«Егер кетпесем, кейін өкінетін едім»: Қытайдағы қазақ футболшысы Еуропадан қалай шақырту алды
Қытайдағы миллиондаған түлек үшін «Гаокао» емтиханы – болашаққа апарар жалғыз жолдың бірі. Ал Талпын Есдәулет сол емтиханға бір күн қалғанда бәрін тастап, Еуропаға кетуді таңдаған. Қазақ ауылында өскен 18 жастағы жігіт үшін бұл шешім тәуекел ғана емес, тағдырын толық өзгерткен қадам болды.
Бүгінде ол Сербия мен Словакиядағы қиын кезеңдерден өтіп, Польшадағы «Гриф» клубымен келісімшартқа жақын жүр. Қытайдан шыққан этникалық қазақ футболшысы El.kz тілшісіне берген сұхбатында Еуропадағы өмірі, жалғыздық, виза мәселесі, Қазақстанға деген көзқарасы және кәсіби футболдағы арманы туралы ашық айтты.
Қазақ ауылынан басталған арман
Талпын Қытайдың Шыңжаң аймағындағы Іле өңірінде дүниеге келген. Балалық шағы қазақ ауылында өткен. Оның айтуынша, футболға деген қызығушылық кішкентай күнінен басталған. Әуелде достарымен көшеде доп қуып жүрген қарапайым баланың бұл хоббиі уақыт өте өмірлік мақсатына айналыпты.
Кішкентайымнан спортқа жақын болдым. Әсіресе футболға қызығушылығым қатты еді. Алғашында достармен жай ғана көшеде ойнайтынбыз. Кейін уақыт өте футболдың мен үшін жай хобби емес екенін түсіндім. Бұл спорт маған еркіндік, мақсат және тәртіп берді. Содан бері футбол менің өмір жолыма айналды, – дейді Талпын.
@talpen7
Ол Қытайдағы футбол жүйесін де жақсы біледі. Айтуынша, инфрақұрылым мен мүмкіндік бар болғанымен, кәсіби деңгейге жету өте қиын.
Қытайда футбол инфрақұрылымы жаман емес. Мүмкіндік бар, футболға көңіл бөлініп жатыр. Бірақ бәсекелестік өте үлкен. Көп талантты жастар бар, алайда бәріне бірдей жол ашыла бермейді. Сол себепті кәсіби деңгейге жету үшін тек талант жеткіліксіз деп ойлаймын. Ең бастысы – тәртіп, тұрақтылық және дұрыс орта, – дейді футболшы.
«Кетпесем, өмір бойы өкінетіндей сезіндім»
Талпынның өміріндегі ең ауыр әрі ең маңызды шешім футбол алаңында емес, мектеп қабырғасында қабылданған. Қытай жастары үшін тағдыр шешетін «Гаокао» емтиханына бір күн қалғанда ол бәрін тастап, Сербияға кетуді таңдаған. Бұл шешім оның өмірін толық өзгертті.
Әрине қорқыныш болды. Өйткені алда не күтіп тұрғанын білмедім. Бірақ ішімде футболды соңына дейін байқап көру керек деген сезім өте күшті еді. Егер сол кезде кетпесем, кейін өмір бойы өкінетіндей көрінді. Сондықтан тәуекелге бардым. Ол менің өмірімдегі ең қиын әрі ең маңызды шешімдердің бірі болды, – дейді Талпын.
@talpen7
Бұл шешімді ата-анасы да бірден қабылдай қоймаған. Өйткені олар ұлының тұрақты өмір сүргенін қалаған.
Басында ата-анама да оңай болған жоқ. Кез келген ата-ана баласының қалыпты әрі тұрақты жолмен жүргенін қалайды ғой. Бірақ уақыт өте менің футболға жай қызығып емес, шынайы сеніммен қарап тұрғанымды түсінді. Қазір олар маған үлкен моральдық қолдау көрсетеді. Сол қолдау мен үшін өте маңызды, – дейді ол.
Сербиядағы жалғыздық пен үлкен футболдың шындығы
Қазақ ауылында өскен жас жігіт үшін Еуропаға жалғыз кету романтикадан гөрі өмірмен күреске көбірек ұқсапты. Сербиядағы алғашқы кезеңде тіл де, орта да, адамдардың менталитеті де бөтен болған.
Сербияға алғаш барған кезде жалғыздық қатты сезілді. Кейде ақша, құжат, тұрмыс жағынан да қиын сәттер болды. Бәрі жаңа болды: тіл басқа, орта басқа, өмір салты басқа. Бірақ қазір артқа қарап отырсам, сол қиындықтардың бәрі мені шыңдағанын түсінемін. Сол кезеңдер маған тәжірибе берді әрі мінезімді қалыптастырды, – дейді футболшы.
Талпын Сербия футболының деңгейі мен талаптары өзін қатты өзгерткенін айтады. Оның сөзінше, мұнда тек талант жеткіліксіз.
Сербия футболы өте қатал әрі кәсіби. Әсіресе тәртіп, агрессия, физикалық дайындық қатты байқалады. Жаттығуда да, ойында да бәрі өз орнын сақтап қалуға тырысады. Маған ең қатты әсер еткені – футболшылардың менталитеті. Олар өте аш, бәсекеге әрдайым дайын болады, – дейді ол.
