ӘЧ-дегі алғашқы гол: Аббосбек Файзуллаев туралы не білеміз?

 championat.com
Фото: championat.com

Өзбекстан футбол құрамасы әлем чемпионатындағы тұсаукесер ойынын өткізді.  Команданың тарихи голын Түркияның «Ыстанбұл Башакшехир» клубында өнер көрсететін жартылай қорғаушы Аббосбек Файзуллаев соқты. Мұндай мәртебеге ие болған жас жүйрік кім, оның Еуропадағы аяқ-алысы қандай екеніне тоқталамыз.

Иә, Колумбиямен кездесуде 22 жастағы футболшыдан мұндай перфоманс күткендер аз еді. Бірақ оның талантты, болашағы бар ойыншы екеніне ешкім күмәнданбаған. Тек жанкүйерлер бапкер Канновароға команданың рухына айналған Жолладин Машариповты ертпегеніне кіжінген-ді. Десе де Өзбекстан құрамасы әлем біріншілігіне жай келмегенін, қолдан келгенін аяғып қалмайтынын көрсеткендей. Файзуллаевтың 60 минутта есепті теңестіріп, серпін бергені де соны нұсқайтындай. Әттеген-айы бес минуттан соң Луис Диас Колумбияны алға жетелеп, матчтың соңында оңтүстікамерикалықтар есепті еселегені бар. 

Спорт журналисі Олжас Байбосын да Аббосбектен мұндай гол күтпегенін айтады. Ол Өзбекстан сапынан алғашқы голды Эльдор Шомуродов соғады деп ойлаған. 

Иә, әлеуеті өте жоғары ойыншы. Ыстанбұл Башакшехир тарихындағы ең қымбат трансфер десек болады. Былтыр Баварияға ауысады деген әңгіме шыққан. Баварияға ауыса қоймас, бірақ бундеслигадағы Байер сияқты клубта ойнап кете алады. Жастар арасындағы Азия чемпионатында көптің көзіне түсті. Жастар арасындағы әлем чемпионатында доп тепсе, бүгін ересектер арасындағы әлем біріншілігінде ойнады. Атын өзбек футболы тарихында алтын әріппен жазды. Ары қарай сәттілік тілеймін! – дейді ол. 

Сырдарияда туған ұл

Аббосбек Файзуллаев 2003 жылы 3 қазанда Сырдария облысында дүниеге келген. Әкесі дәріханада жұмыс істесе, анасы үй шаруасындағы әйел болған. Бала кезінен кәсіпкер нағашысына жақын болады. Соның үйінде жүріп, футбол әліппесін үйренеді. Нағашысы АҚШ-та білім алған соң, жиеніне де ағылшына үйретіп, баулиды. Футболға ғашық бала аулада да, пәтерде де доп тебеді. 

«Пахтакор» академиясының түлегі

Оны 7-9 жас аралығында  Иброхим Умматов жаттықтырады. Янгиерде өткен балалар турнирлерінің бірінде оған скауттар байқап,  «Пахтакор» академиясына қаралымға шақырады. Алайда қаралым ойдағыдай өтпейді. Сөйтіп, ташкенттік клубтың бапкерлері Файзуллаевты үйіне қайтармақ болады. Алайда тағы бір мүмкіндік беріп, жолдастық кездесуде алаңға шығарады. Міне, қызық, осы ойында Аббосбек бес гол соғып, академия қатарына қабылданады.

Файзуллаев Өзбекстан Суперлигасында 17 жасында дебют жасайды.  «Пахтакор» сапында 2021 жылдың 6 мамырында «Туронға» қарсы матчта алаңға шығады.  Алғашқы голын 2022 жылдың сәуірінде Азия чемпиондар лигасында Сауд Арабиясының «Әл-Таавун» клубына қарсы кездесуде соғады. Ал өзбек чемпионатында сол жылы 29 маусымда гол соғып, жанкүйерін қуантады. Аталған маусымда  «Пахтакор» ел чемпионы атанып, Файзуллаев үздік жас ойыншы болады. Жалпы, Файзуллаевтың тұсында клуб үш мәрте Өзбекстан чемпионы болады. Үш маусымда «Пахтакор» сапында 33 матч өткізіп, 7 гол соғады. 

