонымен қатар мемлекеттік органдардың өкілдеріне Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексте көзделген жауапкершілік шаралары ескертілді.
Жылдар бойы бір өтінішті жазуға мәжбүр азаматтар
Жиында тағы бір өзекті мәселе көтерілді. Ол мемлекеттік қызмет алу үшін азаматтардың бір сұрақпен қайта-қайта өтініш жазуына байланысты. Кей жағдайда адамдар жылдар бойы бір мәселені көтергенімен, мемлекеттік органдардан мазмұны ұқсас, дайын үлгідегі жауаптар алып келеді. Ал өтінішке себеп болған мәселе сол күйі шешілмейді.
Кеңесте мұндай жағдайлар «жасырын мемлекеттік қызметтер» мәселесі аясында қаралды. Осыған байланысты мемлекеттік органдарға қайталанатын рәсімдерді автоматтандырып, қызметтерді проактивті форматқа көшіру ұсынылды. Бұл азаматтың белгілі бір қызметті алу үшін қайта-қайта өтініш жазуына жол бермей, мүмкіндігінше мемлекеттік жүйенің өзі тиісті қызметті ұсынуына жағдай жасауды көздейді.
Сондай-ақ ұзақ уақыт бойы шешімін таппаған күрделі мәселелерге жеке назар аудару қажеттігі айтылды. Әсіресе бір сұрақпен бірнеше мәрте жүгінген азаматтардың өтінішін қалыпты тәртіппен қараумен шектелмей, мәселенің түпкі себебін анықтау ұсынылды.
Мемлекеттік органдарға қандай міндет жүктелді?
Кеңес қорытындысы бойынша орталық мемлекеттік органдар мен әкімдіктердің басшылығына азаматтардың не себепті қайта-қайта шағымданатынын талдау тапсырылды. Жауапты мекемелер өтініштердің көбеюіне түрткі болған жүйелі кемшіліктерді анықтап, оларды жою үшін нақты шаралар қабылдауы тиіс.
Сонымен қатар азаматтардың шағымдарын сапалы қарау және оларды басқа мемлекеттік органдарға негізсіз жолдауға жол бермеу міндеті қойылды.
Дегенмен жаңа талап өтінішті басқа мекемеге жіберуге толық тыйым салмайды. Егер мәселені шешу басқа органның құзыретіне кірсе, өтініш тиісті мекемеге жолдануы мүмкін. Бірақ үш реттен артық қайта жолданған жағдайда мұндай шешімнің заңды негізі жазбаша көрсетілуі керек.
Осылайша, жаңа тәртіп мемлекеттік органдардың азаматтардың өтінішін қараудағы жауапкершілігін күшейтуге бағытталған. Ал оның іс жүзінде қаншалықты нәтиже беретінін шағымдардың қаралу сапасы мен қайталанатын өтініштердің азаюы көрсетеді.
19 Қараша, 15:00
Алты жыл күткен тарихи оқиға: Қазақстанда UFC турнирі қашан өтеді?12 Қараша, 14:42
Сән мен жылдамдық үйлесімі: әлемдік сән үйлері қолтаңбасын қалдырған бес автокөлік10 Қараша, 17:27
Картада болмаған құпия қала: Шағанның ұмыт қалған тарихы9 Қараша, 13:41
Әкімшілік айыппұл: тексеру, төлеу және шағымдану жолдары