Мәдениет

«Мәңгілік жасайтын өлең – шындықпен жазылған өлең»: ел сүйген «Бала Жамбыл» қайда жүр?

25.06.2026 17:11
Диана Орынбасар
Фото: ашық дереккөз

«Сарқытымын Жамбыл қарттың...» деп күмбірлеген домбыраның үнімен жыр оқып тұрған қара домалақ баланы бүгінде көпшілік ұмыта қойған жоқ. Шапан киіп, сахна төрінде именбей сөйлегені талай көрерменнің жадында қалды. Жүргізушілер оны «болашағынан зор үміт күттіретін жас ақын» деп таныстырса, көрермен «Жамбыл атаның сарқыты келгендей» деп ерекше ықылас танытты. Сөйтіп, ел арасында оған «Бала Жамбыл» деген ат берілді.

Ол кезде оның жасы небәрі жетіде еді. Алайда жеті жасында ел алдына шығып, шығармашылық кешін өткізуге дейінгі жол әлдеқайда ерте басталған болатын. Жамбыл Дүйсенов төрт жасынан өлең шығарады. Өз қатарластарынан ерекше зеректігімен көзге түсті. Мектеп бағдарламасын жылдам меңгеріп, оқуын үш жыл бұрын аяқтады. Кейін әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін небәрі он сегіз жасында тәмамдап шықты.

Бала күнінен танылған дарын иесінің әрбір жетістігі ел назарында болды. Ол республикалық мүшәйраларда топ жарып, телевизиялық жобалардың тұрақты қонағына айналды. Оның туған жер, тіл, тәуелсіздік, ұлттық рух туралы жазған өлеңдері үлкендердің де, жастардың да ықыласына бөленді. Алайда уақыт өте келе көпшіліктің көкейінде бір сұрақ пайда болды.

«Бала Жамбыл қайда кетті?»

Уақыт өте келе телеарналардың эфирінен жиі көрінетін бала ақын көпшілік назарынан алыстай бастады. Бір кезде республикалық мүшәйралар мен әдеби кештердің тұрақты қатысушысы болған Жамбыл Дүйсеновтің есімі сирек аталды. Әлеуметтік желілерде ара-тұра ғана: «Бала Жамбыл қазір қайда жүр?», «Немен айналысып кетті?» деген сауалдар қойылып жүрді. Көпшілік оны шығармашылықтан қол үзді деп ойлады. Алайда ақынның өмірінде сырт көзге көріне бермейтін үлкен өзгерістер болып жатқан еді.

Жамбыл ең алдымен білімге ден қойды. Мектепті қатарластарынан үш жыл бұрын аяқтап, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне оқуға түсті. Жоғары оқу орнын небәрі он сегіз жасында тәмамдаған ол шығармашылықпен қатар өмірдің жаңа белесіне қадам басты. Алайда оның сахнадан алыстауына тек оқу ғана себеп болған жоқ. Өміріндегі ең ауыр сынақ – жалғыз әпкесінен айырылуы еді. Ақын сұхбаттарының бірінде бұл кезеңді ерекше толқыныспен еске алады.

Жақын арада анамның сүтін бірге емген, егізімдей болған жалғыз әпкем мезгілсіз бақилық болды. Әпкем қайтыс болғаннан кейін шабытым мүлде жоғалып кетті. Өзімді қайда қоярымды білмедім. Бұл тек мен үшін емес, ата-анам үшін де ауыр соққы болды, – дейді ол.

Осы қайғыдан кейін Жамбыл ұзақ уақыт бойы көпшілік алдына шығуды доғарды. Шығармашылық кештері де сиреді. Бірақ ақынның айтуынша, ол ешқашан өлеңнен алыстаған емес.

Өлеңім – менің өмірім. Эфирден көрінбей кетсем де, өлеңнен қол үзген жоқпын, – дейді ол.

Ел іздеген «Бала Жамбыл»

Арада бірнеше жыл өткенде «Бала Жамбыл» есімі әлеуметтік желіде қайта жаңғыра бастады. Бұған себеп – асаба Шапағаттың жариялаған бейнеүндеуі болды. Ол бала күнінен теледидардан таныған ақынды арнайы іздеп жүргенін айтып, көпшіліктен көмек сұрады.

Бұрын біздің бала кезімізде осы бала теледидардың бетін бермейтін. Бір жыл бұрын да іздеп едім, таба алмадым. Естуімше, Алматыда тұрады екен. Жамбылды танитын, көрген адамдар болса, хабарлассаңыздар. Бізге Жамбыл керек. Халыққа көрсетейік. Қазір қандай болғанын білгіміз келеді. Маған күн сайын он шақты адам хабарласып, Жамбылды сұрайды, – деді жүргізуші.

