Енді кредиті кешірілген азаматтар салық төлемеуі мүмкін

Енді кредиті кешірілген азаматтар салық төлемеуі мүмкін

Асқар Таудай
Фото: ЖИ көмегімен жасалды

Қазақстанда азаматтардың проблемалық кредиттері мен микрокредиттері кешірілген жағдайда оларды жеке табыс салығынан (ЖТС) босату ұсынылды. Тиісті түзету Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің төрағалығымен өткен Салық кодексін енгізу жөніндегі жобалық кеңсенің 30-шы отырысында мақұлданды.

Үкіметтің мәліметінше, жаңа бастама қарыз алушыларға қосымша талаптар қоймай, белгіленген лимиттер шегінде проблемалық берешекті кешіруді көздейді.

Қазіргі уақытта банктер жыл сайын несие портфелінің 10 пайызына дейінгі, ал микроқаржы ұйымдары 20 пайызына дейінгі проблемалық берешекті провизияларды төмендетуден түскен кірісті мойындамай есептен шығара алады.

Жаңа ұсыныс бойынша бұл лимиттер екі есеге қысқартылмақ:

Осы шектерде қарызы кешірілген жеке тұлғалар ЖТС төлеуден босатылады.

Ал белгіленген лимиттен асып кеткен жағдайда кредитор артық сома бойынша провизияларды төмендетуден түскен кірісті мойындап, салық агенті ретінде тиісті салықты төлеуге міндеттеледі.

Бұл барлық кредит автоматты түрде кешіріледі деген сөз емес. Ұсынылып отырған өзгеріс банк немесе микроқаржы ұйымы проблемалық берешекті кешіру туралы шешім қабылдаған жағдайда туындайтын салықтық міндеттемеге қатысты.

Жиында мақұлданған екінші түзету жеңіл өнеркәсіп кәсіпорындарын қолдауға бағытталған.

Атап айтқанда, өндірісті жергіліктендіру деңгейін арттыру туралы келісім жасасқан кәсіпорындарға корпоративтік табыс салығы, мүлік салығы, жер салығы және жер учаскелерін пайдаланғаны үшін төлемақы бойынша жеңілдіктер беру ұсынылды.

Алайда кәсіпорын келісім талаптарын өз кінәсінен бұзған жағдайда салықтық жеңілдіктер заңбұзушылық орын алған салық кезеңінің басынан бастап жойылады.

Сонымен қатар отырыста жеңіл өнеркәсіп кәсіпорындары импорттайтын маталарға қосылған құн салығын төлеу мәселесі көтерілді. Мемлекеттік кірістер комитеті өндірісте шикізат ретінде пайдаланылатын маталарды импорттау кезінде ҚҚС төлеудің қолданыстағы бөліп төлеу тетігін қолдануды ұсынды.

Мақұлданған екі бастама да Салық кодексіне енгізілетін өзгерістердің жалпы пакетіне қосылады. Әзірге бұл ұсыныстар заң жүзінде түпкілікті қабылданған жоқ.

Оқи отырыңыз

{