28 Қыркүйек, 15:55
Аутизм диагнозы қойылған әлемге танымал адамдарЕкі жыл бұрын Юнес Эбнуталиб Германияның төртінші лигасында доп теуіп жүрді. Ол кезде 23 жастағы шабуылшының араға аз уақыт салып Бундеслигада жарқырап, Германия құрамасының жейдесін киетінін ешкім болжай қойған жоқ.
2024 жылдың соңында «Гисен» сапында жүрген футболшы кейін «Эльферсбергке» ауысты. Одан Франкфурттың «Айнтрахтына» жол тартты. Ал 2026 жылдың қыркүйегінде Германия құрамасындағы алғашқы ойынын өткізді. Ұлттар лигасында Нидерландқа қарсы кездесудің (1:1) бірінші таймында жарақат алған Кай Хавертцтің орнына алаңға шығып, 60 минут ойнады.
Осылайша небәрі екі жылдың ішінде аймақтық лигадан ұлттық құрамаға дейін көтерілді.
Эбнуталибтің бұл жолы, бір қарағанда, ертегіге ұқсайды. Бірақ оның артында сәтсіздік те, аз жалақыны қанағат тұту да, қосалқы құрамда отырып, жарақатпен күресу де бар.
Италияда айына 800 еуро алып жүрген
Юнес Франкфуртта дүниеге келгенімен, бала кезінде бірқатар ұжымның табалдырығын тоздырды. Қаланың басты клубы «Айнтрахт» академиясы өкілдері оның бойындағы талантты бірден байқай қойған жоқ.
2016 жылы Франкфурттың «Рот-Вайсс» командасына қосылып, кейін «Хеддернхайм» мен «Кальбахта» ойнады. «Вееннің» 17 жасқа дейінгі командасында да 11 матч өткізген.
2022 жылдың күзінде жас шабуылшы тәуекелге барып, Германиядан Италияға аттанды. Ол кезде негізгі командасы В сериясында өнер көрсеткен «Перуджаға» қосылды. Алайда Юнес көбіне жастар құрамасында ойнады. Ересектер арасындағы футболда небәрі бір мүмкіндік алды – 2023/24 жылғы маусымның алғашқы турында С сериясында «Луккезеге» қарсы алаңға шықты.
Италиядағы өмір де оңай болған жоқ
Отбасынан жырақта жүрген футболшы жаңа ортаға үйрене алмады. Айына 800 еуро алатын, оның 450 еуросы пәтер ақысына кететін. Ойын тәжірибесі аз, ал алға жылжу байқалмады. Ақыры жарақат алғаннан кейін Германияға оралуды жөн көрді. Сол сәтте оның мансабы үлкен футболдан алыстап кеткендей көрінген.
Төртінші лигадағы мүмкіндік
2024 жылдың жазында Эбнуталибті төртінші дивизионда өнер көрсететін «Гисен» қатарына қосты. Дәл осы командада Юнеске тұрақты ойын тәжірибесі берілді. Жас футболшыға керегі де осы болатын.
2024/25 жылғы маусымның алғашқы бөлігінде 19 матчқа қатысып, алты гол соқты және екі нәтижелі пас берді. Ал бұл көрсеткіш елеусіз қалған жоқ.
Қысқы трансфер кезінде төменгі лигалардан талант іздеуге бейім «Эльферсберг» оны екінші Бундеслигаға алып кетті.
Алайда жаңа деңгейге бейімделу тағы да оңай болған жоқ. Юнес көбіне қосалқы құрамда отырды, кейде матч соңында ғана алаңға шығатын. Оның үстіне негізгі құрамдағы орынды «Хоффенхаймнан» жалға алынған Фисник Аслани берік ұстап тұрды. Ол маусымды 18 гол және 9 нәтижелі паспен аяқтады. Ал Эбнуталиб өзінің жұлдызды сәтін күтті. Сол сәт келесі маусымда туды.