@sharapat_asaba

Кім біледі🆘🆘🆘🆘

♬ оригинальный звук - sharapat_asaba

Бұл үндеу әлеуметтік желіде аз уақыттың ішінде кең таралып, миллиондаған қаралым жинады. Пікір қалдырғандардың басым бөлігі бала күнінде Жамбылдың өлеңдерін тыңдап өскендерін жазды. Бірі оның «Мен қазақпын» өлеңін жатқа оқып өскенін еске алса, енді бірі сол жырды бүгінде өз балаларына оқытатынын айтты. Бұл жай ғана танымал адамның жоғалып кетуі туралы қызығушылық емес еді.

«Халқыма қайта көрінгім келеді»

Халықтың іздеуі көп күттірген жоқ. Көп ұзамай Жамбыл Дүйсеновтің өзі де әлеуметтік желі арқылы байланысқа шығып, өзін іздеген жұртшылыққа сәлем жолдады.

Ассалаумағалейкум, қазақ елі! Қайтадан желіге шығып, халқыма көрінуге тырысып жүрмін. Елге аман-есен оралдым. Сахнаға да, әлеуметтік желіге де қайта шығып, поэзияммен халқымды қуантсам деген ниетім бар, – деді ақын.

@sharapat_asaba

Жарыққа шығарайықпа??Қолдайсыздарма🆘🆘🆘

♬ оригинальный звук - sharapat_asaba

Оның бұл видеосы да көпшіліктің ыстық ықыласына бөленді. Әлеуметтік желі қолданушылары ақынға ақжарма тілектерін жаудырып, жаңа шығармаларын асыға күтетіндерін жазды. Шапағат та Жамбылдың қайта оралуына қуанышын жасыра алмады.

Халық сені жақсы көреді. Халық сені сағынды. Енді қайтадан қауышатын күн де алыс емес, – деді жүргізуші.

Төрт жасында туған талант

Кейбір адамдар ақын болып қалыптасады. Ал кейбірі ақын болып туады. Жамбыл Дүйсеновтің өміріне қарағанда, оның тағдыры екінші пікірге жақын сияқты. Ол төрт жасында алғашқы өлеңдерін жаза бастады. Әрине, бұл жастағы баланың поэзия туралы түсінігі қалыптасып үлгермейді. Бірақ Жамбылдың өзгелерден айырмашылығы – сөзге деген ерекше сезімталдығы еді. Ұйқас табу, ойды бейнелі жеткізу, естіген дүниесін жүрегінен өткізу оған табиғи қасиет болып дарыған. Ақынның өзі де бұл қабілетті кездейсоқ дүние деп есептемейді. Оның айтуынша, өнерге деген сүйіспеншілік ең алдымен отбасынан басталған.

Әкесі – Жамбыл ауданының тумасы. Анасы – ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың туған өлкесі Қарасазда дүниеге келген. Өз сөзінде Жамбыл анасының Мұқағалимен туыстық байланысы бар екенін айтады. Алайда ақындықтың қалыптасуына ең үлкен ықпал еткен жан – әжесі.

Жамбылдың естелігінше, әжесі оны бесік жырынан бастап батырлар жырымен, халық дастандарымен, ертегілермен тәрбиелеген. Басқа балалар ұйықтар алдында ертегі тыңдаса, ол «Алпамыс батыр», «Қобыланды батыр», «Ер Тарғын» секілді эпостарды тыңдап өсті.

Мені кішкентай кезімнен батырлар жырымен, дастандармен өсірген – аға әжем. Егер бойымда ақындық қасиет болса, соның қалыптасуына сол кісінің тәрбиесі көп әсер етті деп ойлаймын, – дейді ақын сұхбаттарында. 

Қазақ «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» дейді. Жамбылдың бойындағы ұлттық рухтың, елдік тақырыпқа ерте қалам тартуының сыры да дәл осы отбасылық тәрбиеде жатқандай.

Жеті жасында жыр кешін өткізген бала

Қазақстанда өнерге ерте келген балалар аз емес. Бірі ән айтып, бірі домбыра тартып, бірі халықаралық байқауларда топ жарып жатады. Бірақ жеті жасында жеке шығармашылық кешін өткізіп, республикалық телеарналардың тұрақты қонағына айналған бала өте сирек. Жамбыл Дүйсеновтің есімі елге дәл осылай танылды.