«Қарапайым ортадан шыққан кезде көп адам сенбейді»
Талпын өзін алға жетелеген күш – өзін дәлелдеуге деген ішкі мотивация болғанын айтады. Оның сөзінше, қарапайым ортадан шыққан балаға көпшілік сене бермейді.
Менің басты мотивациям – өзімді дәлелдеу болды. Қарапайым ортадан шыққан кезде көп адам сенбейді. Бірақ мен өзіме мүмкіндік беріп көргім келді. Футбол арқылы өмірімді де, ортамды да өзгертуге болады деген сенім болды. Кейде дәл сондай сенім адамды алға сүйрейді деп ойлаймын, – дейді Талпын.
@talpen7
Қазір ол өзін еуропалық футбол мәдениетіне жақынырақ сезінеді. Өйткені дәл осы жерде футболдың қарқыны мен бәсекесін шынайы түсінген.
Қытайда футболға алғашқы қадамдарымды жасадым. Бірақ Еуропада футболдың басқа деңгейін көрдім. Мұнда интенсивтілік пен менталитет мүлде бөлек. Қазір өзімді еуропалық футбол мәдениетіне жақынырақ сезінемін. Себебі мұнда әр күн сен үшін күрес сияқты өтеді, – дейді футболшы.
«Қай жерде жүрсем де қазақ екенімді жасырмаймын»
Қытайда дүниеге келсе де, Талпын өзін әрқашан қазақ ретінде сезінетінін айтады. Оның сөзінше, мәдениет пен тіл оны Қазақстанға жақындата түскен.
Мен қазақ мәдениетімен өсіп, қазақ тілінде тәрбиелендім. Сондықтан қай жерде жүрсем де өз тамырымды жасырмаймын. Көп адам менің қазақ екенімді білгенде қызығушылықпен қарайды. Өз ұлтыңды мақтанышпен айту қалыпты нәрсе деп ойлаймын, – дейді ол.
Ол Қазақстан футболын да тұрақты бақылап отырады. Әсіресе ұлттық құраманың ойындарын жібермеуге тырысатынын айтты.
Маған Асхат Тағыбергеннің тәжірибесі мен мінезі ұнайды. Сонымен қатар Максим Самородов сияқты жас ойыншылардың дамуын қызық көремін. Қазір Қазақстан футболында өсіп келе жатқан жаңа буын бар сияқты. Бұл қуантады, – дейді Талпын.
Қазақстан футболы туралы пікірі қандай?
Қазақстан футболына сырт көзбен қарайтын ойыншы ретінде оның да өз көзқарасы бар. Талпынның айтуынша, Қазақстанда талантты футболшылар бар, бірақ жас ойыншыларды тұрақты дамытатын жүйе әлі де толық қалыптаса қоймаған. Оның пікірінше, көптеген футболшыға уақыт пен тұрақты мүмкіндік жетіспейді.
Меніңше, ең маңызды мәселе – тұрақтылық пен жүйе. Қазақстанда таланттар көп. Бірақ сол талантты ұзақ мерзімде дұрыс дамытып, тұрақты өсіру маңызды. Жас футболшыларға дұрыс орта мен тұрақты мүмкіндік керек деп ойлаймын, – дейді ол.
Сонымен қатар жас футболшы үшін ақша емес, тәжірибе бірінші орында болуы керек деп есептейді.
Әрине, ақша маңызды. Бірақ жас футболшы үшін ең бастысы – ойын тәжірибесі мен даму. Егер сен ойнамасаң, өспейсің. Қазір мен ең алдымен деңгейімді көтеруге және тұрақты ойнауға көңіл бөліп жүрмін. Қалған нәрсе уақытпен келеді деп ойлаймын, – дейді футболшы.
Польшадағы жаңа мүмкіндік
Қазір Талпын Польшадағы «Гриф» клубымен жұмыс істеп жатыр. Оның айтуынша, басты мақсат – тұрақты ойнап, келесі деңгейге көтерілу.
Қиын сәттерде бәрін тастап кеткім келген кездер болды. Әсіресе виза, құжат, қаржы мәселелері қатар келгенде оңай емес. Бірақ дәл сондай кезеңдерде адамның бұл жолды шынымен қалайтыны білінеді деп ойлаймын. Мен әлі де өзімді тоқтатқым келмейді. Әлі де алға қарай жүріп көргім келеді, – дейді ол.
Талпынның бала күнгі кумирі – Криштиану Роналду. Әсіресе португалиялық жұлдыздың еңбекқорлығы мен тәртібі оған ерекше әсер еткен. Ал жанкүйерлік ететін клубы – «Реал Мадрид».
Сөз соңында Талпын қазір бар назарын футбол мансабына аударғанын айтты. Ал жеке өмірін көпшілікке жария етпегенді жөн көретінін жеткізді. Осылайша Іле өңіріндегі қарапайым қазақ ауылынан басталған жас футболшының жолы бүгінде Еуропаның жасыл алаңдарында жалғасып жатыр.