24.04.2026
16:35
119
Жаңалықтар

Елімізде Деректерді өңдеу орталығы алқабы құрылады

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жасанды интеллект бағытындағы Alem.ai халықаралық орталығына барып, оның қызметімен танысты. Ақорда мәліметінше, мұнда ғылыми зерттеулер жүргізіліп, білім беру бағдарламалары іске асырылып жатыр, сондай-ақ стартаптар мен түрлі технологиялық шешімдерді дамытуға мүмкіндік беретін орта қалыптасқан.

Орталықта жүзеге асырылып жатқан жобалар жасанды интеллектіні мемлекеттік секторда, бизнесте және күнделікті өмірде кеңінен қолдануға жол ашады. Бұл бастама Қазақстанды технологиялық тұрғыдан дамыған, заманауи әрі бәсекеге қабілетті елге айналдыруға бағытталған стратегиялық жоспардың бір бөлігі саналады.

Орталықты аралау кезінде Мемлекет басшысына отандық CryptoPay жүйесі арқылы еліміздегі алғашқы криптовалютамен төлем жасау процесі көрсетілді. Бұл – цифрлық қаржы технологияларын дамыту бағытындағы маңызды қадамдардың бірі.

Президент сондай-ақ alem.ai battle ұлттық байқауы мен мемлекеттік органдар арасында өткен AI Governance Cup жеңімпаздарын марапаттады.

Alem.ai battle байқауында үздіктер төрт номинация бойынша анықталды. AI Young Talents аталымында ағзадағы глюкоза деңгейін инвазивті емес әдіспен анықтайтын SuGuard жобасы үздік деп танылды. AI Driving Power номинациясында мұғалімдердің жұмысын автоматтандыруға арналған Ustaz AI шешімі жеңіске жетті. AI Innovators бағытында жасанды интеллект көмегімен қатерлі ісікті ерте кезеңде анықтауға мүмкіндік беретін Robio диагностикалық қолғабы үздік атанды. Ал Future Builders аталымында ЖИ-модельдерін оқытуға арналған сапалы деректерді жинап, қалыптастыратын NCSPEECH стартап сервисі жеңімпаз болды.

Сонымен қатар, Президент Astana Smart City жобасының іске қосылғанына куә болды. Бұл жоба қала инфрақұрылымын жаңа деңгейге көтеріп, интеллектуалды басқару жүйесін қалыптастыруға бағытталған.

Орталықта Presight.AI компаниясының бас директоры Томас Прамотедхам қаладағы түрлі жүйелер мен деректерді нақты уақыт режимінде біріктіретін бірыңғай AI-платформаны таныстырды. Оның айтуынша, мұндай технологиялар қаланы басқару тиімділігін арттырып, ресурстарды оңтайлы пайдалануға және тұрғындардың өмір сапасын жақсартуға мүмкіндік береді.

Жалпы, аталған жобалар мен бастамалар елдегі цифрландыру үдерісінің қарқынды жүріп жатқанын көрсетеді. Осы бағыттағы жұмысты жүйелі түрде жалғастыру үшін Мемлекет басшысы ірі инфрақұрылымдық бастамаға да тоқталды.

Келесі мақсат – елімізде Деректерді өңдеу орталығы алқабын құру. Аталған ауқымды жобаны іске асыру жаңа инвестиция тартуға және өңірлік цифрлық хаб ретіндегі позициямызды күшейтуге мүмкіндік береді. Жаппай цифрландыру және жасанды интеллектіні енгізу елімізді жан-жақты жаңғыртудың негізгі факторларының бірі саналады. Бұл мемлекеттік басқару жүйесінен бастап креативті индустрияға дейінгі салаларды қамтиды, – деді Президент alem.ai battle және AI Governance Cup жеңімпаздарын марапаттау рәсімінде.