Жеті жасында ұйымдастырылған алғашқы шығармашылық кеш оның өміріндегі үлкен белеске айналды. Сол кештен кейін жас ақын туралы ақпарат республикалық бұқаралық ақпарат құралдарында жиі жарияланып, түрлі телевизиялық бағдарламаларға шақырыла бастады. Қазақтың қара өлеңін нақышына келтіріп оқитын, ұлттық құндылықтар туралы ой толғайтын қара домалақ бала көрерменнің ықыласына тез бөленді.

Оның жасы кішкентай болғанымен, жырының жүгі ауыр еді. Ол махаббат немесе балалық қиял туралы емес, туған жер, ана тілі, тәуелсіздік, елдік рух туралы толғанды. Сондықтан жұртшылық оның өнеріне баланың ермегі ретінде емес, табиғат берген ерекше қабілет ретінде қарады. Көп ұзамай Жамбылдың алғашқы жыр жинағы жарық көрді. «Тәуелсіздігім – Тәңірден келген тәтті сыйым» деп аталған кітапқа он бес өлең енді. Кейінірек «Періштелік» атты екінші жинағы басылып шықты. Осылайша мектеп жасына жетер-жетпес уақытта оның қолынан екі кітап жарық көріп үлгерді.

@cooking_z #балажамбыл #ақынжамбыл #жамбылдүйсенов ♬ original sound - Cooking

Сол жылдары республика көлемінде өткен мүшәйралардың ешқайсысы Жамбылсыз өтпейтіндей көрінетін. Ол қатысқан байқауларда бірнеше мәрте бас жүлде иеленіп, әділқазылардың жоғары бағасына ие болды. Ақынның өзі бұл кезеңді қарапайым ғана еске алады.

Кішкентай кезімде көптеген мүшәйраларға қатыстым. Өмірімде екінші орын алып көрмеппін. Қатысқан жарыстарымның бәрінде бас жүлде бұйырды, – дейді ол.

Бұл сөз мақтану үшін емес, бала күнінен өзіне артылған жауапкершіліктің қаншалықты үлкен болғанын аңғартады. Өйткені халық ерте таныған таланттан әрдайым үлкен үміт күтеді.

Мұхтар Шахановтың бір ауыз аманаты

Жамбыл Дүйсеновтің шығармашылық жолында халық ақыны Мұхтар Шахановтың айтқан бір ауыз сөзі ерекше орын алады. Қызығы, ақын бұл аманатты алғаш естігенде Мұхтар Шахановтың өз жанында болмаған. Бір телебағдарламаға қонақ ретінде шақырылған кезде жүргізушілер архивтен алынған бейнежазбаны көрсетеді. Онда қазақ поэзиясының көрнекті өкілі жас ақынға қарата:

Жамбыл, шындығыңды жоғалтпа. Шыншыл ақын бол! – дейді.

Фото: коллаж AI / El.kz

Жамбылдың айтуынша, ол бұл сөзді алғаш рет сол эфирде естіп, қатты толқыған. Қысқа ғана айтылған осы тілек оның өмірлік ұстанымына айналды. Содан бері ол ақынның басты міндеті – жұртқа ұнау емес, шындықты айту деп есептейді.

Мәңгілік жасайтын өлең – шындықпен жазылған өлең. Егер ақын шындығын жоғалтпаса, ондай шығарма уақыттан қорықпайды, – дейді ол.

Ұлтын сүйген ұл

Бүгінде Жамбыл Дүйсенов есейді. Өмірдің қуанышын да, қиындығын да көрді. Ерте келген атақтың жауапкершілігін көтерді. Мақтауды да, күмәнді де бастан өткерді. Ең жақын адамынан айырылды. Бірақ қандай сынақ кездессе де, қолынан қаламын түсірген жоқ. Ол үшін поэзия – уақытша әуестік емес, өмірінің мәні.

Бәлкім, сондықтан да арада қанша жыл өтсе де халық оны әлі күнге дейін өз есімімен емес, «Бала Жамбыл» деп атайды. Өйткені бұл лақап ат оның жасын білдірмейді. Бұл – қазақ жұртының жүрегінен шыққан ықыластың, бала күнінде таныған талантқа деген құрметтің белгісі.

Ал ақынның өзі айтқандай, алдағы уақытта поэзиямен қайта қауышып, шығармашылық кештер өткізіп, оқырманымен жүздесуді мақсат етеді. Демек, халықтың сүйіспеншілігімен басталған шығармашылық жолдың жаңа кезеңі әлі алда болуы әбден мүмкін.

Оқи отырыңыз