Үш матчта үш дубль
Маусым басында Юнес тағы да көбіне қосалқы құрамнан ойынға қосылып жүрді. Бірақ төртінші турдағы «Гертаға» қарсы матч оның мансабын басқа арнаға бұрды. Эбнуталиб бұл кездесуде 90 минут ойнап, екі гол соқты. «Эльферсберг» 2:0 есебімен жеңіске жетті.
Келесі екі кездесуде де Юнес екі голдан соқты. Ал қазанда «Гройтер Фюрттің» қақпасына хет-трик жасап, командасының 6:0 есебімен жеңуіне үлес қосты.
Жыл соңына қарай оның еншісінде 12 гол болды. Кеше ғана төртінші лигада жүрген шабуылшы енді екінші Бундеслиганың сұрмергендер көшін бастады.
Оған Еуропаның басқа клубтары да назар аудара бастады. «Вильярреал» футболшыны бақылауға алды. «Вольфсбург» те қызығушылық танытты.
Бірақ Юнес үшін ең ерекше ұсыныс туған қаласынан келді – «Айнтрахт» оны 8 миллион еуроға сатып алды.
Бір кездері академиясына қабылдамаған клуб арада бірнеше жыл өткенде сол футболшы үшін миллиондар төледі.
Әлі де сене алар емеспін. Түс көріп жүргендеймін. Туған қаламның басты клубында ойнау – керемет сезім, – деген еді Эбнуталиб трансферден кейін.
Алғашқы матч, алғашқы гол және тағы бір сынақ
«Айнтрахттағы» дебюті сәтті басталды. Дортмундтың «Боруссиясына» қарсы кездесуде Йонатан Буркардт пен Миши Батшуайи жарақатына байланысты алаңға шыға алмады. Осылайша Эбнуталибке негізгі құрамнан орын тиді.
Ол мүмкіндігін пайдаланып, 3:3 есебімен аяқталған ойында гол соқты. Алайда қуаныш ұзаққа созылмады. Бірнеше күннен кейін «Штутгартқа» қарсы матчта (2:3) тізесін жарақаттап, екі айға қатардан шықты.
Ол емделіп жүргенде «Айнтрахттың» бапкері ауысты. Дино Топмеллер қызметінен кетіп, орнына Альберт Риера келді. Көктемде жаңа бапкер Эбнуталибке бар болғаны 21 минут ойын уақытын берді.
Жазда команданы Ади Хюттер қабылдап, жағдай тағы өзгерді. Жаңа бапкер Юнеске сенім артып, негізгі құрамнан орын ұсынды. Шабуылшы да сол сенімді ақтай бастады. Кубокта «Санкт-Тениске» қарсы кездесуде гол соғып, нәтижелі пас берді. «Унионның» қақпасына хет-трик жасады. «Аугсбургпен» ойында нәтижелі пас шығарып, «Фрайбургке» гол соқты.
Осындай бастамадан кейін Германия құрамасынан шақырту алуы заңды еді.
Германия ма, Марокко ма?
Эбнуталибтің халықаралық деңгейдегі таңдауы бөлек әңгіме.
Оның әкесі Файсал Эбнуталиб – марокколық. 1990-жылдары Германияға қоныс аударып, кейін осы елдің азаматтығын алған. Файсалдың өзі де үлкен спорттан алыс емес – 2000 жылғы Олимпиада ойындарында таэквондодан күміс жүлде иеленген.
Сондықтан Юнестің алдында екі таңдау болды. Ол Германияда дүниеге келгенімен, Марокконың жасөспірімдер құрамасында ойнаған. Тіпті 2026 жылғы әлем чемпионатына Африка құрамасының сапында барудан үмітті еді.
Наурыз айында Марокко құрамасының кеңейтілген тізіміне енгенімен, ақырында шақырту алған жоқ. Әлем чемпионатына баратын құрамнан да тыс қалды. Марокко құрамасының бас бапкері Мохамед Уахби сол кезде Юнестің әлі дайын емес екенін айтқан.
Кейін Германия құрамасынан ұсыныс түсті. Эбнуталиб ойланған жоқ.