Жастар құрамасының бойтұмарына айналады

Файзуллаев «Пахтакор» академиясында жүргеннен-ақ Өзбекстанның жасөспірімдер және жастар құрамаларына шақырыла бастады. 2023 жылы ол Өзбекстанның 20 жасқа дейінгі құрамасымен бірге алғаш рет Азия кубогын жеңіп алады. Оны сарапшылар бірауыздан Азия кубогының үздік ойыншысы деп таниды. 

Оның алмастай жарқырай түсуі Еуропада ойнауына жол ашады. 2023 жылдың 4 тамызында Файзуллаев Мәскеудің ЦСКА клубымен үш жылдық келісімшартқа қол қояды. 19 тамызда «Динамоға» қарсы матчта дебют жасайды. «Армиялықтар» сапындағы алғашқы голын сол жылы 24 қыркүйекте «Ростовқа» қарсы ойында соғады. Дебюттік маусымында Файзуллаев ЦСКА үшін 4 гол соғып, 7 нәтижелі пас берді.

Екінші маусымында  Ресей Премьер-лигасының қола жүлдегері атанып, Ресей кубогы мен Суперкубогын жеңіп алды. Ойыншыға  «Баварияның» қызығушылық танытқаны туралы хабар БАҚ бетінде жиі жарияланды. Бірақ сол күйі Бундеслигадан ұсыныс түскен жоқ. Ол ЦСКА сапында ол 49 матч өткізіп, Ыстанбұлға аттанды

«Башакшехир» тарихындағы қымбат трансфер 

2025 жылы 30 шілдеде Файзуллаев «Ыстанбұл Башакшехир» клубына ауысады. Жай ғана ауысып қоймай, сондағы жерлесі Элдор Шомуродовпен шабуыл шебінде жарқырайды. Түріктер Аббосбектің трансфер үшін мәскеуліктерге  7,5 миллион еуро төлеп, бес жылдық келісімшартқа қол қояды. 

offside.kz

Жаңа командадағы дебюті Конференциялар лигасының іріктеу кезеңімен тұспа-тұс келеді. Ал 2025 жылдың қарашасында Түркия чемпионатында алғашқы голын соғады. Жалпы маусым барысында жартылай қорғаушы 20 матч өткізіп, 3 гол мен 3 нәтижелі пас береді. Нәтижесінде, «Башакшехир» бесінші орын алып, Конференциялар лигасына жолдама алады. 

Әлем чемпионатына іріктеу

Әлем чемпионатына іріктеу кезеңінде Файзуллаевтың орны ерек. Ол 2023 жылы 11 маусымда  Өзбекстан ұлттық құрамасы сапындағы алғашқы матчын Оманға қарсы өткізеді. Арада алты күн өткенде Тәжікстан қақпасына ұлттық құрамадағы алғашқы голын соғады. Кейін жас футболшы Азия кубогы-2023 турниріне қатысып, ширек финалға жетеді. Осы турнирде Файзуллаев екі гол соғады. 

2026 жылғы әлем чемпионатының іріктеу кезеңінде Файзуллаев Өзбекстан құрамасының негізгі ойыншыларының бірі болады. Оның КХДР құрамасының қақпасына соққан жеңіс голы командаға маңызды ұпайлар сыйлайды. Осылайша, Өзбекстан әлем чемпионатына тікелей жолдама алады. 

Төрт тіл білетін футболшы

Файзуллаев бала кезінен ағылшын тілінде еркін сөйлейді.  Сондай-ақ орыс және түрік тілдерін меңгереді. Бос уақытында ағаларымен бірге PlayStation ойнағанды ұнатады. Оны аласа бойына, дриблингіне қарап Лионель Мессимен салыстыратындар бар. Қызығы сол, Месси – Файзуллаевтың сүйікті ойыншысы. 

Колумбия қақпасына соққан голы оған әлем футболының есігін айқара ашты. Енді жаһан Өзбекстандай елде Аббосбектей футболшы бар екенін жақсы біледі. Оның үстіне 23 маусымда Португалияға қарсы ойнайды. Мүмкін Файзуллаев «Манчестер Ситидегі» Хусановтың жолын жалғап, топ-клубтың бірінде доп тебер. Өйткені әлем чемпионатының сиқыры біршама футболшыны шарпып өтетіні бар. 

Оқи отырыңыз