Елімізде 8-9 млн теңгеге қандай көлік алуға болады?

Елімізде 8-9 млн теңгеге қандай көлік алуға болады?

Көктем Қарқын
Фото: changan-auto.kz

Қазақстанда қытайлық көліктердің қатары жыл сайын көбейіп келеді. Солардың арасында бағасы, сыртқы дизайны және техникалық мүмкіндіктері арқылы сатып алушылардың назарын аударған модельдердің бірі – Changan X5 Plus. Қазақстан нарығында бұл көлік ресми дилерлер арқылы CS35 Max атауымен ұсынылады.

«Kolesa KZ» тілшісі кроссоверді сынақтан өткізіп, 8-9 млн теңге шамасындағы бағаға қандай көлік ұсынатынын және оның күнделікті пайдалануда қаншалықты ыңғайлы екенін бағалады.

Сыртқы келбетімен бірден көзге түседі

Changan X5 Plus-тың басты ерекшеліктерінің бірі – дизайны. Көлікке қараған кезде көлемді радиатор торы, жарықдиодты шамдары, спорттық сипаттағы бамперлері мен қызыл түсті сәндік элементтері назар аударады. Артқы бөлігіндегі спойлер де модельдің спорттық бейнесін толықтыра түседі.

Кроссовердің ұзындығы шамамен 4,5 метр болса, дөңгелек базасы 2,7 метрге жуық. Яғни сырт көзге шағын көрінгенімен, көліктің ішкі кеңістігі жеткілікті.

Салонға кіргенде бірден бірнеше цифрлық экран көзге түседі. Алдыңғы орындықтар да ерекше дизайнда жасалған. Олар спорттық автомобильдердегі шелек тәрізді орындықтарға ұқсайды.

Алайда сыртқы әсерлі дизайн әрдайым жайлылықты білдірмейді. Тест барысында журналист орындықтардың арқаны толық қолдамайтынын байқаған. Сонымен қатар жастықшаның алдыңғы бөлігін жеке реттеу мүмкіндігі жоқ.

Негізгі нұсқада жүргізуші орындығы қолмен реттеледі. Ал қымбатырақ жинақтамаларда электрлі реттеу функциялары пайда болады.

Салон материалдары да әртүрлі. Алдыңғы бөлігінде жұмсақ пластик пен сәндік тігістер қолданылғанымен, кейбір жерлерде қатты пластик басым. Әсіресе артқы қатарда мұндай материалдар көбірек кездеседі. Орындықтар экобылғарымен қапталған.

Көліктің маңызды артықшылықтарының бірі – ішкі кеңістігі. Екінші қатарда отырған жолаушылар үшін аяқ қоятын орын жеткілікті. Орталық тоннельдің биіктігі де аса үлкен емес, сондықтан артқы ортаңғы жолаушыға кедергі аз.

Артқы орындықтардың арқалығын бүктеуге болады. Бұл жүксалғышқа көлемді заттарды орналастыруға мүмкіндік береді. Дегенмен барлық функция базалық нұсқада ұсынылмайды. Мысалы, артқы қатардағы орталық қол тірегі тек жоғары жинақтамада бар.

Жабдықталуы бағаға қарай өзгереді

Changan X5 Plus-тың тағы бір артықшылығы – жабдықталуы. Бағасы салыстырмалы түрде қолжетімді болғанымен, көлікте күнделікті пайдалануға қажетті бірқатар функция бар.

Мысалы, автоматты климат-бақылау физикалық батырмалар арқылы басқарылады. Сонымен қатар артқы көрініс камерасы мен парктроник қарастырылған.

Жоғары жинақтамаларда 360 градусқа шолу жасайтын камера, қозғалтқышты қашықтан іске қосу және бесінші есіктің электрлі жетегі сияқты мүмкіндіктер қосылады.

Фото: changan-auto.kz

Алайда көліктің қай нарыққа арналғанына да мән берген жөн. Қытай нарығына арналған X5 Plus нұсқасында Apple CarPlay мен Android Auto зауыттан орнатылмайды. Мультимедиа жүйесінің бастапқы интерфейсі қытай тілінде болады және оны жергілікті нарыққа бейімдеу қажет.

Бұл нұсқада радио қабылдағыштың да болмауы мүмкін. Ал Қазақстандағы ресми CS35 Max нұсқасында мультимедиа жүйесі қазақ және орыс тілдерінде ұсынылады.