Кім мұндай мүмкіндіктен бас тартады? Клопп құрамаға шақырса, келісуім керек, – деді шабуылшы.
Дегенмен ол Мароккодан да теріс айналмады.
«Уахбимен сөйлестік, бірақ ол аса маңызды әңгіме болған жоқ. Мен екі елді де жақсы көремін. Екеуін де өз Отаным санаймын. Марокко құрамасына әрі қарай да жанкүйер боламын», – деді Юнес.
Эбнуталиб несімен қауіпті?
Юнес – айып алаңында өзін еркін сезінетін орталық шабуылшы. Оның басты қасиеттерінің бірі – бос кеңістікті дер кезінде таба алады. Қапталдан әуеден берілген немесе төменнен бағытталған пастың қай жерге түсетінін жақсы сезеді. Допты көп ұстамай, бір жанасумен шабуылды аяқтауға тырысады. Осы маусымда дәл осындай үш гол соғып үлгерген.
Жылдамдығы да бар. Қорғаушыларды алдап өтіп, қақпашымен жеке-дара шығатын сәттерді жақсы іздейді. Қрсыласпен иық тірескенде дене күші де бар екені көрініп тұрады.
«Айнтрахттың» спорт директоры Тиммо Хардунг оны Германиядағы болашағы зор жас шабуылшылардың бірі деп бағалаған.
Ол көп жүгіруге дайын, физикалық тұрғыда қуатты және айып алаңында өз дегеніне жете біледі. Техникасы жақсы, шабуылды сәтті аяқтайды. Сол қасиеттерінің арқасында бапкерлер оны шабуылға еш қымсынбастан қосады, – деген Хардунг.
Юрген Клопп та шабуылшының еңбекқорлығы мен офсайд сызығында дұрыс әрекет ете алатынын атап өтті.
Дегенмен Эбнуталибтің әлі де жетілдіре түсетін тұстары да жеткілікті. Айып алаңында қауіпті болғанымен, шабуылды ұйымдастыруға көп араласа бермейді. Доппен төмен түсіп, комбинация құрудан гөрі, айып алаңындағы соңғы әрекетке көбірек бейім. Көбіне жақын тұрған серіктесіне пас береді немесе ұзын допты баспен түсіріп береді.
Сондықтан оның ойыны голға тым тәуелді. Егер соққылар голға айналмай қалса, команда шабуылына қосатын үлесі де азаюы мүмкін. Сондықтан оған айып алаңынан тыс жерде де пайдалы болуды үйренуді керек тәрізді.
Екі жыл бұрын төртінші лигада еді...
Бір кездері Италияда айына 800 еуро алып, оның жартысынан көбін пәтерге төлеген футболшы мансабын қайта бастау үшін Германияның төртінші лигасына оралды.
«Эльферсбергте» қосалқы құрамда отырды. «Айнтрахтқа» келгеннен кейін жарақат алып, тағы да тоқтап қалды. Сөйте тұра жас жігіт берілген жоқ.
Туған қаласындағы кезінде өзіне сенбеген клубқа оралып, Бундеслигада гол соқты. Ал небәрі екі жыл бұрын төртінші лигада жүрген шабуылшы 2026 жылдың қыркүйегінде Германия құрамасының жейдесін киді.
Енді Эбнуталибтің алдында одан да күрделі міндет тұр. Қысқа уақыттағы жарқылдың кездейсоқ емес екенін дәлелдеп, Бундеслигада тұрақты гол соғатын шабуылшыға айналуы керек.
28 Қыркүйек, 15:55
Аутизм диагнозы қойылған әлемге танымал адамдар13 Қыркүйек, 13:28
Қаскелең мен Шамалған атауы қайдан шыққан? Жоңғар қолбасшылары туралы аңыз11 Қыркүйек, 12:07
Бала көргенін қайталайды: танымал мультфильмдерді көрсеткенде ата-ана нені ескеруі керек11 Қыркүйек, 09:00
«Ұял» дегенде бетін басады: Челси есімді ит қазақша бұйрықтарды қалай үйренді?