Қозғалтқышы қуатты

Changan X5 Plus-тың техникалық сипаттамасы да назар аударуға тұрарлық. Кроссоверге 1,5 литрлік турбокомпрессорлы қозғалтқыш орнатылған. Оның қуаты – 181 ат күші.

Қозғалтқыш жеті сатылы, қос іліністі роботтандырылған беріліс қорабымен жұмыс істейді.

Журналистің бағалауынша, көліктің динамикасы осы баға санатындағы басты артықшылықтарының бірі. Кроссовер жылдамдықты жақсы жинайды, ал басып озу кезінде қозғалтқыштың қуаты жеткілікті сезіледі.

Рульде «Атака» деп аталатын арнайы батырма бар. Ол қозғалтқыштың мүмкіндігін барынша пайдалануға мүмкіндік береді. Яғни жүргізушіге жылдам үдеу қажет болған жағдайда көлік бірден белсендірек әрекет етеді.

Спорттық режимді қосқанда салонда қозғалтқыштың дыбысы да өзгереді. Динамиктер арқылы спорттық көліктерге тән шығару жүйесінің дыбысы имитацияланады.

Қозғалтқышы қуатты болғанымен, роботтандырылған беріліс қорабының өзіндік ерекшеліктері бар.

Фото: changan-auto.kz

Жол үстінде берілістерді ауыстыруы жылдам. Бірақ орнынан қозғалған кезде немесе артқы беріліске қосқанда кейде қысқа кідіріс байқалады.

Бұл әсіресе тұраққа қойғанда, тар жерде маневр жасағанда немесе кері қозғалғанда сезілуі мүмкін. Сондықтан мұндай қораппен бұрын көлік жүргізбеген адамға оған бейімделуге біраз уақыт қажет.

Жүрісі жаман емес, бірақ салонда шу бар

Кроссовердің жүріс бөлігі де сынақ барысында жақсы бағаланған. Көлік түзу жолда өзін сенімді ұстайды, бұрылыстарда тұрақты және алдыңғы аспасы жолдағы шұңқырларды жаман қабылдамайды.

Ал ірі кедергілерден өткен кезде жағдай сәл өзгереді. Әсіресе жылдамдық жоғары болса, артқы бөлік қатқылырақ сезіледі.

Соған қарамастан, Қазақстан жолдарының ерекшелігін ескерсек, Changan X5 Plus-тың аспасын осы сегмент үшін жаман деуге келмейді. Тест жүргізген журналист Алматы жолдарындағы сынақ кезінде оның жүріс бөлігіне оң баға берген.

Фото: changan-auto.kz

Көліктің әлсіз тұстарының бірі – дыбыс оқшаулауы. Жылдамдық артқан кезде дөңгелектің және жолдың шуы салонға анық естіледі. Ұзақ жолда бұл жайлылыққа әсер етуі мүмкін.

Көліктің өлшемін сезінуге қатысты да өзіндік ерекшелігі бар. Биік капот пен терезелердің орналасуы жүргізушіге автомобильдің шеткі нүктелерін бірден сезінуге мүмкіндік бермейді.

Артқы әйнек те салыстырмалы түрде тар. Сондықтан әсіресе қаланың тығыз жерлерінде тұраққа қою кезінде қосымша камералардың болғаны пайдалы.

Осы себепті журналист қалада жиі жүретін жүргізушілерге 360 градусқа шолу камерасы бар жинақтаманы таңдаған дұрыс деп есептейді.

Бәсекелестері кім?

Changan X5 Plus 8-9 млн теңге шамасындағы баға сегментінде жалғыз емес. Бұл санатта сатып алушы Chery Tiggo 4, Jetour Dashing, Geely Coolray, Haval Jolion, GAC GS3 және Geely Galaxy Cityray сияқты модельдерді де қарастыра алады.

Әрқайсысының өз артықшылығы бар. Дегенмен Changan X5 Plus-тың басты козырьлары – заманауи дизайны, кең салоны, 181 ат күшіне ие турбомоторы және жабдықталуының молдығы.

Ал кемшіліктеріне орындықтардың жайлылығы, робот қораптың кей жағдайда кідіруі, салондағы жол шуы және кейбір функциялардың тек қымбат жинақтамада ұсынылуы жатады.

Сондықтан бұл көлікті таңдағанда тек сыртқы дизайны мен қозғалтқыш қуатына емес, нақты жинақтамасына да назар аударған жөн. Әсіресе 360 градус камерасы, мультимедиа жүйесі және орындықтарды реттеу мүмкіндіктері күнделікті пайдалануда маңызды болуы мүмкін.

Оқи отырыңыз

{